Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында VI республикалық «Worldskills Kazakhstan» чемпионаты басталды. Маңғыстау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтауда «Worldskills Kazakhstan» чемпионатының «Наубайшы ісі» құзыреттілігі бойынша конкурстың ашылу салтанаты өтті. Шарада Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова қатысушыларға сәттілік тілеп, өз лебізін жеткізді.
-«WorldSkills» чемпионаты техникалық және кәсіптік білім саласындағы басты көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Республикамыздың 180 колледжі «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталып, ұлттық чемпионатты өңірлерде өткізу мүмкіндігі туды. Маңғыстау туризм колледжінің базасында бұл конкурстың өтуі облыс үшін де үлкен мәртебе. Сіздер әрбір сала мамандықтарын халықаралық деңгейге сай дәрежеде меңгеріп, шетелдік кадрларға бәсекелестік тудыратын маман болуыңыз қажет. Себебі қазір елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес әр өңірде жаңа өндірістік кәсіпорындар салынуда. Оларға білікті кәсіби жұмысшы мамандары ауадай қажет»,-деді Гүлмира Қалмұратова.
Алдағы үш күнде Ақтаудағы туризм колледжінде әр аймақтан келген 15 студент пен сарапшылар өз бақтарын сынайды. Айта кетейік бүгін конкурстың қатысушылары үшін жұмыс орындарын дайындау кезеңі өтеді. Содан соң «Aktau Tourism City Ltd» RIXOS қонақүйіндегі TETYSBLU паркіне саяхат жүргізіледі. 9, 10, 11 қараша күні конкурстың негізгі бөлімі өткізіліп, 11 қарашада CIS бағалау жүйесінде қорытынды шығарылады.
Пікір қалдыру