Белгілі заңгер Абзал Құспан Facebook парақшасында "Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты: полиция бейнематериалы заңсыз таратылған" деген атаумен видео жариялады.
Заңгердің айтуынша, адвокаттың қатысуынсыз полиция ғимаратының ішінде тергеу әрекеттерінен тыс азаматты мойындатып, ол туралы бейнематериал дайындап, оны ел арасында тарату туралы норма мүлде қарастырылмаған.
"Бұл ҚР Конституциясы 7-бабының 3-бөлігін, қылмыстық процесуалды кодекстің 19-бабы 1-бөлігін бұзып отыр. Ол нормаларға сәйкес, заңды күшіне енген соттың үкімі болмайынша ешбір азаматты кінәлі деп тануға болмайды. Бұл жердегі жағдай елді тыныштандыру үшін жасалып отырғаны түсінікті, яғни тергеу процесі кезінде белгілі бір жағдайда саясат араласып отыр деп есептеймін. Ал саясаттың тергеу процесіне араласуы болашақта мұндай істердің обьективті, шындыққа негізделген тергеу болатынына үлкен күмән тудырады" деді Абзал Құспан.
11 қарашада күні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділді пышақтап өлтіріп кеткені хабарланды.
Мәйітті көруге кірген марқұмның ағасы Таңат Жалмағамбетов Жанболаттың денесінен пышақ жарақатының іздерін көргенін айтқан.
12 қарашада ішкі істер министрлігі тергеу департаменті Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар делінген күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.
Артынша әлеуметтік желіде Жанболат Ағаділге "төбелес кезінде абайсызда пышақ ұрдым" деген адамның видеосы тараған. Ұзамай видеодағы адам шынымен де күдікті екені анықталған. Алайда күдіктінің мүгедек анасы "баласына таныстары жала жауып отыр" деп санайтынын айтқан.
Пікір қалдыру