Шығыс Қазақстанда елорданың 22 жылдығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың ашылуымен атап өтіледі.
Жарма ауданының Қапанбұлақ, Қоңырбиік, Кеңтарлау ауылдары мен Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылдарына сапалы ауыз су келді. Мұнда жаңа сумен жабдықтау желілерін салу жобалары іске асырылды.
Мереке қарсаңында Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданының 4 ауылы мен Жарма ауданының 2 ауылында футбол, волейбол, баскетбол және көше жаттығуларына арналған спорт алаңдары ашылды.
Бородулиха ауданында «Jan”a Dem» мәдени-демалыс орталығы ашылды. Мәдени орталықтың ашылуын көптен күткен аудан тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болды.
Облыстың қала мен ауылдарында балалар алаңдары, абаттандырылған бақтар мен аллеялар салынды. Елорда күні қарсаңында салынған бұл нысандар халықтың есінде ұзақ уақыт бойы сақталатыны сөзсіз.
Астана күнінде Шығыс Қазақстан облысында бірқатар іс-шаралар өтіледі: Өскемен қаласы мен Жарма ауданындағы көпбалалы отбасыларға пәтердің кілті табысталып, жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында саябақ ашылады.
ШҚО ақпарат орталығы
Пікір қалдыру