Менің мұңым – адамдардың ішінде

/uploads/thumbnail/20170708193143253_small.jpg

                  Біздің қала

Алыстан сұрасады қалын біліп,

Табылмас тарыққанда дос қасынан.

Бір кезгі ыдырайды қалың жігіт,

Ажырап арпа-бидай қоспасынан.

 

Көңілдер сағынысқан салқындайды,

Шаруасы, өз отбасы ауқымданып.

Сұраулы сағат тілі сартылдайды,

Шешімдер ізделеді дау шыңдалып.

 

Аса алмай аумағынан арықтайды,

Баяғы бақытты шақ тамсандырар.

Күй тынып, дәстүрлі айтқан ән ықтайды,

Бала жоқ осы күнде талқан құмар.

 

Дос түгіл, әке-бала сағыныспас,

Жұмыспен іздеседі мысы құрып.

Көңіл де баяғыдай алып ұшпас,

Ойламас көптің қамын іші бұрып.

 

Дүние  суық қабақ оқшауланған,

«Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз».

Пейіл жоқ күйіп-жанып досқа аударған,

Күн қайда табысатын жадырап тез?

 

Қамтитын барша жұртты текті қайда,

ыршымас,

желі шыққан доп секілді.

Адамдар бұрып кетті бетті қайда?

Алдамшы сезім солып, дос сетілді.

 

Жауабы ақшада ма, басқа да ма?

Тұрған жоқ ешкімге ешкім еміреніп.

Тас жүрек жарасқандай тас қалаға,

Қойғандай көшесіне темір егіп...

 

ОЙ САНАМА, ҚОЙ САНА!

 

Сенім әр қилы дін ала халық,

Қырық құрақтан құрама қалып.

Дәстүр тастанды, батыс бассалды,

Барамыз дәлдүріш дүбәраланып...

 

Айтпайды ақ жолды тірі ме «біл!» – деп,

Жетпесе болғаны түбіме індет.

Әдепсіз дөкір әлек салуда,

Сарқылған санада тіліме құрмет.

 

Жұмсақ мінезді жуырда таппайсың,

Әлсізді мінеп жездей қақтайсың.

Нәпсі құлына айналған нақұрыс, –

«Көпір» деп қойылған  шіріген тақтайсың...

 

Оңып тұрғам жоқ мен де ынжықпын,

Ілгері бастырып нені жылжыттым?

Ізгілер тобын толтыру қайда?

Су құя алмадым ініне сұмдықтың.

 

Езілдім, өртендім, дәрменсіз бейшара,

Тоқырап торықты түңіліп ой-сана.

Адам баққандар арам өледі, –

Онан да шет жайлап мыңғыртып қой сана!

 

ӘТТЕҢ, ӘТТЕҢ!

 

Отыз дейміз, елу дейміз енерміз,

Деп айтуға мүмкін болар: «ең ерміз!».

Ертең деген бір Алланың қолында,

Не боларын білмейміз ғой келер күз.

 

Меже, жоба, көмбе керек баратын,

Қағылғаны дұрыс болар қанатың.

Ақшаменен өлшенбейді алайда,

Көркем мінез, иман қайда, Ана тіл?!

 

Діңі жуан, биік болсын Бәйтерек,

Деп келесің басқаларға бай теңеп.

Сырты бүтін, іші түтін, не бетім, –

Өзегінде шірік болса қайтер ек?

 

«Ел» – дегенің адамдардан тұрады,

Сол инсанның болса нешік кір ары?

Жүректері қоқыс алаң секілді,

Қорғамайды ішкі әлемін қырағы.

 

Өлшеп жүрміз биіктікті қалтамен,

Өлшеп жүрміз үлкендікті картамен.

Кемелдікті көрсетеміз кендермен, –

Күштілікті бағалаймыз балтамен.

 

Адамдардың сеніміне септігі, –

Болатындай не істедің Бек, бүгін?

Миллионер тізіміне ілінсең,

Жар саласың деп өзіңді «тектімін»...

 

Құндылықтар көкіректен құрыған,

Ұят өліп, ұмытылған қыбылаң.

Адамдарды алтыбақан араз қып, –

Қозғап жүрсің, ырың-жырың құры лаң.

 

Пенде қорқау бірін-бірі талардай,

Кездескенде өтпейді олар алармай.

Жеп отырған алдындағы асына,

У секілді ұмсынады тамардай.

 

Өшпенділік керіп кеткен тамырын,

Сыздатады бауырында тағы ірің.

Ізет, иба, ілтипаттан қалғанбыз,

Өзі болып барамыз біз тағының...

 

Ұрандаймыз кеңірдекті кенейміз,

Ақыл азған, сезім қатқан, кем оймыз.

Руханият соншалықты сорланып, –

Көркемдік пен махаббаттан кедейміз.

 

Мақтанайық, өстік-бөстік, өрледік,

«Отызыңмен» шығайық та төрге еріп.

Ұстыны жоқ, ұсқыны жоқ дүбара, –

Болсаң оның қажеті не боркемік!

 

Тегімізді бір ғасырда тептірдік,

Жанымызға жат шырмауық ектірдік.

Күркешеде мүгедектер мүңкиді,

Сол баяғы болғанымен көк түңлік.

 

Ұқсағанмен бәрі бірдей пошымы,

Бола алмай жүр бірге туған дос-іні.

Қалма дейсің, алға дейсің, байлыққа,

Пенделердің ындынынан шошыдым!..

 

Селқостық пен немкеттілік билеген,

Саналарды сиқыр ине түйреген.

Менмендіктің мыс таулары асқақтап,

Имандылық алтын тауы күйреген.

 

Менің мұңым – адамдардың ішінде,

Мендегі үрей – даңғойлардың ісінде. –

...бірте-бірте бөтенденген сөзінде,

Қорқынышым – обыр, жемір тісінде!

 

Отыз дейміз, елу дейміз жетерміз,

Ішкі бауды іріттік-ау бекер біз!

Бұл халықтың бұлттамасын аспаны, –

Бізді қойшы, дәм таусылса кетерміз!

 

АДГОНДАҒЫ АҚЫНҒА

 

Бөлініп оқшау аймақтан ақын,

Қиырда жылдап, ай жатқан ақын.

Ерттеп мінесің ақтанкеріңді,

Өріске айдап қой баққан ақын.

 

Ата-ана қамын ойлатқан ақын,

Қой сойып жұртты тойлатқан ақын.

Тыныш дала да мыңғыртып малын,

Маңыратып қозы, қой баққан ақын.

 

Қалада мынау кептелген көлік,

Тастаған жұртты түтінге көміп.

Бір-бірін адам шайнап бүркердей,

Ала көз ашу кектенген төніп.

 

Кеңсеге тап-тар қамалған ақын,

Сақалы, шашы ағарған ақын.

Ала қағазбен ала миланып,

Айлықты аңсап қадалған ақын.

 

Тапқаны тапшы жолына, шайға,

Жұбайдың жетпей қолына пайда.

Өтпейді өлең соқыр тиынға,

Өмірі иттей сорына сай ма?

 

Қалада ақын қамыққан жүдеп,

Тағдыры мұңлы талыққан жүрек.

Әкірең әкімдей сұғанақтанумен,

Алатын ақша жоқ халықтан күреп.

 

Тайғанап бетте сойдақтап атың,

Еркіндік сенде жайдақ шабатын.

Алдыңда қойың, басыңда ойың,

Бұл күнде сен жеңдің, қой баққан ақын!..

 

БІР ЖАҚҚА

 

Көліктер құйғытады өсіпті екпін,

Келеді Алматыдан көшіп кеткім.

Таң атса, кеш батады сенделіспен,

Бірі боп өтіп барам бөсіп көптің...

 

Өмірім жұмыс пен үй арасында,

Мұрша жоқ ағайынға қарасуға.

Жабыстық Шоңайнадай қала-жалға,

Кей күні табылмайды қара су да.

 

Сұр заман бара жатыр бүрістіріп,

Болғанша мың іс жетер бір істі ұғып.

Түкке де тұрмайтын бір себеп-сылтау,

Жатады адамдарды ұрыстырып.

 

Заманның дөңгелегін кім қозғайды?

Кім күліп, бұл өмірде кім боздайды?

Жер суық, адам ала, діні бөтен,

Биіктен бәрін көріп күн қоздайды...

 

Бір жаққа көшемін-ау тауға мүмкін,

Білмедім сөзден басқа сауда кілтін.

Аллаға мінәжатпен өтсем болды,

Бәрібір ілінемін ауға бір күн.

 

ӨЗЕНДІ ӨРЛЕЙ ЖАҒАЛАП

 

Ертістің бойын жағалап,

Ел-жұртын көріп кезім ем.

Азамат-ерін бағалап,

От көріп едім көзінен.

 

Жайықтың бойын жағалап,

Тарихтың сырын сезім ем.

Халықтың көңлі ғаламат,

Арнадан асқан сезім ең.

 

Еділдің бойын жағалап,

Өкіндім жатқа кеткенін.

Жүректі соққы жаралап,

Айналып қысқа көктемім...

 

Амурдың бойын жағалап,

Арғы бір кезді Ар-қылдым.

Аралға жетпей қамалап, –

Табаны кепкен тарғыл құм.

 

Сырдария бойын жағалап,

Сымбатты-Ару, деп білдім.

Аңы мен құсы балалап, –

Жағаға күріш ектірдің.

 

Іленің бойын жағалап,

Қапшағай, Балқаш толқыдым.

Шабытым келді жаңалап, –

Толтырып орнын олқының.

 

Тарихи мекен Қазалы,

Әлім атаның әулеті.

Ұстанған жолды қазағы,

Алланың түскен сәулесі.

 

Сапарға шықтық Алла деп,

Сапар атаның еліне.

Бабалар жолын жалғап ек,

Тамыр жайсын деп жеріме.

 

Жанқожа рухы жалындап,

Іргесі бекіп түледі.

Абыройы ассын арындап,

Аман да болсын Сыр-Елі!

 

Мүбарак болсын тойларың,

Мұңсыз болыңдар, туыстар.

Қыздарың өсіп қырмызы,

Ұлдарың болсын ту ұстар!

 

ЖОҒАЛҒАН ЕРЛІК

 

Досқа жаз, жауға қаһар, жаны қайсар,

Алыпты он үш қатын анық айтам.

Болыпты отыз бір ұл, қырық қызы,

Өзі мәрт, өзі батыр Абылай-хан.

 

Қыңқ еткен үн естілмей бір қатыннан,

Ұлдары жауды көрсе бірге атылған.

Құстар да әнін тиып тыңдайды екен,

Қыздардың  жетсе сыңғыр сырғасынан.

 

Түледі кіндігінен қанша қыран,

Бәрі де мұрагерлер хан тағынан.

Дәстүрін бұзды келіп дарқан елдің,

Зобалаң келді орыс сарша құлдан.

 

Сүйреткен зеңбіректен от бүріккен,

Халықтар босып-қашып кетті үріккен.

Хандығым құлап бара жатты сонда, –

Жалғасып келе жатқан көк түріктен.

 

«Үйретті» социализм білмейтіндей,

Жылатты енді қайта күлмейтіндей.

Еркектің еркін байлап бір әйелге,

Жігіттер ынжық болды пілдей-пілдей.

 

Тұқымын өсірмеді көп тәсілмен,

Қойды әкеп алыстырып отбасымен.

Қолына қатындардың қамшы беріп,

Еркекті жетектетті ноқтасымен.

 

Шарттарын жігіт емес, қыз қояды,

Бабадай бола алмадық біз баяғы.

Шектеліп саясатпен сан жұмыстар,

Ерлердің басып тұрды құзды аяғы.

 

Адамға толғанымен қала құмдай,

Әйтеуір асырайды тамағын жәй!

Жолына сала алмайды бір қатынды,

          Алғанмен он үш қатын хан-Абылай!

 

КЕЛДІК ТЕ СҮЙІНДІК, КӨРДІК ТЕ ТҮҢІЛДІК

 

Тәкаппардың өмірі өкінішті қайтейін,

Қияметі қиын-ау, мүшкіл болар әй, кейін!

Өзін Құдай санайды, малданады атағын,

Соғып алған мүсінін, әйгілі етіп әйкелін.

 

«Білмейді – деп, сөйлейді – ешкім Оның бар-жоғын»,

Орысшалап қосады оңды-солды «жаргонын».

Жетпіс жеті жастамын жеті қырдан астым дер, –

Жанын көрдім жадағай, рухы кедей жарлы оның.

 

Төбедей боп төніп тұр сегіз қабат сар үйдей,

Ақылы жоқ азғанның, жеті жаста сәбидей.

Жаратқанды жазғырып тіл тигізіп тиісер,

Қор болады-ау түбінде қоқыс болып зар илер...

 

Жақын келіп тыңдаппын, жан түршігіп шошыдым,

Құлағымды тілгілеп құлатардай тосын үн.

«Халық әртіс» – дегені – тантық аң-құс екен ғой, –

Қайдан келдім қасына қаныпезер осының!..

 

КЕШЕГІ КҮННІҢ

 

Кешегі күннің наласын,

Көңілден сүртіп өшірдім.

Қазақтың қара баласын,

Қастерлеп халқым өсірдің.

 

Кешегі күннің кір бетін,

Аударып ары қайырдым.

Кімдерге жарық, кімге түн?

Мен үшін болды қайырлы!

 

Кешегі күннің ұятын,

Жерледім қабір-ақымға.

Көңілге сәуле құятын,

Тура жол бердің ақынға.

 

Кешегі күннің ластығын,

Апарып аулақ өртедім.

Қартаймас мәңгі жас ғылым, –

Қасиетті Құран-Көркемім!!!

 

 

ПЕССИМИЗМ

 

«Өлеңің пессимизм», – дедің, ханым,

Ой айтып еріттіңіз көңіл қарын.

Асығып алып-ұшқан жыр жоқ менде,

Салқындау жаратылған менің қаным.

 

Айналам асқынған дерт тілім сырқат,

Бір өспе қабынады бірін  сылысақ.

Басбармақ бұғып қалды үні естілмей,

Шынашақ ән салады бүгін шырқап...

 

Жан кедей бар тіршілік қарын қамы,

Иманың сыпырылып арық қалды.

Алыстап екі арасы халық билік, –

Ұлт үшін уайымым қалыңдады.

 

Әйгілі Абылай хан көшесінде,

Сейфуллин құлағың сал қос есімге.

Тізілген кілт көтеріп әйелдер жүр,

Қыз жалдап намыс болса төсесін бе?

 

Хан аты, ақын аты даңқты есім,

Әкімдер күнде өтеді қағып төсін.

Жезөкше базары бар әрбір кілтте,

Нәпсімен өткізетін қанып кешін...

 

Сұр бұлт бар аспанымда сөйлетердей,

Ойнақтап жүрейін бе, ой көтермей?

Оқыпсың өлеңімді рахмет!..

Қайтеді пессимизм бой көтермей!..

 

АЛАТАУДЫҢ ҚАЙҒЫДАН ШАШЫ АҒАРДЫ

 

Алматыда базарлар өртенуде,

Қапаланған қалың жұрт жер тебуде.

Тіршілігін бір сәтте жалын жалмап,

Қайғы жұтып, еңіреп дерт емуде...

 

Көпір құлап кенеттен қаладағы,

Зардап шекті мерт болып сан адамы.

Үйде әйелдің, түзде ердің тыншы кетіп,

Үрейлерден тұншығып шала жаны...

 

Барахолка жанады түн ішінде,

Бауыр-қолқа ұсағы, ірісі де.

Қағысқанда түйелер шыбын жазым,

Қарамайды өлгенге-тірісіне.

 

Саудагердің көзінен қан ағады,

Тіршілігі сол еді қарағаны.

Сүзіскенде озбырлар от тұтанды,

Аз болғандай алғаны, қанағаны.

 

Ескермейді тағдырын бұқараның,

Жұлқысқанда жауыздар жұтар арын.

Қамын ойлап халықты қорғау тұрмақ,

Осы емес пе, орманды бұтағаның.

 

Қасақана өрт қойып үркітеді,

Ондай сұмның болмайды ұлты-тегі.

Жылаған жұрт жан-жаққа босып кетті,

Қара күйік қалды ғой жұрты-төрі...

 

Барахолка лапылдап отқа оранды,

Көрді халық шалқыған шоқ-боранды.

Әр сұмдықтың қалады сыры ашылмай,

Мылқау қоғам сүркейлі қап-қараңғы!

 

Кептелу мен ластану, өртенуден,

Ең бірінші қала бұл жеркенуде ел.

Алатаудың қайғыдан шашы ағарды,

Көз жасы да құрғады шер төгуден.

 

АНКАРА ӘСЕРІ

 

Сырғыған сыр бойынан қалың қосын,

Айдаған ат-көлікпен малын қосып...

