Аталған шара коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзін БҰҰ-ның бұрынғы Бас Хатшысы Даг Хаммаршельдтің "Біріккен Ұлттар Ұйымы бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған" деген қанатты сөзімен бастады.
Президенттің айтуынша, бастапқыда бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем халықтарын ортақ мақсаттар мен қағидаттар төңірегіне біріктірді. Қалыптасқан белсенді әрі кең ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі – соның айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің жаһандық сын-қатерлеріне алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, мультилатерализм қағидаттарына төнген қатерлерге, коронавирус пандемиясын ауыздықтаудың қиындығына, жаппай қаруланудың жаңа бәсекесіне қатысты қатерге, дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі құбылмалы жетістіктеріне назар аударды. Сондай-ақ Президент БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген пікірлерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
– Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру үшін бірге жұмылудың өте маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, осы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіріп, ортақ жауапкершілікті арттыру қажет.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сенімді көшбасшылық қызметіне ризашылық білдіріп, оның бүкіләлемдік Ұйымның тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыруға бағытталған іс-қимылдарын қолдады.
– Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Сонымен қатар, еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысады, – дейді Тоқаев.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның, шын мәнінде, бірден-бір, әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым деп есептейтінін білдірді.
Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Пікір қалдыру