Алматы. Қамшы порталы - «Абайлаңыз, балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шымкент қаласының тәртіп сақшылары «Бірінші сыныпқа баратындарды жаяу жүргіншілер қатарына қосу» акциясын ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оқушыларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ, балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару.
Қаладағы №1 А.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының бірінші сынып оқушыларының қатысуымен өткен акцияға тәртіп сақшылары «Ақбота» ойыншықтар театрын шақырды. Әртүрлі бояулармен безендірілген қойылым балаларды көшеде өзін қалай ұстау керектігіне және өз бетінше жол қозғалысы қатысушысы болуға үйретіп, жол қозғалысы ережелерінің маңыздылығын оқушыларға сұрақ-жауап сайыстарын ұйымдастыру, жұмбақтар қою арқылы түсіндірді. Іс-шараға 500-ге жуық бірінші сынып оқушылары қатысты.
Жалпы, сала мамандарының берген мәліметінше, ағымдағы жылдың 8 айында оңтүстік өңірінде жаяу жүргінші балалардың қатысуымен 277 жол-көлік оқиғасы орын алып, 23 бала қайтыс болған. 263 бала зардап шеккен.
Ал Миллионға жуық тұрғыны бар Шымкентте білім күні қарсаңында жеті білім беру нысанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылған болатын. Бүгінде шаһардағы 126 мектепте 148 мыңға жуық оқушы оқиды. Бұл облыстағы мектептерде білім алатын 602 мың оқушының 25 пайызына жуығы Шымкент қаласындағы мектептерде білім алады дегенді білдіреді. Биыл Оңтүстік Қазақстанда мектеп табалдырығын алғаш аттаған 70448 оқушының 21 мыңнан астамы Шымкенттегі мектептерге қабылданды. 2015-2016 оқу жылында 1-сынып оқушыларының 30 пайызы облыс орталығындағы білім ошақтарында дәріс алмақ. Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды қамту көрсеткіші 77 пайызға жетті. Шаһарымызда жыл соңына дейін жаңа алты балабақшаның құрылысы аяқталмақ. Еліміздегі ірі қалалардың санатына енген Шымкент қаласында бүгінде 296 мектепке дейінгі ұйым белсенді жұмыс жасауда.
Дереккөзі: shymkent.gov.kz