Зайсандағы наразылық: Жандарбек Бекшин Қытай азаматтары туралы айтты

/image/2020/02/25/crop-37_2_507x676_200224175817588e-750x533.jpg

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Зайсандағы ахуалға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат дерегіне сүйеніп.

Жандарбек Бекшин әуелі өңірде коронавирус жұқтырмақ түгілі ондай күдікке ілінген ешбір адамның ауруханаға жеткізілмегенін мәлімдеді. Әрі шекарадағы бақылау қызметінің де жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. 

«Өткен аптада мен ҚХР-мен шекараны аралап, автокөліктік, темір жол өткелдерін қарап шықтым. Ол жерде нақты бақылау бар. Бақылауды күшейтіп, біз санитарлық 20 дәрігерді қосымша қостық. Сондықтан тәулік бойы шекарамыз тексеруде. Бізде ҚХР-дан автобуспен, темір жолмен, ресми түрде әуе жолымен қазір келіп жатқан жолаушылар жоқ. Осыған қарамастан қайталап айтқан елдерді нақты бақылауға алдық. Басқа елдерде коронавирус өршіп барады. Ол елдерден келушілердің келуіне кедергі қойып жатырмыз. Әрбір ұшақ бақылауда», – деді ол.

Осы ретте, аталған өңірде жұмыс істейтін қытай азаматтарына да байланысты сұрақ қойылды. Өз кезегінде бас санитарлық дәрігер кейін келген 4 адамның барын растай отырып:

«Ол азаматтар өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әлбетте олар өз лагерінде, яғни тұрғылықты жерде емес, қала сыртында жұмыс істейді. Егер олар қайтып келсе, олар өз жақтарындағы лагерьде 14 күндік карантиннен өтеді. Кейін келген 4 адам бар. Олардың карантиндері бүгін аяқталады. Ешқандай арыз-шағым жоқ», – деп қазір жағдайдың толық бақылауда екенін атап өтті. 

Еске сала кетейік, 19 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қарасты Сарытерек және Айнабұлақ ауылының тұрғындары ауыл амбулаториясының алдына жиналып, наразылық білдірді. Олар әлеуметтік желілерде тараған «Зайсан ауданында бір топ адам коронавирус жұқтырды. Қытаймен шекарада инфекция жұқтырған адамдарды ауыл амбулаториясында емдеу үшін алып келеді» деген ақпаратты естіп жиналған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар