Бүгінгі қазақтың жайлауы – Анталия мен Дубайдың арасы

/uploads/thumbnail/20170708190308470_small.jpg

Ел жайлауға  көшкенде...  Осы тіркес жаныма сондай жағады. Көшпелі халықтың ұрпағы болғандықтан, жайлау деген сөзді ести қалсам,  қанымның тітіргенгіш талшықтары қозғалып барып, дәрменсіздіктен қайта құлай қалатынын сезінемін. Заман өзгерген. Саяси жүйе мен арпалыстардың кесірінен қазақ та өзгерген. Біз бұрынғы бабаларымызша елдің жайлауға көшуін сағына күтпейміз. Біз үшін көш сондайлық көңілді салтанат болудан қалғалы  қашан? Ақиқатында қазақтың дәстүрлі әндерінің 80 пайызында көш салтанаты міндетті түрде тілге тиек болады. Демек, ол ұғым біздің ажырамас бір бөлігіміз болғандығын дәлелдеп жатудың өзі артық. Қос ғашықтың арасындағы  қимастық немесе  сағынысып табысу секілді махаббат сюжеттерінің барлығы ауылдың көшіп-қонуына қатысты баяндалады. Біз қазір жйлауға шықпаймыз. Желідегі құлынның кісінегіні мен көлеңке іздеп шыбындаған жылқының көрінісі көз алдымызда көлбеңдемейді. Бүгінгі қазақтың жайлауы- Анталия , Бодрум, Аланья, Хайнань аралдары, Тайланд,

Дубай мен Абу-Даби. Байқап қарасақ, бұрынғы қазаққа қарағанда бүгінгі қазақтың кеңістігі әжептеуір ауқымдалған. Жаз шыға салысымен жұлдыздарымыздың сол өңірде жүргенін жарыса жазамыз. Үкіметіміз пен қос палатамыздың өкілдері де  «жайлауға» шығып кетеді. Не керек, дәл қазір қазақ жері иен далада иесіз қалған жалғыз үй секілді. Мұнда қараша  халық қана қалған. Қалғандарының барлығы жайлауға шығып кеткен.  Байдың асын байғұс қызғаныптының кері секілді әсер қалдырып отырған боларымын. Бірақ мен ұққым келетін бір жай бар. Неге атқа мінген көкелер мен көгімізге көтерген жұлдыздарымыз демалысын шетелде өткергенді құп кереді? Біз оларды соншалықты жалықтырып жібердік пе? Жыл бойы машақат тартқызып, жаз келгенде бізді көргісі келместей «жайлауға» тайып тұратыны несі? Біздің дәл осы уақытта иесіз қалатынымызды жауларымыз біле ме екен? Шетелдегі жайлау оларға да, бізге де пана болмасы хақ. Одан да осы уақытқа дейін сол жайлауға шығындалған қазақстандық ақшалардың басын құрасақ, әлгі жақтағылар біздің жазғы қонысқа ағылар еді ғой. Көл десең көлі, шөл десең шөлі бар қазақ жерінен жеріп, неге басқа жайлауға көш бастап кетіп қала бересіздер, көкелер? Ми қайнаған ыстықта әміркен ақшаның теңгеге батырған тісіне байбалам сала алмай біз отырмыз. Ал сіздердің «жайлаудағы» жағдайларыңыз қалай, жақсы ма?

Айнұр Төлеу

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар