Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев 28 ақпан күні митинг өткізгелі отырған белсенділердің әрекеті заңсыз екенін айтып, үндеу жолдады.
– Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елдің әртүрлі аймақтарында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда.
Осыған байланысты, Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заңмен реттелетінін түсіндіреді. Бұл заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді демократияландырып, жеңілдетті. Нақты айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.
Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі.
Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі, – деді Дембаев.
Оның айтуынша, аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
– Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі. Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді, – деді ол.
Бас прокурордың орынбасары заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттар белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуға және өткізілуге тиіс екенін ескертті.
– Заңды (3-баптың 3-тармағын) бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы ((25 тәулікке дейін қамауға алу) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді, – деді Дембаев.
Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.
Пікір қалдыру