Бүкіл әлемді дүрліктіріп, әлекке салған пандемия біздің елді де орасан зор дүрбелеңге салды. Барлық елдерде дәрігерлер осы індетпен алдыңғы қатарда болып, қауіпті дертпен жан аямай күресуде. Солардың қатарында біз де, Ақтөбе өңірінің дәрігерлері қатерлі вирустың салдарынан дертке шалдыққан науқастардың жанына араша түсіп, шамамыз келгенше аман алып қалуға тырысудамыз. Қолдан келген барлық мүмкіндіктерімізді аямастан, осы майданда жанқиярлық ерлік көрсетіп жүрген әріптестеріміз аз емес. Өкінішке орай, олардың бірқатары басқалардың өмірі үшін күресе жүріп, өздері осы індеттің құрбаны болды. Олардың ерлікке тән еңбегін бағалап, Сіз, Қасым -Жомарт Кемелұлы өз жарлығыңызбен жоғары мемлекеттік наградамен мараптаттауыңызды біз ерекше көңіл-күймен қабылдадық. Ақтөбе өңірі батыс аймағында медициналық кластер болып қалыптасты. Ортамыздан әлемге әйгілі болған шипагерлеріміз Аққағаз Досжанова, Ишанбай Қарақұлов, Жақсылық Досқалиев, Серік Ақшолақов сынды жерлестеріміз шыққан өлкеден, осы індетпен күресте соңғы демі қалғанша басқаларға жан арашашы болып жүріп, өзі де келмес сапарға кеткен әріптесіміз Қозбағаров Қалихан Есбосынұлына мемлекеттік жоғары марапат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берілуін, тек марқұмның жеке басына ғана көрсетілген құрмет қана емес, Ақтөбелік барша дәрігерлердің еңбегінің еленуі деп түсіндік. Сол үшін өзіңізге, қадырменді Қасым - Жомарт Кемелұлы Ақтөбелік барша медицина қызметкерлері қауымы атынан алғысымызды білдіргіміз келеді. Және осы індетпен күрес жолында біз жан аямастан қызмет етіп, науқастарымыздың саны азайып, біздің қарамағымызда жатқандарға тиісті медициналық көмегімізді беріп, тезірек жазылып қатарға қосылуларына қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіреміз. Өйткені біздің өңірдің оған толық мүмкіндігі бар, қажетті мамандарымыз, құрал-жабдық, тиісті дәрі-дәрмек жеткілікті. Жанға шипа болар жылы сөзіміз бен мейіріміміз де жетерлік. Өйткені біздің жасап жатқан еңбегімізді дұрыс бағалап, рахметін айтып жатқан халқымыз бар, тиісінше жәрдемін беріп қолдау көрсетуші басшыларымыз бар. Елдің ірі кәсіпорындары басшыларымен, кәсіпкерлеріміз, жүздеген еріктілеріміз, елдің азаматтары шынайы жанашырлық көрсетіп, әрдайым қол ұшын беріп, жәрдемдерін аямауда. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Ең бастысы елде мол түсінік, береке-бірлік бар. Ал бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ екендігі айдан анық. Баршаңызға осынау сынақтан сынбай, аман-есен өтуімізді тілейміз. Елдің амандығы, деннің саулығы болсын.
Ізгі ниетпен Ақтөбе өңірінің ақ желеңді абзал жандары, дәрігерлер қауымы атынан:
Қайрат Сабыр, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.
Роман Рахиев, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі төрағасы.
Роза Ізтілеуова, Ақтөбе облысы дәрігерлері мен провизорларының ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің президенті.
Пікір қалдыру