Қазақ теңгесінің бір күнде неліктен тырапай асқанын, мұның экономикалық-қаржылық себеп-салдарларын тәтпіштеп жатпаймын: бұл мәселелердің сай-сүйегін биліктегі де, үйдегі де аз кемірген жоқ...
Менің көргенім – тамыздың аптабы жайында қалды, теңгесі теңкиген қазақтың көзі шарасынан шыға жаздады – 20 тамыз күні доллар бағамы 259 теңгеге дейін шарықтап кетті...
Құдай бетін әрмен қылсын, соғыс басталғандай қарбалас-қапылыс басталып, тіпті, қайсыбір «сезімтал» жандар қара аспан төндіріп, зәулім ғимараттардың шатырына «шапшыпты»...
Артынша, доллардың аяғы шалынды, үріккен – үміт көрді, шудың шаңы басылды...
Ел экспортының басым бөлігі мұнайға тиесілі жұрттың ұлттық ақшасының теңгермешілдігі мың құбылып отырады. Қауіп кемуі үшін экспорттың мұнайға тәуекелін азайту керек. Ішкі сұранысты отандық өніммен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығын қарқынды қолға алу керек. Мұнайға ғана сеніп қол қусырып отырмай, басқа кәсіптерді он есе қарқынмен жүргізуге тиіспіз. Бәсекеге қабілетті болсақ, мұртымызды балта шаппайды.
Девальвацияның жағымды жағы – ел бұрынғыдай атыс-шабыс, шоу-бизнес, өсек-аяң жаңалықтарын ысырып қойып, доллардың бағамын қарап, мұнай бағасын бажайлап, қаржы жаңалықтарына мойын бұрды. Саяси-экономикалық белсенді ел – болашағы жарқын ел болмақ.
...Жалпы, тоқтап қарап, «оқтап» ойлансам: біздің үкіметбасының негізгі мамандығы, басты кәсібі – тілшілік екен ғой, яғни, тіл маманы... Ендеше, дүйім елде бірде-бір экономист немесе қаржыгер құрып қалғандай, тілшіні үкімет басына қайта-қайта неге «зорлақпен» сүйрей бердік?!.
Тілі кермек біреу: «Бастысы – қаржыгерлік емес, кассир бола білу ғой» деген уәж айтты. Кім-кімнің «кассирі» екендігінде шаруам жоқ, бірақ, тұтас елдің бас кассирін жекешелендіріп алуға болмайды деп ойлаймын. Тілші байғұстың түскен табысты түгендеуге талпынысы тартқанымен, тұтас жұрттың жалпы шаруасын таразылауға тегеуріні жете ме?!.
...Қазақ елі омақасынан құлап, опырыла сұлап жатқанда қазақ үкіметін үнемді де үйлесімді басқарған Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН ағамыздың нағыз дағдарыс маманы екендігіне ешкімнің шүбәсі болмас. Алыста жатса да, алашына жаны ашыған Әкежан Мағжанұлы Ұлттық банктің басшылығына Ораз ЖАНДОСОВты ұсынып: «Мұның өзі елімізге халықаралық қаржы институттарының сенімін қайтаруға, қазақтың Ұлттық банкіне көзқарастарын түзеуге, шетел инвесторларының жұмыстарына үміт үстемелеуге ықпал етер еді» - дейді.
Бұл – сөздің төресі. Ендігі жерде Қайрат КЕЛІМБЕТОВтің сөзіне қарапайым халықтың да, шетелдік саясаткерлер мен инвесторлардың да сенбейтіні айқын.
Сенім дегеніңіз – құдіретті күш қой. Ой-сананың сергектігі мен рух-жігердің сілкінісін сенім тудырады. Қазаққа өзіне және теңгеге деген сенім керек.
...Жаңа аптаның екінші күні доллар бағамы 237 теңгеге дейін төмендеді. Аллаға шүкір, бізге ауыз берген құдай, нәпақадан да құр қалдырмас...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА