Қытайдағы әскери парадқа 12 мыңнан астам жауынгер қатысады

/uploads/thumbnail/20170708192948080_small.jpg

Қытайдың орталығы Бейжіңде Жеңістің 70 жылдығына(Германия мен Жапония басқыншыларына қарсы) орай өтетін әскери парадқа жалпы саны 12 мыңнан астам сарбаз қатысады. Қазір Қытай ауқымды шараға дайындалып жатыр. Ал әскерилер болса, әзірлік шараларын үш ай бұрын бастап кеткен. Бұл туралы Қамшы" ақпараттық порталы  Baq.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 Қытай Халықтық азат ету армиясының бетке ұстар сарбаздары Бейжіңнің қапырық ыстығында үш айдан бері жаттығып келеді. 40 градуста жауынгерлер су болып терлейді. Кейбірі бұл қиындыққа шыдамай талып та жатты. Бірақ тәртіп қатал, талап жоғары. Сап түзеп адымдағанда қалт кетпес үшін, көздерін байлап, құмның үстімен жүреді. Жалпы Қытай ауқымды шараларды өткізгенде адам ресурсымен таңқалдырудан жалыққан емес. Бұл жолы да қыркүйектің үшіндегі әскери парадқа 12 мыңнан астам жауынгер қатысады.

 «Мен алғаш жалау ұстап жүру міндетін қабылдап алғанда үлкен жауапкершілікті сезіндім. Абыройлы істі мінсіз атқару үшін күні-түні жаттықтым. Дайындық барысында байрақтың сабын ауыр темірге айырбастап, орнықты адымдау үшін, жалаудың жоғарғы жағына су толы ыдыс қойдым. Сарбаздардың көбі 20 жас шамасында, мен 30-дан астым, сондықтан оңай болған жоқ», – дейді Әскери парадта ту ұстап жүруші Жаң Хуңжие.

 Биылғы парадта жаяу әскер төртке бөлініп өнер көрсетеді. Жеңістің 60 жылдығымен салыстырғанда бұл жолы сарбаздар саны азайтылған. «Бірақ сапаға көп көңіл бөлдік», – дейді ұйымдастырушылар. Айтпақшы биыл тұңғыш рет құрметті қарауыл қызметіндегі әйелдер әскери парадқа қатысады. Әскери сарапшылардың айтуынша, осы жылы дүйім жұрт Қытайдың ең озық қаруы саналатын, жетілдірілген Т99 танксін көре алады. Бұдан бөлек, Тяньаньмындегі шеруге 40 түрлі 500 техника, 20 түрлі 200 ұшақ шығарылады. Жалпы көрсетілетін техниканың 84% алғаш рет жұрт назарына ұсынылады. Осы шеруге Қазақстан Қорғаныс министрлігінің құрметті қарауыл ротасынан келген 100-ге жуық жерлесіміз де қатысады. Қазір олар қытайлық әріптестерімен бірге дайындық өткізіп жатыр.

 

 

Қатысты Мақалалар