Оңтүстік Қазақстан облысында археологтар ел тарихындағы тұңғыш әйел жауынгердің сүйегін тапты. Бұл туралы «Қамшы» порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оңтүстік қазақстандық археологтардың анықтауынша, әйел жауынгердің мүрдесі толық қаруланған күйі табылған. Алдын ала болжамдар бойынша табылған мүрде біздің дәуірімізге дейінгі 2 ғасырдан б.д. 4 ғасыр аралығында өмір сүрген болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта белгілі болғандай бұл мүрде – аргехологтар аз зерттеген Қаңлы мемлекетінің өкілі. Ал Қазақстан тарихы оқулықтарында осыған дейін Сақ патшайымынан өзге бірде-бір жауынгер әйелдің болмағаны туралы жазылған.
Қазіргі уақытта археологтар әйел жауынгер сүйегінің әр сантиметріне дейін елеп-екшеуде.. Шамамен оның жасы- 2300 жылды құрайды.
Әйелдің оң қолында темір жебенің екі түрі, садақ элементі, қанжар және кішкене пышақ, ал сол жағында үлкен қылыш, сүйектерден жасалған көптеген бұйымдар табылған. Кейбір заттарды мамандар әлі де анықтау үстінде.

Толықтай зерттеу жұмыстары аяқталған соң, табылған жауынгер әйелдің сүйегі ҚР Орталық мұражайына тапсырылады. Кейін әйел мүрдесіне және басқа да жәдігерлерге сараптама жасалатын болады.
«Осы Күлтөбе қалашығында екі мың жыл бұрын үлкен қала болған. 23 жыл арнайы экспедиция бұл жерден өткен дәуірдің жәдігерлерін тауып келеді. Қазір тағы бір қорғанды ашып жатырмыз. Бұл жерде әлі талай қызықты дүниелер табылатынына сенімдіміз»,-дейді зерттеушілер.


Нұрзат Тоғжан