АҚШ Бейжіңнің олимпиада алауын ұстау үшін этникалық ұйғырды таңдағанын сынады

/image/2022/02/08/crop-7_5_270x388_us-criticizes-chinas-choice-of-olympic-torchbearer-400x280.jpeg

АҚШ Қытайдың олимпиада алауын ұстаушы ретінде этникалық ұйғырды таңдағанын сынап, мұны "Бейжіңнің Шыңжаңдағы азшылыққа жасалған қатал саясатын жасыру" деп атады.

Бейжіңдегі қысқы олимпиада кезінде 20 жастағы шаңғышы Динигер Илиямжан алау ұстаушы ретінде таңдалған.

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы АҚШ елшісі Линда Томас-Гринфилд CNN арнасына берген сұхбатында Бейжіңнің бұл әрекеті – Шыңжаңдағы қатал саясатты жасырып жабу екенін айтады.

Томас-Гринфилд Шыңжаңдағы этникалық азшылықтардың азапталып жатқанын жеткізіп, "олар адам құқықтары тапталуының құрбаны болып отыр" дейді.

"Біз онда геноцид жасалғанын білеміз" деген Томас-Гринфилд Американың өзге саясаткерлерінің де, АҚШ президентінің де "геноцид" туралы әлемге жариялағанын айтады.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) алау ұстаушыны таңдау туралы дауды жоққа шығарды.

ХОК өкілі Марк Адамс Илиямжанның алау ұстауға "барлық құқығы бар" екенін мәлімдеді. "Біз адамдарды қай жерден, қайдан шыққанына байланысты кемсітпейміз" деді ол.

Айта кетейік, Қытайда соңғы онжылдықтардағы ең ірі дау тудырған олимпиада ойындары өтіп жатыр. Ақ олимпиадаға спортсүйер қауым қызыққанымен, Қытайдағы адам құқықтары жағдайы бірқатар елдерді ойындарға дипломатиялық бойкот жариялауға итермеледі. 

АҚШ, Ұлыбритания және Канада Австралия, Литва, Косово, Бельгия, Дания және Эстония сияқты елдер кезекті қысқы олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған елдер қатарында.

Олардың барлығы спортшыларын жарысқа жіберсе де, ешбір министр немесе шенеунік қатыспады.

Жапония ойындарға ешқандай үкімет министрлерін жібермейтінін, бірақ олимпиада шенеуніктерін жіберетінін айтты.

Жаңа Зеландия, Австрия, Словения, Швеция және Нидерланды ойындарға үкімет өкілдерін жібермейді.

Ойындарға бойкот жариялаған елдердің кейбірі Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты азшылыққа Бейжің тарапынан жасалған қатал саясатты "геноцид" деп атаса, кейбірі провинциядағы адам құқықтарының бұзылуын "адамзатқа қарсы қылмыс" деп сипаттайды.

Қытай басшылары мен мемлекеттік БАҚ дипломатиялық бойкотты "саясиландыру" деп бағалады.

Бастапқыда Қытайдың Шыңжаңдағы қатаң саясаты "халықтарды күштеп ассимиляциялау және "этноцид" немесе "мәдени геноцид" ретінде сипатталды. Кейінірек толығырақ мәліметтер жиналды, кейбір үкіметтер, белсенділер, тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар, адам құқықтары жөніндегі сарапшылар мен ғалымдар геноцид конвенциясындағы анықтаманың "этникалық топ ретінде жою ниеті" аспектісіне назар аудара отырып, оны "геноцид" деп атады.

Шыңжаңдағы азшылыққа жүргізіліп жатқан қатал саясатқа халықаралық реакциялар әртүрлі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің кейбірі Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қытайдың саясатын айыптайтын мәлімдемелер жасады, ал кейбір елдер Қытайдың саясатын қолдады.

2020 жылдың желтоқсанында Халықаралық қылмыстық сот юрисдикциялық негізде Қытайды тергеуден бас тартты. Америка Құрама Штаттары адам құқықтарын бұзуды "геноцид" деп жариялаған бірінші ел және оның қорытындысын 2021 жылғы 19 қаңтарда жариялады. Бірнеше елдің парламенті Қытайдың әрекетін "геноцид" деп таныды: Оған Канаданың Қауымдар палатасы, Нидерланд парламенті, Ұлыбритания Қауымдар палатасы және Литва Сеймі сияқты заң шығарушы орындары кіреді. Жаңа Зеландия, Бельгия, және Чехия сияқты елдердің парламенттері Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр сияқты азшылыққа жасап жатқан қатал саясатын "адам құқықтарын өрескел бұзу" немесе адамзатқа қарсы қылмыс ретінде айыптады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар