ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге жәрдемақы туралы Аружан Саинның ұсынысына жауап берді.
Аружан Саин 42500 теңгені отбасындағы бала санына қарай тағайындау қажеттігін айтқан еді.
Министр табысы төмен отбасылардың адам санына қарай тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек алатынын айтты.
– Қазіргі уақытта 128 мың отбасы немесе 660 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады, оның ішінде 442 мың бала бар. Олар да мемлекеттің кепілдендірілген әлеуметтік пакетін алады. Сондықтан, балалы отбасыларға әлеуметтік төлем саясаты жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, әр төлемнің негіздемесі болатынын түсіну керек. 42 500 теңге – мемлекеттің жұмыс істейтін азаматтарға деген аз да болса көмегі. Егер бір отбасында бірнеше адам жұмыс істесе, тиісінше әрқайсысына 42 500 теңгеден беріледі, – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, ол 42 500 теңге – еліміздегі жалғыз әлеуметтік төлем емес екенін айтты.
– Бізде бюджеттен 39 әлеуметтік төлем, ай сайын шамамен 300 млрд теңге төленеді. Оның ішінде 8 жәрдемақы мен 3 төлем – балалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бала туғанда берілетін төлем, бала күтімі және биыл бала санына қарай тағайындалатын жаңа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы енгіздік. Бүгінде 1 млн 700 мыңнан астам бала тәрбиелеп отырған 390 мың көпбалалы отбасы осы жәрдемақыны алып отыр, – деп атап өтті министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Пікір қалдыру