Арнұр Дүйшембиева, тұрып жатқан жалғыз үйін ойрандап жатқан соң кеше таңертең қалалық тұрғын үй басқармасына келген екен. Алайда араша түседі деген басшы арызын тыңдамақ түгілі, өзіне тарпа бас салыпты. Бұл туралы «Қамшы» порталы «31» арнаға сілтеме жасай отырып хабарлайды. Шенеунік болса, келіншектің өзі бірінші болып қол жұмсады деп отыр.
“Мен шендіге үйді неге бұзғызып жатырсың, астында 4 баламен қаламын десем, “қалсаң қала бер, заңсыз тұрып жатырсың” дейді. Осында 9 жыл тұрып жатырмын, енді мен қайда барамын десем “қайда барсаң онда бар, үйіндінің астында қал”. Біз кінәлі емеспіз деп”, – жауап қатты дейді көп балалы ана Арнұр Дүйшембиева.
Ал, “Қалалық жылжымайтын мүлік” мекемесінің директоры, өзі қол жұмсамағанын, айқай-шу шығарған келіншекті керісінше тынышталдыр деп хатшы қызға бұйырғанын айтады.
Строчковтың айтуынша, Дүйшембиева үйді заңсыз салып алған. Ал мұқтаж екен деп кезексіз баспана алып беру қолымнан келмейді дейді. Алайда жетекшінің қарапайым азаматтармен сөйлесу мәнеріне өкпелілер де аз емес екен.
“Қабылдамайды, қол жұмсайды. “Қалалық жылжымайтын мүліктің” директоры Строчков өте дөрекі сөйлейді. Ал қыздары өзімізді қорқытады”, – дейді 2 топтағы мүгедек Гүлнәр Ыдырысова.
Шынымен шенеунік жүгенсіздік жасады ма, жоқ па оны құқық қорғау органдары анықтамақ. Осы жағдай бойынша зәбір көрдім деген көп балалы ана полицияға арыз түсірді. Әзірге, Арнұр Дүйшембиеваға 4 баласымен үйінді арасында өмір сүруге тура келетін сыңайлы.
Негізінде келіншектің тұрып жатқан жері Астана қаласының әкімдігіне тиесілі екен. Шенеуніктер ол орынға Алматы аудандық кірістер басқармасына арнап автотұрақ тұрғызбақшы. Сондықтан көп балалы ананың баспанасын заңдастыру екіталай деп отыр.
Гүлден ӘБДІБАҚЫТ
«Қамшы» сілтей