Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылдың он айында республика тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесін қорытындылады. Мониторинг нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 347 млн теңгенің қызметі түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.
Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Мониторинг нәтижесінде олардан 284 млн теңгеден астам қаржы қайтарып алынған. Консультативтік-диагностикалық көмек ұйымдары 11,7 млн теңгенің қызметін кемшілікпен көрсеткені белгілі болды. Қалған 11,9 млн теңгеден астам айыппұл жедел жәрдем, қан қызметі мен патологоанатомиялық қызмет субъектілеріне салынды.
– Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, көрсетілді деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар, – деді МСҚ Алматы филиалының Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі басшысы Әсем Манапбаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты бойынша) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады.
Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанада 178 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Олармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 117,3 млрд теңгеден асады.
Пікір қалдыру