Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Ол мемлекет басшысына елдегі қазіргі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері туралы айтты.
Министрдің мәліметінше, ведомство қылмыстың көптеген түрлерін ашу көрсеткіштерін жақсартқан. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылаған. Алайда, интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар саны артқан. Бұған пандемия кезіндегі онлайн-қызметтердің өсуі ықпал еткен.
Тұрғымбаев президентке вакцина алғандығы жөнінде жалған құжаттар таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Жыл басынан бері полиция органдары 50-і жалған вакцинация паспорттарын және 60-ы жалған ПТР-анықтамаларын жасағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғаған.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, карантин шараларын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Пікір қалдыру