ОҚО әкімі Сайрамдағы апатты мектептің жайымен танысты

/uploads/thumbnail/20170708194948479_small.jpg

Бүгін, 23 қыркүйек, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болды. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы алдымен, Ақсукент ауылындағы тозығы жеткен «Мақатаев» жалпы орта мектебінің жағдайымен де танысты.

Аталған білім ұясы 1964 жылы балабақша болып ашылып, 1990 жылдардан бері ыңғайластырылған мектеп ретінде жұмысын жалғастырып келген. Бүгінде 400 бала оқуы тиіс мектепте 800 бала білім алуда. Осы мәселемен танысқан облыс басшысы алдағы уақытта бұл жайтты кеңінен қарап,жаңа ғимарат салуға бюджет қарастыруды тапсырды.

Өткен жылы ауданда бес мектеп салынып, пайдалануға берілсе, биыл 3 білім ошағы ашылды. Ал осы жылы төрт мектептің құрылысы жүруде. Айта кетерлігі, мектеп нысандарының құрылысын жергілікті бюджеттен салуға қауқарлы аудандардың бірі.

Естеріңізде болса, ҚР Білім және ғылым министрі Қазақстандағы апатты жағдайдағы мектептер 3-4 жылдың ішінде жойылады деген болатын.

– Біздің елімізде бүгінгі таңда жыл сайын жүзден астам су жаңа мектептер пайдалануға беріліп жатады. Мұндай жобаларға мемлекет тікелей араласып қаржы бөлініп, арнайы бағдарламалар аясында ойдағыдай іске асырылып келеді. Тап осы қарқынмен жүріп отыратын болсақ, алдағы 3-5 жыл ішінде біз республикамыздағы мектептерге түрлі деңгейлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жайын біржақты шешетін боламыз. Соның ішінде ерекше атап айтарым, апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі түпкілікті шешілетін болады, – деді Аслан Бәкенұлы өз сөзінде. 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар