Президенттің сөзін паспортымызға жаздыру кімдерге тиімді?

/uploads/thumbnail/20170708193415658_small.jpg

Ендігі жерден бастап Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері жазылатын болады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мұндай норма бүгін ҚР Мәжілісі отырысында "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы" заң жобасын талқылау барысында қабылданған.

"Бұл - республиканың "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңына қосымшалар енгізу туралы заң жобасы. Заң жобасының мақсаты - "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының негізгі нормалары мен құндылықтарын енгізу. Құжатта "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңына, нақтырақ айтсақ, республика азаматының паспортына тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысының тәуелсіздік жайлы сөзі, сонымен қатар, республика азаматының жеке куәлікті алуы кезінде ант беруге міндеттеуді қарастырады", - деп хабарлады Мәжіліс отырысында Рахмет Мұқашев. 

Жазғы демалыстан кеше оралған ҚР Парламентінің қос палатасы да жұмыстарына бел шеше кірісіп кеткенге ұқсайды. Бүгін Парламенттің төменгі палатасының қарауына 40-тан аса заң жобасы келіп түскен. Олардың бірқатары жаңа заң жобалыры мен заң жобаларының қосымшалары болса, қалғандары  бұрыннан қордаланып қалған мәселелер. 

«Кеңшілігі көп Елбасы кемшілігі көп Парламенттің бұл ұсынысына қандай көзқарас білдіреді екен»,- деген сұрау әрбір қазақстандықтың көкейінде. Осы уақытқа дейін Үкіметке айтылған өткір сын мен өзекті мәселелерді шешуде аса ыждаһаттылық таныта қоймайтын Парламенттің төменгі палатасы депутаттары «Мәңгілік ел» идеясын насихаттаудың тағы бір жолы - оны  әрбір қазақстандықтың төлқұжатына таңба етіп басып беру деп ұқса керек.

Иә, жасыратыны жоқ, төртінші сессия кезінде жылдам сөйлеуді үйренген депутат мырзалар жазғы демалыстан оралды. Енді оларда тың серпін бар. Олардан тың жобалар күткен халық өз қалаулыларына әлі сенеді. Себебі, өткен сессия барысында Мәжіліс -41, Сенат 33 рет жиналып, 500-ге тарта мәселені қарап, 10 мыңға жуық ұсыныс енгізген. Рас, бұл да оңай шаруа емес екендігі түсінікті.

Ендеше, сол қабылданған заңдар мен заң жобаларының ішінде халық игілігі үшін қабылданғанының қайсы бірін сіз есіңізде  сақтап қала алдыңыз?

Есесіне енді ұмытпайтын боласыз. Парламенттегі халық қалаулылары енгізгін бұл ұсыныс сізге өмір бақилық өз жұмысының нәтижесін көрсетіп тұратын болады. Писсимитік көзқараспен қарағанда пәтуасыз ұсыныс болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл  мемлекеттік идеологиялық саясат. Онсыз мүлде болмайды. Құптарлық бастама шығар, бәлкім? Бастамашыл Мемлекет басшысының жасақтаған командасындағы бастамашыл депутаттардан мұндай күрт жаңашыл ұсынысты ешкім күтпесе керек-ті. Жұрт бұл жаңалықты қалай қабылдарларын білмей, абдырап қалғаны да жасырын емес. Қайтеміз, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дейміз де қоямыз.

Айтыңыздаршы, жүргенінен тұрғаны көп Үкімет пен Парламент Президент мәлімдемесінен кейін өздерін қамшылаған түрі ме, бұл? Естеріңізде болса, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстандағы Президенттік басқаруды әлсіретіп, Парламенттік және Үкіметтің басқару жүйесіне жүйелі түрде көшуіміз керек» деген болатын. Ендеше жаңа сессияны жаңашыл жаңалықпен бастаған Мәжілісмендер ендігі жерде бел шеше кірісетін уақыт жеткен. Қамшы сүйетін шабан аттай сылбыр қимылдайтын уақыт келмеске кеткенін олар жақсы түсінсе керек-ті.  Оның үстіне қолдан жасалған дағдарыс дәрменсіздікке итермелейтінін Елбасының өзі айтқан болатын.

Жұмыстарына жаңа кірісе бастаған Парламенттің төменгі палатасының спикері мен оның депутаттарына біздің де үшбу арызымыз жоқ емес. Өткен сессия мен жаңа сессия да қарастырылған 550-ге жуық заң жобасының қанша пайызы мемлекеттік тілде қарастырылып, қаншауы қазақ тілінде әзірленді? Бұл тек осы жолғы сессияға қарата айтылған мәселе мес. Тәуелсіздктің ширек ғасырына аяқ бассақ та мемлекеттік тілімізде бірде-бір заң жобасын әзірлей алмағанымыз не сорақылық? Бұл да айта, айта жауыр болған тақырып болса да, заң мәтінін мемлекеттік тілде әзірлеу министрліктегі шенеуніктер мен депуаттар үшін соншалықты қиыншылық тудыратыны қалай? Халық бұны  қалай түсінуі тиіс? Есесіне, елдің есіне кіріп шықпайтын ұсыныстарды қауғадай қаулатқанда алдарына жан салмайтын халық қалаулылары осы сессия барысында мәселе етіп көтеруі тиіс бірінше уәжіміз осы болар. Біздегі «ақсақал биліктегі» қалыптасқан үрдістер бойынша ірілі-ұсақты шенеуніктер ұпайдың қамы үшін халықтың қынына түсетіп кететінін аңғармаса керек, әйтеуір жағымпаздық жарысына ынта-шынтасымен кірісуден қашқан емес. Жоғарыдағы біз атап өткен мәселе – Парманет палаталарының бірлескен отырысында күн тәртібінде қарастырылуы тиіс. Солай болуы керек те! Онсыз да Заңды белден басып, өз ыңғайына көндіру - біздің шенеуіктердің әдетіне айналғандай. Кемдік көп, тіпті көзге ұрып-ақ тұр. Бірақ сол кем-кетікті жөнге салуға құлық жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар