Шымкентте шілде айында 10 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленді

/image/2021/08/24/crop-173_13_609x812_5.jpg

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, шілде айында 9746 отбасыға, яғни, 45 046 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек төленген. Атаулы әлеуметтік көмекке өтінішті электронды үкімет порталы арқылы онлайн тапсырып, азаматтар өздеріне қатысты мәліметті ЭЦҚ кілтін қолданып біле алады.

Халық денсаулығының қауіпсіздігін қорғау мақсатында АӘК алуға құжат тапсыру, оның тағайындалғаны жөнінде білу және төлемдерді жүргізу жұмыстарының барлығы онлайн жүйеде атқарылуда. Ол азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы мен «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» заңына сәйкес, отбасының табысы кедейшілік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға тағайындалып, төленеді.

2021 жылдың үшінші тоқсаны бойынша кедейшілік шегі 23 678 теңгені құрайды. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың 260 мыңнан астамы таратылды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік тауарлары ай сайын, ал тұрмыстық химия тоқсан сайын таратылуда. Азық-түлік тауарларының ішінде түрлі жарма, сүт, шырын, пюре және т.б. бар. Бұл азық-түлік өнімдерін темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша таратылады. Әр балаға бір кепілдендірілген пакеттен беріледі.

Азық-түліктер «Gramad» сауда үйінің дүкендер желісінде күнделікті және демалыссыз сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін таратылады. Сауда үйі кепілдендірілген әлеуметтік пакетті тек қана @aspgramadbot телеграм боты арқылы хабарлайды. Бот арқылы азық-түлік беру бекеттерінің мекенжайларын және күні мен уақытын білуге болады. Ол үшін баланың ЖСН нөмірін енгізу қажет. Азық-түлік сапасына арыз-шағым түскен жағдайда сауда үйі затты ауыстыруға кепілдік береді.

Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек – бұл мемлекеттен уақытша қаржылай қолдау. Азаматтардың жағдайын жақсартып, аяққа тұрып кету мақсатында төленеді. Тұрғындар мұны жіті ұғынуы тиіс.

Шартты ақшалай көмек табысы аз жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті немесе құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға көрсетіледі. Жұмысқа қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда ғана атаулы әлеуметтік көмек беріледі.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар