Сенатор Мамытбеков: Жауапты хатшылар институтын жою – революциялық шешім

/image/2020/09/03/crop-46_13_511x681_200903162403023e.jpg
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жауапты хатшылар институтын жою туралы шешім революциялық болып табылады. Бұл, аталған институт министрліктердің тұрақты жұмысы мен нақты кадр саясаты бөлігінде өзіне жүктелген үмітті ақтамауына байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты Сенат депутаты Еділ Мамытбеков осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдау күткендегідей болды. Бұл, әсіресе пандемия кезеңінде өте маңызды болды, ол экономикада да, әлеуметтік салада да бірқатар сырқат нүктелер мен жүйелі проблемаларды белгіледі. Бұл Жолдау, бір жағынан, белгілі бір дәрежеде революциялық, екінші жағынан, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың міндеттері мен нұсқауларын одан әрі дамытуға бағытталған эволюциялық болып табылатынын атап өткім келеді. Бұл жаңа Қазақстан құрылысының негізіне алынған мемлекет саясатының сабақтастығын көрсетеді. Атап айтқанда, ел Президенті мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі мен жаңа кадр саясаты қажет екенін атап өтті. Қазіргі үлгі қазіргі заманғы талапты толығымен қанағаттандырмайды. Осыған байланысты стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікті қайта құру, оған Статистика комитетін беру өзекті әрі уақтылы болып отыр. Менің ойымша, бұл іс жүзінде қолжетімді емес, ғылыми негізделмеген, қаржысы іс жүзінде құмға кеткен көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламаларды оңтайландыруға мүмкіндік береді», - деді сенатор. Е.Мамытбеков Президенттің мемлекеттік қызметті қайта саралау тапсырмасы туралы айтты. «Мемлекеттік аппаратты және мемлекеттік қызметшілер санын 2020 және 2021 жылдары 25 пайызға қысқарту туралы міндет қойылды. Бұл. мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Ал еңбекақы төлеудің факторлық-балдық жүйесіне көшу синэргетикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, жауапты хатшылар институтын жою туралы шешім революциялық болып табылады. Бұл аталған институт министрліктердің тұрақты жұмысы мен нақты кадр саясаты бөлігінде өзіне жүктелген үміттерді ақтамауына байланысты. Сонымен қатар, министрлер мен жауапты хатшылар арасында мүдделер қақтығысы жиі туындады, бұл мемлекеттік органның қызметіне теріс әсер етті. Бұл шешім тек пайдалы болады. Жолдаудың басты мазмұны экономикалық даму және халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Онда Мемлекет басшысы мынадай постулаттардан тұратын жаңа экономикалық бағытты айқындады: игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, адал бәсекелестік, жоғары технологиялық экономика мен адами капиталды дамыту, жасыл экономика мен экология мәселелері, негізделген шешімдер қабылдау және олардың қоғам алдында орындалуы үшін жауапкершілік болып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысына тікелей бағынатын бәсекелестік жөніндегі агенттік құру да өзекті екені ақиқат», - деді депутат. Сенатор атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың соңына дейін және 2021 жылдың бірінші жартысына дейін қабылдануы тиіс бірқатар заң жобаларын айқындады. Бұл энергетика, көлік әлеуеті, мұнай химиясы және басқалары туралы заң жобалары. «Жолдаудағы бүкіл бөлім шағын және орта бизнесті дамытуға арналған. Үкіметке шағын және орта бизнес үшін бірқатар преференциялар мен ынталандыру шараларын анықтау тапсырылды. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды тіркеу мақсатында экономиканың стратегиялық салаларында қолданылатын стратегиялық инвестициялық келісімнің бірыңғай құралын әзірлеу тапсырылды. Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібінде реттеу тетігін әзірлеу және квазимемлекеттік сектор қызметі үшін бірыңғай заң әзірлеу тапсырылды. Жалпы Жолдауда нақты міндеттер, шешу жолдары айқындалып, орындалу мерзімдері анық белгіленді. Біздің басты міндетіміз – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап көрсеткен барлық нәрсені орындау болып табылады», - деп түйіндеді ойын Е.Мамытбеков.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар