Іскер нәзік жандылар бас қосты

/uploads/thumbnail/20170708193402486_small.jpg

Қазіргі таңдағы заман ағымына ілесіп, озық мемлекеттердің санатынан көріну жолдарының бірі елдегі кәсіпкерлікті дамыту болып отыр. Осыған орай 2013 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Бұл – бизнес пен биліктің тиімді серіктестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін жағымды жағдайларды қалыптастыру мақсатымен құрылған коммерциялық емес, өздігінен басқарылатын ұйым.  
Бүгінгі таңда негізінен Республикамыздағы қалаларда, оның ішінде аудандар мен ауылдардағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласы басты мақсат болып отыр. Осы орайда өткен аптада ауданымызда Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінің қатысуымен семинар болып өтті. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Қ.Еспенбетов, Созақ аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры, аудандық маслихаттың депутаты Ғ.Елбергенұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Г.Қарабеков,  Оңтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы А.Архабаева, ауданымыздағы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскер әйелдер қауымы және де БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған жиында кәсіптерін дөңгелетіп отырған нәзік жандылармен ашық сұхбат жүргізілді. Кәсіпкер азаматшалардың арасынан аудандық іскер әйелдер кеңесін құру жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері ұсыныс жасады. Жиынға қатысушылардың қолдауымен кеңес құрамы бекітілді. Семинарға келген қонақтар «Бақ-Нұры» іскер әйелдер қауымдастығының жұмысымен танысып, жүзеге асырып отырған істері көңілге қуаныш ұялататынын жеткізді. Қауымдастық мүшелеріне ауқымды жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.
Кімде-кім көздеген кәсібімен діттеп айналысатын болса, сол кәсіптің шыңына шығады деген пікір қалыптасты жиын барысында.


Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қатысты Мақалалар