Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады, деп хабарлады Ақорда сайты.
Мемлекет басшысына агенттік құрылғаннан бері атқарылған жұмыстар жайында баяндалды. Серік Жұманғарин ведомствоның ашықтық саясатын жүзеге асырып жатқанын айтты. Ол проблемаларды қоғам және бизнес өкілдерімен бірлесіп талқылауға мүмкіндік беретін краудсорсингтік алаң мен кедергі жөніндегі кеңестердің құрылғанын айтты.
"Қасым-Жомарт Тоқаевқа ПТР сынамасының, жеке қорғаныс заттарының, сондай-ақ, Қазақстан әуежайларындағы тұтыну тауарларының бағасын төмендету жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жайында мәлімет берілді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысына ведомство сауда биржаларының қызметіне, сұйытылған газ бағасын арзандатуға, нарықтағы дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыруға қатысты жасалған жұмыстар туралы айтылды.
Тоқаев ПТР сынамасының, жеке қорғаныс заттарының және дәрі-дәрмек бағасын айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Президент агенттік басшысына экономиканың тиімділігін арттыруға, тауар биржасы мен бәсекелестікті одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндеттемелер жүктеді" делінген сайт хабарламасында.
Пікір қалдыру