Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі өкілдерімен өткен төтенше жағдайға байланысты енгізілген қосымша қауіпсіздік жөніндегі брифингте айтылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі болғандай қауіпсіздік ережелері бойынша, 31 наурыздан бастап қоғамдық және жеке көліктердің қатынауы тоқтатылмақ.
Саябақтар, скверлер, жағалаулар, спорттық кешендер мен балаларға арналған ойын алаңдары жабылады. Мекемелер жұмысын тоқтатып, қосымша санитарлы посттар қойылады. Әуежай, аудандық және қалалық автобекеттер, ауданаралық қоғамдық көліктер өз жұмысын тоқтатады делінген.
Сонымен бірге, жеке тасымалдаушы көліктердің қозғалысына да тыйым салынып, тек ресми такси қызметін пайдалануға ғана рұқсат етілмек.
Індетте байланысты енгізілген ережені бұзған азаматтар 15 тәулікке қамауға алынып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда Алматы облысы бойынша шетелден келген 623 адам оқшауланған. Оның ішінде, 163-і стационарда, 460-ы үй карантиніне алынған. 360 адамның лабораториялық тексерісінің нәтижесінде 8 адамның ауру жұқтырғаны анықталып, олармен қатынаста болған 65 адам оқшауланған.
Пікір қалдыру