Биыл зейнеткерлермен қоса жақында ғана жасақталған "А" корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің де жалақылары өседі.
Тек шенеуніктердікі әлдеқайда көп, 50 пайызға көтерілмек. Бұл жемқорлықты жою үшін жасалып отырған жоспар. Алайда, халық пен сарапшылар "айлығы еселенген шенеуніктер енді пара алмайды, дегенге сенбей отыр. Өйткені, сіңісіп кеткен бұл жүйені бұзу үшін заң мен жазаны қатаңдату керек, дейді тұрғындар.
"А" корпусындағы шенеуніктер үшін келе жатқан жылқы жылының жемісті болатын түрі бар. Жаңа жылдан бастап олардың жалақысы бірден елу пайызға көбеймек.
Ал халық "элита" деп атап жүрген "А" корпусына кімдер кіреді? Ең алдымен Президент істері басқармасы, есеп және орталық сайлау комитеттері, онан соң Премьер-министрдің канцеляриясы, облыс әкімі аппаратының жетекшілері мен қала, аудан әкімдері және тағы басқалары. Яғни, кілең басқарушылар. Елімізде осындай 1124 адам бар.
Олар биыл сынақ тапсырып, біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Соған сәйкес табатын табыстары да жаман емес.Ал президент айтқан өзгеріс енгізілетін болса, жағдайлары былайша өзгермек. "А" корпусындағылардың орташа жалақысын мәселен 200 мың теңге деп алсақ, 1-қаңтардан бастап айлықтары 300 мың теңгеге дейін жоғарылайды. 50 пайыздық үстеме,яғни 100 мың теңге.
"А" корпусына қатысы жоқ, саяси тұлғалар болса жалақының жоғарылауы - жемқорлыққа қарсы бірден-бір дәру болады деп отыр.
"Жақсы бір сөз есіме түсіп тұр. Егер тәртіп сақшысы мен дәрігерлердің қарны тоқ болмаса, мемлекеттің іргесі берік болмайды деген",- дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысы Әлихан Бәйменов үшін де шенеуніктің қарны тоқ болмаса, жемқорлықпен күресу оңай болмайды.
"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей мемлекеттік қаржыны жұмсау туралы инвестициялар, мемлекеттік сатып алулар туралы белгілі бір деңгейде жалақысы болмаса жемқорлықпен күресу қиын.Десе де, бұл жемқорлықтан арылудың бір факторы", - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов.
Жалақының жоғарылауы жемқорлықты жеңе алмайды дейтіндер де көп.
"Жемқорлықтың алдын алу тек қана шенеуніктердің жалақысын көтерумен шешілетін мәселе емес, біріншіден, екіншіден, енді онсыз да жалақысы жоғары топтың жалақысын жартылай өсіру қалғандарының жалақысын өсірмей тұрып өсіру бұл жерден қисынды көріп отырған жоқпын", - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Қарапайым халық та бұл жолдың жемқорлықты жоятынына сенбейтін болып шықты. Тұрғындардың пікірінше, алып үйреніп қалған қол ала беретін секілді.
"Бұл бастама расында да қоғам болып күресе алмай жатқан жемқорлыққа тұсау салуы мүмкін. Кезінде менен де пара сұрағандар болған. Бұл - жақсы бетбұрыс. Көптік етпейді, үстіне 50 пайыз қосылады. Пара сұрағандар кездеседі, бірақ оған жол берілмейді", - дейді мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін Момыш Махметов. .
Айта кетейік, осыған дейін елімізде судьялардың да жалақысы 60 пайызға көтерілген болатын. Сонан жемқорлық жойылады деп жоспарланған. Бірақ, соған қарамастан судьялардың жыл сайын үш-төртеуі парамен ұсталып, ал он шақтысы қызметінен қуылса, тағы қырық шақтысы тәртіптік жазаға тартылады екен. Бұл жаңашылдықтың енді "А" корпусында қандай сипат алатыны тек уақыттың еншісінде.
Дереккөз: news.nur.kz
Пікір қалдыру