Маңғыстауда денсаулық сақтау ұйымдарының желілері жаңартылуда

/uploads/thumbnail/20170708191930310_small.jpg

Таяуда Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында ауданаралық аурухананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін 100 орындық Жаңаөзен перзентханасының, Бейнеу ауданының Ақжігіт және Мұнайлы ауданының Маңғыстау-5 ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың, Түпқараған орталық аудандық ауруханасы балалар және инфекциялық бөлімінің құрылысы аяқталады. Облыстық онкологиялық диспансерінің типтік ғимараты, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында 40 төсек-орындық перзентхана және 30 төсек-орындық туберкулез ауруханасы салынуда. Екі ірі медициналық кешенінің – облыстық аурухананың «Г» блогының (кардиохирургия бөлігі) және 150 төсек-орындық ана мен баланы қорғаудың өңірлік орталығының құрылысы басталды.

Маңғыстаудың табиғаты қытымыр келеді. Ауа райы қатал континеттік, өте құрғақ. Тұрақты өзен тармағы жоқ. Жер көлемінің көп бөлігін (кейбір қоңыр топырақты жерлерінде бұталы өсімдіктер өседі) жусанды, тұзды шөл дала алып жатыр. Сондықтан жергілікті қазақтар ілгеріде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Әсіресе, шөлге төзімді ойсыл қара баласы көп өсірілді.

Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап жергілікті халықтың өмір сүру дәстүрі күрт өзгерді. Осыдан дәл 50 жыл бұрын Жетібай кентінен алғаш мұнай фонтаны атқылап, халықтың қара алтынға қарық болғаны бар. Содан бері түбекте талай қалалар бой көтеріп, елдімекендер пайда болды. Ең алғаш болып 1963 жылы Ақтау қаласының іргетасы қаланды. Бұл – Каспий теңізінің дәл іргесіне салынған Қазақстандағы жалғыз қала, еліміздің теңіз астанасы.

Жетібай кентінен соң, Жаңаөзен жерінен де мұнай табылып, 1968 жылы Жаңаөзен қаласы құрылды. Бүгінде бұл — мұнайшылар қаласы. Бұл екі қаладан өзге Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылымында 5 аудан (Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандары) бар.

Халықтың өсіп-өнуі:

Маңғыстауда халық саны бұлайша тез көбеюінің екі себебі бар. Біріншіден, табиғи өсім де жаман емес. Ал екіншіден, көршілес республикалардан қандастар ағылып көшіп келіп жатыр. Бұл өңір Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы облысынан кейін оралмандарды қабылдау жағынан үшінші орында тұр. Облыста осылайша халық санының күрт өсуіне байланысты 2007 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мұнайлы ауданы құрылды. Өте қысқа мерзімде мұндағы халық саны 47 мыңнан 100 мыңға бір-ақ өсті. Халық санының өсу қарқынымен қатар аудан дамуына құйылған инвестиция да өсуде. Аудан құрылған 2007 жылы оны дамытуға барлық қаржы көздері есебінен 5,7 миллиард теңге бағытталды. Іс жүзінде осы қаражаттың барлығы ауданды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ағымдағы жылы Мұнайлыны дамытуға тағы 8,3 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бағытталып отыр. Бүгінде ауданда сапалық тұрғыдағы жаңа міндеттер шешілуде, бұлар – типтік әлеуметтік нысандар мен жолдар салу, мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту. Өткен жылы ауданның жаңа орталығы – Батыр ауылының құрылысы басталды. Соңғы екі жылда оны дамытуға 2 миллиардтан астам теңге жұмсалды.

Республикалық «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Батыр ауылының Емір шағын ауданынан оралмандарға арнап өткен жылы 2 пәтерлік 34 үй салынып, пайдаға берілген болатын. Ал таяуда тағы 50-ге тарта оралман отбасы баспаналы болды. Мұнда тұрып жатқан мектеп оқушылары әзірге көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқып жүр. Олар көп өтпей бұл қиындықтан да шықпақ.

Бұдан өзге «Ақтау Сити» қаласы құрылысының жобасын нақты жүзе-ге асыру ісі де мықтап қолға алынды. Жобаны іске асыру «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Алғашқы «Аққу» шағын ауданының алғашқы 6 үйінің құрылысы басталып та кетті. Таяу арада шағын ауданда екі мектеп (тұңғыш Президенттің зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін мектеп), спорт кешені, әрқайсысы 280 орындық үш балабақша, бизнес-орталығы мен тұрғын жай алабының толыққанды жұмыс істеуіне қажетті нысандар ажарландыра түспек. Қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген. Сонымен бірге «Аққу» девелоперлік компаниясы инвесторлармен бірге екінші шағынауданның жобасын дайындау мәселесіне кірісіп кетті.

Нұрзат Тоғжан

 

Қатысты Мақалалар