Ерлан Нысанбаев: Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды

/image/2020/06/08/crop-87_7_378x503_103196906_1149038982142003_1904825701184565684_n.jpg

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Іле-Алатау ұлттық паркіндегі жерлер сатылмайды және шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейдідеді. Бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

"Құрметті қазақстандықтар!

Өздеріңізге белгілі, Алматы жұртшылығы Іле-Алатауы ұлттық паркінде эко-туризмді дамытуға қатысты мəселе көтерген еді.

Атап өтсем, 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік, оның ішінде АҚШ-тың табысты тəжірибесі негізінде ұлттық паркті дамытудың бас жоспары жасалды. Осыған орай, өз мойнына ұлттық парктің инфрақұрылымын қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту міндетін алған жауапты қазақстандық инвестор анықталды.

Бірден назар салатын жәйт, Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды! Өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді! Оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша тыйым салынған!

Ұлттық парктердің қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар: кəуапхана, абажадай мейрамханалар, сапасыз қызмет, сүреңсіз көріністер. Жағдайды түбірімен өзгертпей болмайды. Бірінші орында адам мен табиғаттың байланысы тұруы тиіс. Тиісінше, жолдарды, көру алаңдарын, өзен үстіндегі көпірлерді, табиғи үндестікті бұзбайтын шағын нысандарды салу керек. Осының бəрін жолға қоятын қазақстандық инвесторге жалға небәрі 35 га жер учаскелері пайдалануға берілді.

Инвестормен кезең-кезеңмен 10 заманауи визит-орталықтар салу, 155 км астам жаяу маршруттар жайластыру және тағы басқалар жоспарлануда. Жоба аралас салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді.

Инвестормен барлық жұмыстар қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асырылады, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленеді.

Айта кетерлігі, ұлттық парк бұрынғыдай кез-келген қазақстандық үшін қолжетімді болып қала береді. Ешқандай қоршаулар болмайды.
Осы апта бойы Алматы жұртшылығымен, белсенділермен, журналистермен кездестік. Халықтың барлық талап-тілегі ескеріледі. Нəтижесінде Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құратын болып шештік. Инвестордың барлық жұмыстарды сапалы түрде орындауын біз халықпен бірге қадағалайтын боламыз. Табиғатқа ешқандай залал келмейді. Ол қатаң түрде қадағаланады" делінген жазбада.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар