Алматы облысының әкімі Амандық Баталов президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесіне пікір білдірді.
– Жұмыс істеліп жатыр. Бірақ бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Неге? Себебі қазір науқан (мәжіліс сайлауы - ред.) басталғалы жатыр. Біз сайлаушылардың, сайлау учаскелерінің тізімін нақтыладық. Көшелердің атауын өзгерту бастамасы көтерілді. Қазір сайлаушылардың тұратын жерлерінің атауын өзгертуге болмайды. Сайлау өткеннен кейін бұл мәселеге ораламыз. Сол кезде шешімді сіздерге жеткіземіз, – деді Алматы облысының әкімі.
Биыл маусым айында Алматы облысы Ұйғыр ауданында жергілікті қазақ және ұйғыр жастары төбелесіп, салдарынан 5 адам пышақ жарақатын алған.
Облыс басшылығы дауды жолға таласқаннан шыққан тұрмыстық сипаттағы жанжал" дегенімен, тұрғындар төбелес астарында түйіні тарқатылмаған талай түйіткіл бар екенін айтқан.
Жанжалдан соң ауданның қазақ тұрғындары Ұйғыр ауданының атауын өзгерту мәселесін көтерген. Ауданға келген облыс басшысы Амандық Баталов тұрғындармен кездесіп, олардың аудан атауын өзгерту талабын жоғарыға жеткізетінін мәлімдеген.
Пікір қалдыру