Google компаниясы Қытай хакерлері АҚШ президент сайлауына байланысты хакерлік шабуыл жасағанын айтты. Бұл туралы Қамшы тілшісі Politico басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
– Жақында қытайлық және ирандық хакерлер АҚШ президенттік сайлау науқанына жауапты қызметкерлердің электрондық пошталарын нысанаға алды, – деп хабарлады Google компаниясының жоғары лауазымды қызметкері бейсенбіде.
Google-дың қауіп-қатерді талдау тобының жетекшісі Шейн Хантлидің сөзіне қарағанда, Қытайда орналасқан хакерлер Джо Байденнің сайлау науқанына қатысты қызметкерлердің шоттарын бұзуға тырысқан, ал ирандық хакерлер Трамптың сайлау науқанына қатысты жауаптылардың ақпаратына зиян келтірмек болған.
– Біз қолданушыларға мемлекеттік шабуыл туралы ескерту жібердік және біз федерацияның құқық қорғау органдарына жүгіндік, – деп жазды Хантли.
Бұл президент сайлау науқандарының хакерлік шабуылға ұшырауы туралы биыл болған соңғы оқиға.
Қазан айында Майкрософт Иран үкіметімен байланысқан хакерлер АҚШ президент сайлауының үгіт-нәсихатына байланысты адамдардың шотына шабуыл жасағанын хабарлаған.
Пікір қалдыру