Жерорта теңізіне жетемін деп, –

Түйіпті шүберекке жанын қосып...

 

Қозғалды көшпенділер аударылып,

Су кешті, құмнан өтті, тауға кіріп.

Еңсесін биік ұстап елін құрды,

Салды да сар далада жауға құрық.

 

Қаратты қамалдарын халқыменен,

Бағынды қол қусырып сан түмен ел.

Азат боп Константин Ислам болды,

Бірігу Османлыға шартыменен...

 

Сырың бай шежірелі шерлі мекен,

Мүмінге мұқым еттің жерді бөтен.

Алланы мойындаттың адамдарға,

Бүгінге азық болды ерлік-есең!

 

Сол түрік қандас бауыр, қардашларым,

Қайырлы болсын қадам әр басқаның.

Бірліктің туы болса бір қолыңда,

Жарқылдар бір қолыңда Алдаспаның!

 

ДӘУІРДІҢ БІЗ ҚАЛҒАМЫЗ КҮЛКІСІНЕ

 

Ой айтпа жеңілтектік тіл ісінде,

Сөйлейді өзі болып тірісінде.

Сол болып қалыптасып шығады екен,

Шын сүйсе қандай ұлтты кім ішінде.

 

Түріне және оның паспортына,

Қараумен көз жетпейді нақ сортына.

Өзгеріп тілі кетсе, діні кетсе,

Жауласар қалтасына тас толтыра.

 

Сен оны қазақ дейсің иіп әкеп,

Сіңеді заманадан миына тек.

Айырылып енегінен пішілгендер, –

Кешеді қатын болып күйін әтек.

 

Әтекті қалай, қайтіп еркек дейсің?

Қарап көр қылымсыған елпек кейпін.

Дәл сондай мәңгүрттер де мидан кеткен,

Азғындар ұяты жоқ селк етпейтін!

 

Өзгенің  қабылдаса тілін күспен,

Ал, бүгін өзі қазар інін де іштен.

Ол енді саптан қалған мүгедектей,

Қазаққа қоса алмайсың түрін күшпен.

 

Өлгені тірісінде анық азап,

Дегенге күдігім бар қаны қазақ.

Айтамын мың шүкірлік болмысыма,

Қайтсең де мен қазақпын жаным азат!

 

Жабысқан ғасыр бұрын халқыма дерт,

Сорлаған содан бастап салтым әлек.

Сол ұлттың өкілі боп шығады екен, –

Жүрсе егер қайсы тілде нан сұрап жеп...

 

Ескі әдет ұлтты бөлу түр-түсіне,

Байқасақ кім болудың кілті ішінде.

Жол болсын аңқаулыққа алып қашқан, –

Дәуірдің біз қалғамыз күлкісіне!..

 

КӨШЕДЕ

 

Аспанда үш күн қонды бұлт ашылмай,

Зіл салмақ салбырайды кір тасындай.

Көктемгі жасыл дала жаңа оянды,

Көш керуен қонысына тұр тасынбай.

 

Түрпідей қара жаңбыр құйылды кеп,

Балаққа балшық жұқты киім кірлеп.

Сүйреткен жүргіншінің аяқтары,

Денесін артып жүру қиын міндет.

 

Су ақты көшелерді көлмек етіп,

Дөңгелек шашыратар ендеп өтіп.

Қағазын зейнеткерлік алды бүгін,

Қарт кісі қырық үш жыл еңбек етіп.

 

Су кешіп туфлимен асығынан,

Бояған бұйра-бұйра шашы қылаң.

Елпеңдеп өте шықты бөрте елік қыз,

Көз қысқан бағдар шамның жасылынан.

 

Өңірін жел қайырып шапанының,

Айтады табиғатқа апа мұңын.

Баланың алып жүрер біреуі жоқ,

Сыйы осы «батыр ана» атағының.

 

Су кетіп ызғар өтті жон-арқадан,

Қызыл да жанып қалды жол ортадан.

Мерседес «дүт-дүт!» етіп дүрсе қойды,

Қалғанда қағар еді сәл артаман.

 

Тауда қар, ойда жаңбыр сейілмеді,

Ақ «Волга» ышқынса да кейіндеді.

Көшеден көзім көрген көріністер,

Бүгінгі адамдардың пейілдері... 

               

Дәулетбек Байтұрсынұлы

 

Қатысты Мақалалар