Қазақстанда жанармай бағасы арзандай ма?

/uploads/thumbnail/20170708193539789_small.jpg

Астанада өткен брифинг барысында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев  АИ-92, АИ-93 маркалы жанармайдың бағасын мемлекет қадағалап, реттеп тұра алмайтындығы туралы айтқан еді. Бұл туралы біз «Қамшы» порталының жаңалықтарында жазған болатынбыз. Сонымен қатар,  премьер-министр АИ-80 маркалы жанармай мен дизель отыны бойынша баға сақталатыны туралы да мәлімдеп өткен болатын. Оның себебін аталмыш марканың қорда артығымен бар екендігін айтып түсіндірген еді. АИ-80 маркалы бензині 89 теңге, ал дизель отыны - 99 теңге. Бұл  тұста  реттеу  толық көлемде назарда ұсталатынын жеткізген еді. Бір қараған адамға бұл ақпарарат қымбаттап кеткен марка үшін ыңғайсыздана келіп, ұпай жинағанмен бірдей секілді әсер қалдырады.  Қордағы жанармайдың түбі көрінбес үшін Ресейден жанармай тасымалдап, мұнай өнімінің бағасын ауытқымалы режимге салуымызға тура келді деген мәлімдемені естігенде көкейге сауалдардың қаумалап келіп қонақтағаны бар. Біздің үкімет теңгені еркін айналымға жіберді. Жанармайдың бағасын да реттеп отыра алмаймыз дегенді жеткізіп отыр. Сонда үкіметте істейтін не жұмыс қалды? Теңге мұхитта акуладан қашқан аш балықтай өзі «еркін жүзетін» болса,  мұнайдың да өнімін қадағалауға қауқарсыздық танытса, осы екі саланы қадағалауға арналған министрлікті босату керек шығар. Қазір онсыз да, дағдарыстың салдарынан барлық мекемелерде қысқарту болып жатыр. Ендеше біздің бас мекемеде де қысқарту орын алуы тиіс. Мұнай өнімі мен валютаны реттей алмайтын министрлікте қысқарту  болуы тиіс екендігін біздің «сайдың тасындай етіп» сайлаған қалаулыларымыз жеткізуі тиіс. Халықтың сөзін үкіметке жеткізуге пәрменсіз «тастар» халықтың өзінің маңдайына ыршуды  мақсат тұтып отырмаса игі. Осы тұста теңгенің құнсыздануына арналған түсіндірмелерді естеріңізге алыңыздаршы. «Әлем бойынша мұнай бағасы құлдырап кетті. Ал біз «шикі» мұнай өндіретін ел ретінде бұған дайын болуымыз керек. Мұнайдың бағасының құлдырауы-теңгенің құнсыздануына алып келді. Себебі біздің экономиканың бел омыртқасы-мұнай болып табылады» Осылай емес пе? Күллі әлем бойынша мұнай бағасы құлдырап, бірақ біздің елде мұнай өнімінің құны аспандап кетуі- адамның күлкісін келтіреді. Ашулы күлкі. Шикі мұнайды өндіріп тастап, жанармайды Ресейден тасу-біздің түбімізге жететін секілді ме, қалай өзі?  Мұнайды экономикасының-беломыртқасы ретінде санаған ел  «жеміссіз» жобалар жасап, зауыттар салғанша, шикі мұнайды өндіруге арналған алып зауыт неге салмады? Дәл қазір жанармай қымбаттап, қараша қалың талқыға салып жатқанымен, « реттей алмайтын» үкімет үшін бұл таңаларлық мәселе емес.  Олар үшін ең бастысы сол талқыға алғандардың  даурығып, ұлы дүмпу жасамауы мағызды. Мұнайдың адамзат өміріндегі басты қуат көзі болу мүмкіндігін тоқтатуға «алыптар» мүдделі болып отыр. Олай етпегенде, ислам әлемі күн өткен сайын қуаттанып барады. Олардың кеудесін тік ұстап, туристерді қаржы орталығына айнала  Мұнай ғана кінәлі. Ал осы бас күнаһардан адамзатты «арашалап »  қалу қажет. Біздің биліктің 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық көрмеге соншалықты үмітпен қарауының себебінің мәні де осында жатыр. Энергияны мұнайдан ғана емес, табиғи құбылыс көздерінен алуға тырысатын елдерден соны үйреніп қалғысы келеді. Көрмені өткізбей жатып ақшасына таласқан билік ғылымы озық елдерден қуат көзін өндірудің өзгеше тәсілін үйренуге дайын дегенге сенудің өзі сәл қиындау болып тұр.

Теңгенің құны қашқан күні бағаны көтергендер жазаланады деген сабырға шақыру сөзін естіген болатынбыз. Бірақ құнсыз ақша бір ай өтпей жатып өзінің қауқарсыздығын танытып үлгерді. Ал девальвация салдарынан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіргеннен кейін Қырғызстанда Қытай мен Түркия сияқты елдерден әкелінетін тауар бағасы  қымбаттап кеткен. Өз кезегінде Қырғызстаннан келетін тауарлардың бағасы біздің елде де шарықтайды деген сөз. Сонда «біздің теңгеміз құлдырап жатқанда, сендер де жағаласып тауарларыңды қымбаттатыңдар»,- деп біз Қырғызстанға жаза қолдана аламыз ба? Айналып келгенде жазаны халық қана тартып отыр. Енді не болмақ? Билік реттей алмаған жанармайдың бағасы бұрынғы қалыпқа келе ме? Былтыр 125 теңгеге дейін қымбаттаған жанармай бағасына биылғыдай түсініктеме берілмеген болатын. Биылғы түсіндіру бұрынғыдан өзгерек.  Бағаны реттеуге үкіметтің шамасы жетпеген жерде үміт  те жылт ете қоймас.

Айнұр Төлеу

«Қамшы» сілтейді

Қатысты Мақалалар