Журналист шалып құлатқан босқын Испанияда футбол клубын жаттықтырады

/uploads/thumbnail/20170708194328324_small.jpg

«Мен сіздерді сүйемін, мен Мадридті сүйемін, мен Испанияны сүйемін. Барлығы үшін рахмет сіздерге. Бұл менің өмірім үшін өте маңызды». Бұл Сириядан қашқан босқын әке, футбол бапкері Осама Абдул Мохсанның еуропалықтарға айтқан ризашылық сөздері.

Естеріңізде ме? Жақында балалы босқынды аяғынан шалып құлатқан венгрлік журналист туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын.

Венрияның  мемлекеттік «N1TV»   телеарнасының операторы Петро Ласло баласымен қашып бара жатқан босқынның аяғынан шалып құлатқан және босқындарды теуіп жүрген видеосын әлеуметтік желіге жариялағаны үшін қызметінен қуылған еді.  Әлеуметтік желіге таралған видеодан көгілдір жейдедегі оператор  полициядан қашып бара жатқан босқынды баласымен қоса шалып құлатқаны анық көрсетілген.  Ал қолына кішкене баласын көтерген ер азамат «бала, бала»,-деп жанұшыра дауыстағаны ет жүрегімізді сыздатқаны өтірік емес. Оқиға Венгрияның оңтүстігінде орналасқан Реске босқындар лагерінде болған еді.

Әлемдік БАҚ-тың  және Еуропалық одақтың назарын аударған бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік ортада қызу пікір-талас орнаған. Көпшілік қауым онсыз да бас сауғалап бара жатқан босқындарды теуіп жүрген журналист қызды ағаш есекке отырғызып қойып, сыбап бергені де рас.

«N1TV»   арнасының бас редакторы да, «Біздің әріптесіміз бүгін өзін ғана емес, бізді де масқаралады.  Өзін лайықты көрсете алмады»,-деген болатын.

Осы оқиғадан кейін Сириядан қашқан балалы босқын әкенің бұрын танымал футбол бапкері болғандығы анықталған. Ал Испаниядағы футбол бапкерлерін оқытатын ұлттық орталықтың өкілі Мигел Анхель Галан  сириялық Осама Абдул Мохсанның оқиғасына бей-жайлық танытпаған. Тіпті, біраз күн бұрын келешегі бұлыңғыр болып тұрған Осама Абдул Мохсанға Испаниядағы футбол клубына бапкер болуға ұсыныс та білдірген.

Мигел Анхель Галан,  Испаниядағы футбол бапкерлерін оқытатын ұлттық орталықтың өкілі:

-Мохсен мен оның екі ұлы Сириядан Еуропаға дейін ауыр да қиын жолды жүріп өтіп, міне Мадридке келді. Біз де мұнда Мохсан мен оның отбасына жылы құшағымызды ашамыз. Еуропа одағы саясаткерлері мен біздің билік босқындарға жәрдемдесуі керек. Олар осы жерде жақсы жұмыс тауып, азаматтық алуларына көмектесуіміз керек. Біз бұл адамдарға көмек қолымызды созуға міндеттіміз.

Түйін 1: Дәл осы Мохсен мен оның отбасының тағдары әлеуметтік желінің арқасында әлемдік БАҚ-тың назарына ілікті. Әуелде әлеуметтік желілерде бала құшақтаған ер азаматтың омақаса құлаған видеосы таралды.  Кейін оны венгр журналистінің  шалып құлатқаны белгілі болды. Иә, Мохсен де мыңдаған босқынның қатарында Венгрия шекарасын басып өтпек болып, полициядан қашып келе жатқан еді.

Егер де сол журналист, Петро Ласло, сириялық Мохсеннің аяғынан шалып және теуіп құлатпаған болса, ол да мындаған босқынның бірі болып қала берер ма еді?

Енді Мохсен үшін бұның барлығы артта қалды. Жаңа жұмыс тапты. Тіпті жергілікті билік Мохсенге және оның отбасына  үй беруге уәде еткен де.

Түйін 2: «Тепкеннің» барлығы жаман болмайды екен. Рас айтамын. Жақында қазақстандық шенеуніктің баласы да сатушы қызды көкрегінен теуіп құлатқан еді ғой. Кім білсін мұның аяғы қалай болады екен?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

 

 

Қатысты Мақалалар