Қазақстанда кемінде 20 «Борат» бар

/uploads/thumbnail/20170708193419766_small.jpg

Соңғы кездері әлемдік спорт жұлдыздары мен бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстанды «Бораттың» отаны»,  деп қазақстандықтарды келемеждеуді әдетке айналдырып алғандай. Естеріңізде болса, түркиялық футбол клубының  ойыншысы, шыққан тегі неміс Лукаш Подольский «Бораттың еліне барамыз, күтудеміз» деп  қазақстандық жанкүйерлердің  ызасына тиген еді. Артынша қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің қарсыласы канадалық Давид Лемье де әлеуметтік желіге «Бораттың» бейнесін салып, кейін өшіріп тастаған.   Бұл туралы «Қамшы» порталы жазған болатын.

Мемлекетімізді ашықтан-ашық масқаралап жатса бірден шамданып шыға келетін қызба қанымыз бұл жолы да әдетінен танбады. Финляндиялық  «ХИК» клубын да, канадалық Давид Лемьені де жерден алып-жерге салдық.  Тіпті, түркиялық «Галатасарайдың» ойыншысына қызанақ лақтыруды да ойластырып қойғанымыз рас-ақ.  Спорттың саңлақтарының  мұндай бассыздыққа барғаны осы елдің азаматы ретінде ашуымызды тудырғанымен, ақыл таразысына салып қарайтын болсақ, Қазақстанның имиджін төмендетіп, мазақтың төпесіне түсіріп жатқандар аз ба?

Мысалы, 2012 жылы Қазақпарат сайтында «Қазақстанның имиджін  қалыптастырған 10 бренд» атты мақала жарық көрді. Онда көрсетілген ондыққа кейіпкері ойдан шығарылған «Бораттың» да аты аталады. Қазақстан аумағында көрсетуге тыйым салынғанымен, әлем мемлекеттерінде бұл кинокартина үлкен танымалдылыққа ие болған. Сценарийі дөрекі қалжыңдар мен бұрмаланған фактілерден құралған бұл фильмді батыстық кино сыншылар – комедия жанрына жатқызады.

Бұл өте дұрыс жасалған – тұжырым еді. Себеп айқын. Әлем мемлекеттері Қазақстан десе әуелі – Нұрсұлтан Назарбаевты атаса, екінші – осы «Борат» дейтіні жасырын емес. Яғни, дүние жүзінің «Борат» Қазақстанды келемеждеуші, мәдениетсіз репортер ретінде танылғанымен, әлем халықтары «Борат» арқылы Қазақстанды танығанын жасырып қала алмаймыз. Сөгеңіз мейлі, патша еркіңізде. Бірақ, бұл солай.

Ал  танымал британдық «The Guardian» басылымы 2014 жылы  “Посткеңестік әлем: 15 мемлекет жайында не білу қажет” деген мақаласында Борат пен Шыңғысханды ең танымал қазақтар деп көрсеткен.

Иә, мұның бәрі мемлекетіміздің жағымсыз имиджін қалыптастырғаны шындық және тиістілер жазаларын алған да жоқ. Біздің түсінігімізде «Борат» бірінші кезекте өзінің елінен, жерінен, тілінен жерінген мәдениетсіз кейіпкер.

Жан-жақты сараптай келе ой түйетін болсақ,  дәл осы «Борат» біздің ұйқыдағы Үкіметтің қазіргі бейнесін көз алдымызға келтіретіні жасырын емес. 

Тіпті, Саша Баронның «Борат» образы да Үкіметтегі үлкен кісілердің бірінің образына ұқсайтыны шындық. Бұл арқылы картина авторлары нені көрсеткісі келуі мүмкін?

Енді тағы бір дерекке назар аударайық.  Тәуелсіздіктің ширек ғасырынан бері сұрыпталып, жасақталған Үкіметте мемлекеттік тілде сөйлемек түгілі құрметтемейтіндер қаншама? Мемлекеттің ана тілін білмеу – мәдениетсіздіктің шегі екенін анық білерсіз.

Мысалы, ҚР Премьер-министрі  Кәрім Мәсімов Үкімет басқарған 10 жылға жуық уақыт аралығында бірде-бір рет мемлекеттік тілде баяндама жасағанын көргеніміз жоқ. Өзі бірнеше мемлекеттің тілінде еркін сөйлей алғанымен, қазақ тіліне келгенде министр мырзаның тілі күрмеліп қалатыны жасырын емес.

Премьер-министр мырза ғана емес, министрдің қарамағына тесілі министрлер кабинетінің лауазымды шенеуніктері де мемлекеттік тілге мардып тұрғаны шамалы. Мұны Исекешев, Божко секілді министрлер бірнеше мәрте көрсетіп те қойған.

Қорытынды: Тіпті, батыс елдері Қазақстанды Ресейдің бодандығынан әлі арылмаған деп айыптауының да астарында қазақстандық шенеуніктердің шетелге бізді осылай масқаралауы себеп болса керек-ті.  Ендеше, өз мемлекетінің  ана тілінен жерініп, өзге мемлекеттің тілінде сөйлейтін біздің Үкіметтегі шенеуніктердің – «Бораттан» асып тұрғаны  шамалы.

Бірақ, мынаны естен шығармаған жөн. Бұл саяси "мачт" болса, ондаған жылдар бойы тең түсіп келе жатқан ойын. Бір-ақ, күнде үлкен жеңіліске әкеліп соқтыруы мүмкін. Кез келген мульти-этникалық мемлекетте «Борат» сияқты бір кейіпкер – бір мемлекеттің имиджін қалыптастырушы тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал біз «Боратқа» бола қылышымызды босқа шауып жүргенімізде, бізді «Бораттан» бетер әлем халықтары алдында масқаралап жүргендер жетерлік. Егер анықтап тексерер болсаңыз, біздің министрлер кабинетінің өзінен кемінде  20 «Борат» табылары сөзсіз. Ойланып ой қорытыңызшы, Қазақстанды шынымен  масқаралап жүргендерді алыстан іздемегеніміз жөн болар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар