Ғарышқа тағы бір қазақ аттанды

/uploads/thumbnail/20170708193403710_small.jpg

Бүгін Астана уақыты бойынша  сағат 10.38-де Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз-ФГ" тасымалдаушы зымыраны "Союз ТМА-18М" ғарыш кемесімен және жаңа экипажымен ұшты. Экипажда қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсон бар. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.tv-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтардан кейін тұңғыш ғарышқа аттанған қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов бұл сапарда екінші бортинженер ретінде аттанды.

Айта кетейік,  «Союз ТМА-18М» кемесінің негізгі экипажының ұшу қарсаңындағы күн өте қарбалас болған. Ресей Федерациясы ғарыш агенттігінің басшысы Александр Иванов мырза бастаған мемлекеттік комиссия Халықаралық ғарыш станциясына ұшатын экипаждарды шешуші бақылаудан өткізгеннен кейін түпкілікті шешім қабылдаған.

Ұшыру алдындағы баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, команданың екі мүшесі ғарышқа алғаш рет ұшқалы отыр.

Кеме командирі Росғарыш ғарышкері Сергей Волков бұл жолы ғарышқа үшінші рет сапар шеккелі тұр. Ол өз әріптестерінің әзірлік деңгейін жоғары бағалады және «Гагарин алаңынан» ұшатын 500-ші мерейтойлық ұшыру ойдағыдай өтетініне сенімін білдірді.

Сергей Волков «жаңа» ғарышкерлерді алып ұшумен қатар, келесі жылдың наурыз айында кеме командирі ретінде бір жыл бойы станцияда жұмыс жасап жатқан Михаил Корниенко мен Скотт Келлиді Жерге алып қайтпақ.

Сергей Волко ХҒС бортындағы үлкен ғылыми бағдарлама жөнінде айта келіп, оның еуропалық, қазақстандық және ресейлік ғылыми бағдарламалар бойынша жүргізілетінін атап өтті.

Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсен баспасөз мәслихаты кезінде ғарышқа ұшуды көптен бері армандағанын және Данияның алғашқы астронавты болатынын мақтан ететінін айтты. Бұл туралы Қазақпарат жазған болатын.

Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа кішкентай қызы Даяна тіккен ойыншықты өзімен бірге ала кететінін айтты.  Сонымен бірге, қазақстандық ғарышкер ҚР мемлекеттік рәміздерін алып ұшты.

Ұшу алдындағы күні экипаж мүшелерін «Юбилейный» әуежайында ҚР вице-премьері  Б.Сапарбаев, «Байқоңыр» ғарыш кешенінің басшылары, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қарсы алады.

 «Сіздің әкеңіз Александр Волков біздің алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров  ұшқан экипаждың командирі болған еді, енді Сіз осы эстафетаны жалғастырылып, біздің Айдын Айымбетов ұшатын экипаждың командирі болып отырсыз», - деді вице-премьер Сергей Волковқа қарата айтқан сөзінде.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне экипаж мүшелеріне тарихи мерейтойлық медальдарды тапсырды.

Әлемдік космонавтиканың Отанына айналған қазақ жері өзінің ұлдарының ғарыштық миссиясын ойдағыдай орындап оралуын асыға күтетін болады.

Нұрзат Тоғжан

 

Қатысты Мақалалар