МИЛЛИАРДЕРЛЕРГЕ ҚАЙДА ТҰРҒЫСЫ КЕЛЕТІНДІКТЕРІН АНЫҚТАП АЛУ ҚАЖЕТ

/uploads/thumbnail/20170708193512299_small.jpg

Еркін ойдың алаңы «Қамшы» порталы осы уақытқа дейін қазақстандық шенеуніктердің (министрлерден бастап парламенттің қос палатасындағы халық қалаулыларына дейін ) жұмыстарына әділ сынын, өзекті мәселелерге өткір пікірлер білдіріп келген болатын. Жүргенінен тұрғаны көп Үкімет пен Парламенттің жұмысын сынау – шенеунік мырзалардың халық алдындағы имиджін түсіру немесе автократиялық басқару жүйесін ашық қаралау емес-тін. Осы орайда әсіресе депутаттарға айтылған сынның сыңаржақтығы рас еді. Депутаттың негізгі функциясы һәм миссиясы - халықтың үнін биліктің құлағына жеткізу және Үкіметтің жұмысына сын көзқарасын білдіру еді. Алайда, соңғы жылдары «Ақсақал билікке» тәуелсіз құрылым(дәлірек солай болуы тиіс еді) – парламенттік  биліктің қолшоқпарына айналып кеткені туралы елдегі «формалды оппазиция» аз айтып жүрген жоқ. Бірақ көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздегі қалыптасқан Геронтократиялық жүйеге өзінің ашық пікірін білдіріп, вотумдық сенімсіздігін жалтақсыз көрсете алатын депутаттар да жоқ емес.

Мысалы, жақында «Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашев теңге девальвациясынан кейін қазақстандықтарға не істеу керек деген сұраққа жауап беріп, forbes.kz-ке сұхбат берген екен. Онда Перуашев мырза «Біздің миллиардерлерге өздерінің қайда тұрғысы келетіндіктерін анықтап алу қажет! Өз елінде ме, әлде шетелде ме? Егер, өз елінде тұрғысы келетін болса, бар ақшасын ашық жариялап, Қазақстанның экономикасына жұмыс істесін!  Егер шетелде тұруды қаласа, өз капиталының шығу тегін жарияласын. Сосын салығын төлеп жүре берсін. Мархабат! Мерекелерде қонаққа келіп тұрыңыздар! Біз қуана қарсы аламыз. Егер байлығыңыздың қайдан пайда болғандығын түсіндіре алмасаңыз, шетелге кетіп қалғаныңыз тіпті жақсы. Ең құрғанда пара алушы мен бюджеттен ұрлаушы азайып, еліміз бір жеңілдеп қалар еді. », деп өткір пікір білдірген.

Азат Тұрлыбекұлының сұхбатын оқып отырып түйгеніміз, Қазақстанды қос бүйірден алған қаржылық қиындық түк емес. Нағыз девальвация енді болады-мыс және оның алдын алуға да болады екен.  Ол үшін алдымен өзімізді өзгертуден бастауымыз қажет,-дейді депутат. Мысалы, бюджетке телміруді доғару керек, иерархиялық приоритет қалыптастырып, керегін алып қалып, керексізінен арылу қажет. «Тіршілік ету – жұмыс іздеу, жұмыс табу керек. Тәуелсіздіктің тағдыры – мемлекеттің тағдыры. Ол сіз бен біздің тағдырымыз. Бұл әлемнің барлық долларынан да қымбат!»,-дейді, Азат Перуашев мырза. Теңге девальвациясына қатысты депутат мырза да тәуелсіздік туралы сөз қозғауды жөн көріпті. Десе де, 90-жылдардағы да 2000 пайыздық девальвациядан да аман-есен шыққанымызды ескерсек, 40 пайыздық құнсыздықтың ақырына мұнша байбалам салуға бола ма? Бірақ, девальвацияны тәуелсіздіктен айырылу қауіпіне дейін телігендердің көшін Елбасының өзінен бастап берді емес пе? Ендеше қалғандарына өкпелеудің қажеті қанша?

Ал мәжілістің тағы бір депутаты Айгүл Соловьева ханымның елдегі осы бір дүрбелеңге қатысты пікірі мүлдем өзгеше екен. Ол «Теңге бағасының кезекті құлдырауы айтарлықтай жаңалық емес. Халық әлдеқашан өздеріне қолайлы вальютаны аударып алған. Меніңше халық та бұған дайын болды»,- дейді. Айгүл ханымның ойынша, халық әлдеқашан қамданып алған, енді не істесе де орынды. Солай ма?  Қазір біз Парламентті тағы сынаймыз. Бірақ, ескере кететін тағы бір мәселе бар мұнда. Парламенттегі 100-дің үстіне таяу депуттардардың ішінде саны онға да жетер-жетпес орақ тілді азаматтар бар. Десе  де, қалың нөпірдің шаңында олар да көрінбей қалып жататыны жасарын емес. Ал кеттік.

Кеше ғана кезекті демалыстан оралаған біздің үлпілдек Парламент өткен сессияда не бітірді? Біріншіден, 100 нақты қадам жобасына жетістіріп үн қосты ма? Мүмкін. Бір ғана мысалы, теңгені таргеттеген күні-ақ, Ұлттық банк пен Үкіметті тарату туралы бастама көтеріп, байбалам салуға  тиісті Парламент дәрменсіздік танытып, үн қатқан жоқ. Неге? Жұмсақ кресло үшін бе? Әлде 600 мың жалақы ма халық қалаулыларының тілін буып қойған? Келісерсіз осыған. Келіспесеңіз патша көңіліңізге құлдық. Иә, жоғарыда айтқанымдай, депутат мырзалар – өздерінің әуелгі миссиясын ұмытқан. Тіпті  Үкімет пен Биліктің қолбаласы секілді айт дегенін айтып, айдауына түсіп кеткелі қашан?..  Елдегі бас Заң шығарушы орган – Парламент және оның депутаттары халықтың сенімінен айрылған Үкіметтің отставкасын талап етуге тиіс! Өйтпегенде өздері де орындарын босата берулеріне рұқсат! Жүйе демогогияға құрылған! Ал біздің демогог саясаткерлеріміз бен пәрменсіз парламентіміз – биліктің үнін үндеп, сөзін сөйлегеннен басқа бітіргені шамалы еді ғой. Деспотия дәуірінде  біздің айтқанымызды ұғар жан табылар ма?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Қатысты Мақалалар