Парижде 5,5 сағатта созылған «норманд төрттігінің» келіссөзі аяқталды. Сонымен Макрон, Меркель, Зеленский және Путин Донбасс аумағы бойынша қандай шараларды жүзеге асыратын болды? Париж келісімі бойынша ортақ коммюникеге қол қойылды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады .........
Сонымен «Қақтығыс аймағындағы жағдайды жедел реттеу туралы», «Минск келісімі бойынша саяси жағдайды жүзеге асыру туралы» және «Жалғасы бар» деп аталатын коммюникеге қол қойылды.
Қол қойылған келісім бойынша тұтқынға түскен екі жақтың барлық азаматтары келер жылдың соңына дейін түгелдей кері қайтарылады. Донбасс аумағына ерекше мәртебе беріледі. Сондай-ақ 2020 жылдың наурыз айынан бастап, Донбастың шекара бекетінен адамдар ары-бері еркін қатынау үшін үш пункт ашылады. Ал тұтқындарды алмастыру жұмысын Қызыл крест қоғамының өкілдері жүзеге асырады. Донбасс аумағында жергілікті мәслихаттың сайлауы өтеді.
Енді «норманд төрттігі» төрт айдан кейін қайтадан кездеседі.
Ресей президенті Париждегі кездесуді «өте пайдалы» деп атады. Сонымен қатар, ол Германия мен Франция басшыларына алғыс айтты.
–Бұл кездесу екі ел үшін де, сонымен қатар, бүкіл Еуропа құрлығы үшін өте маңызды. Біз мәселені шешуде дұрыс бағытта келе жатырмыз,-деді Владимир Путин.
Ал Украина президентінің уәжі қандай?
–Нақты жасалған қадамдар ғана шиеленіскен жағдайды дұрыстайды. Бұл әлем халқы үшін де өте маңызды нәрсе. Бірақ саммит барысында шешілмеген біраз мәселелер қалды. Ол келешектің еншісінде. Мұны біз алдағы уақытта бірлесіп отырып шешеміз деп ойлаймын. Донбасс аумағында болатын жергілікті мәслихаттың сайлауы тек қана Украина Конституциясы бойынша және ОБСЕ стандарттарына сай өтуі керек,– деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Енді аз уақыттан соң қол қойылған келісімді жүзеге асыру басталады.
Бұл билікке келгеніне бірер жыл болған Украина президенті үшін жеңіс пе? Владимир Зеленский бұл кездесуді «жеңіс те, жеңіліс те емес, тең түсу» деп бағалады.
Соған қарағанда, Зеленский бейбітшілікке қарай бір қадам ілгері басқанына қуанған тәрізді. Бірақ қалай айтқанда да бұл жеңіс емес. Мемлекетіңнің жерін біреу басып алып, оған статус әперу туралы мәселе көтеріп жатса, оның несі жақсы дейсің?!
...Құдай сақтасын!
Пікір қалдыру