Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына 7 бірдей жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің өзі ұйытқы болғанын айта кету керек.
Аталған керуенді шығарып салу шарасына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, осындай қысыл-таяң уақытта мақтааралдықтарға көмек қолын созған азаматтарға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында тасқын судың бетін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Апат айтып келмейді. Мақтаарал ауданында дәл қазіргі уақытта қауіптің беті қайта бастады. Аталған аудан да мыңға жуық маман жұмыс істеп жатыр. 3,5 мыңнан астам тұрғын эвакуация орындарына жайғастырылған. Оларға біз барлық тиісті көмектерді көрсетуіміз қажет. Осы ретте елдің соның ішінде депутаттардың осындай бастама көтеріп, халыққа болысуы көңіл қуантады. Ең бастысы – халыққа сабыр мен төзімділік қажет. Алдағы уақытта тасқын судан келген шығындар толық есептеліп, жаңа үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделіп қалыпты өмір басталатынына сенімдіміз», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Айта кетейік, жалпы соммасы 21 млн. теңге болатын керуенінде азық-түлік тауарларынан бөлек, киім-кешек, жеке бас гигиенасына арналған тауарлар да жеткілікті. Яғни, керуенде 11,7 тонна ұн, 2,9 тонна күріш, 3,6 тонна қант, 2,8 тонна макарон, 1,5 тонна ет, 900 келі жуық сүт өнімдері, 2,8 тонна картоп, 1,7 тонна пияз, 1,3 тонна сәбіз және тағы басқа да азық-түлік өнімдері бар.
Аталған керуен түсауа Мақтаарал ауданы Атакент кентінде орналасқан арнайы қоймаға келіп жетеді деп күтілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікір қалдыру