Ол
Түсінбей сөгілгем мен
Кей ұғымды.
Ол -
Қатал боп көрінгенмен,
Мейірімді!
Өмірін көпке сене,
Сүреді бар.
Ол -
Сезімім жоқ десе де,
Жүрегі бар!
Ар дейтін ақ кеседе,
Жыры тұнар.
Ол -
Өкініп, " Қап! " десе де,
Үміті бар !
Тағдырға кектенсе де,
Ермегі боп.
Ол. . .
Білмеймін деп келсе де,
Тергені көп.
Күйгенім көп десе де,
Биік қыран!
Ол. . .
Сүйгенім жоқ десе де,
Сүйіп тұрам!
Қаласаң
Үндемесін деп қаласаң.
Мылқау боп- ақ өтейін!
Күнде келсін деп қаласаң,
Сылтау көп- ақ, жетейін!
Сағынбасын деп қаласаң,
Сағынбай -ақ жүрмекпін.
Табылмасын деп қаласаң,
Жоғаламын Құрметтім!
Көрмейінші деп қаласаң,
Саған жолап, бармайын.
Сөнбейінші деп қаласаң,
Сөнбес сəулем бар дайын!
Ұмытсыншы деп қаласаң,
Ұмытамын көппенен.
Жылытсыншы деп қаласаң,
Жүрегімнен от берем!
Іздеп келші деп қаласаң,
Алып ұшып жетем бек.
" Біз"деп көрші деп қаласаң,
Сағынысам екеу боп!
Өлең өріп өтем де əр күн,
Жақұтыңа баласаң.
Бағың болып кетем бəлкім,
Бақытым ау, қаласаң!
Сен ғана емес
Сен ғана емес, таңдарда,
Тауқымет көрген тағдырдан.
Сен ғана емес, жалғанда,
Жұбаныш іздеп қаңғырған!
Сен ғана емес, алауын,
Сөндірді бір кез бəрі де.
Сен ғана емес, қалауын,
Таба алмай жүрген əлі де.
Сен ғана емес, жоқ шыны,
Өтірік өзін сүйдірген.
Сен ғана емес, өксігі,
Өзегін өртеп күйдірген.
Сен ғана емес, жерде жоқ,
Іздеген бірін жақсының.
Сен ғана емес, пенде боп,
Құлы боп кеткен нәпсінің.
Сен ғана емес, жылудың,
Елінен ерек шет қалған.
Сен ғана емес, сұлудың,
Құшағын пана деп қалған.
Сен ғана емес сұрақ көп,
Күнəсі артып, төгілген.
Сен ғана емес, жылап кеп,
Кететін жылап өмірден!
Сен үшін
Жанымда тоңамын десең,
Қорықпа, жылыта салам.
Қасымда боламын десең,
Бəрін де ұмыта салам.
Төземін жасырын сынасаң,
Ренжимін несіне саған?
Кешір деп Асылым сұрасаң,
Қайтадан кешіре салам.
Еңсені басса қайғы мұң,
Жаманды жақсарта салам.
Берсе де əлем байлығын,
Сен үшін бас тарта салам.
Сұрағым кеп тұрғанда да,
Жоқ мүлде сырым дей салам.
Жылағым кеп тұрғанда да,
Сен үшін күлімдей салам.
Сондай ем бұрыннан десең,
Ар жағын қазбай өтемін.
Шаршадым жырыңнан десең,
Мақұл деп, жазбай кетемін.
Ешқайда бармашы десең,
Бармаймын, тыңдап өтемін.
Мен үшін арнашы десең,
Өзімді құрбан етемін.
Бəрін де байқадым деші,
Барыңда бағалаймын деп.
Бірақ та айта көрмеші,
Ештеңе қаламаймын деп. . .
Кім білген ?
Ынтық еткен өмірге
Кеудемдегі отпысың?
Күрделім, шешілші!
Оған деген сезімімді
Жеткізуге жоқ күшің.
Өлеңім ,кешірші !
Бағасына жете алмасам,
Кінəлама кеш мұны.
Ауырлау ол маған.
Елестете алмақ емес
Адамзаттың ешбірі.
Ешкімге қонбаған!
Сүйем десе мені біреу
Күйіп, қалар күл ерін.
Жалынды құшпақ құр.
Сол алапат құдіретті
Кіп- кішкентай жүрегім,
Қалайша ұстап тұр? !
Көмейімнен үзілгенде
Сағыныштан жыр құлап.
Жұбатар болшы өзің.
Сен жабырқап қалғаныңда Жанарыңды сүртіп ап,
Қорғайды сол сезім.
Жап жарық боп жүрегіммен
Шағылысып шырайлы,
Төбемде жатыр Ай.
Бірақ осы күйім маған
Соншалықты ұнайды,
Қайтемін апыр - ай!
Келмейтінін біле тұра
Жүре берер тосып ай.
Жасырам сыр кімнен?
Өзіңді өзің танымастай
Сүю деген осылай ...
Боларын кім білген?
Қайтадан
Құшағыма жалғыздықты жастасам,
Түн əдемі айтады əн.
Сағынышты тұншықтырып тастасам,
Сен босаттың қайтадан.
Тоғыспайды жолым бөтен сенімен,
Баяғыда- ақ байқағам.
Жазбаймын деп жүргенімде, желіден,
Сен жазасың қайтадан.
Кейде тіпті кезіккенге өкініп,
Төзімімді шайқағам.
Жылап қалсам жұбанпастай өкіріп,
Сен жұбаттың қайтадан.
Көңілсіздеу өміріме, сен күлсең,
Оралардай қайта мəн!
Жоғалттым ғой, іздемеймін деп жүрсем,
Сен табылдың қайтадан.
Өзімнен де, қателік бар сенен де,
Өтті, деме қайтарам.
Енді өлеңді арнамаймын дегенде,
Жырланасың қайтадан.
Біле алмадым енді біздер нетерміз?
Сен барыңда жай табам.
Жылдар салып есіңде ме екеуміз,
Жолығыппыз қайтадан.
Көктем өтті, көңілге енді күз келді,
Енді қайтіп, жайқалам?
Біліп жүрмін қосқан тағдыр біздерді,
Бөлетінін қайтадан. . .
Мергүл Асылханова
Пікір қалдыру