Тұрғымбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме берді

/image/2019/12/13/crop-83_5_355x473_e4a2efbd-e7ac-4ca8-87ca-2db29a7d1aaf_cx0_cy2_cw0_w650_r1_s.jpg

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенділердің ұсталуына байланысты түсініктеме берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған оннан астам белсенді қамалған еді (Кейбір дерек бойынша олардың саны 20-дан асады). Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді "болдырмау амалы" деп есептейді.

- Біріншіден, митингілер әлі басталған жоқ... Бірақ [бұған дейін болған митингілер бойынша] әкімшілік материалдар бар. Ондай бізде күнде-күнде болып жатыр ғой. [Ұстаулар жайлы] Кім айтты сізге? - деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін бір топ белсенді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне барып, 16 желтоқсан қарсаңында өздерін қудаламауды, тергемеуді талап еткен. Ал полиция қылмыстық іс бойынша бөлімшеге шақырылып жүрген белсенділерді тергеушілердің "қажет кезінде шақыртатынын" айтып, заң аясында жұмыстарын жалғастыра беретінін айтқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп жүрген азаматтық белсенділерді қудалады деп жиі сынайды.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы Қазақстан тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар