Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдегі ең озық 300 университеттің қатарына қосылды. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми ұлттық университеттің басшылығын, барлық профессорлар мен оқытушылар құрамын әлемдегі ең озық 300 университеттің қатарына қосылуымен құттықтады.
«Университет рейтингісінің тек соңғы жылы 30 позицияға жақсаруы үйлесімді, мақсатқа бағытталған және кәсіби жұмыстың тікелей нәтижесі болып табылады. Бұл - универститет ұжымының мүмкіндіктері мен орасан әлеуетінің айқын айғағы.
Қазақ ұлттық университетінің алда да үлкен жетістікке жетуі өте маңызды. Бүгінде ол инновациялық білім мен оларды қоғамдық өмірде іс жүзінде қолданудың нағыз кластеріне айналды. Университеттің көптеген ғылыми-зерттеу жобалары мен тәжірибелік-конструкторлық зерттеулері әлемнің 30 озық елінің қатарына кіруді мақсат тұтқан республикамыздың одан әрі дамуы үшін берік іргетас болып табылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары мен оқытушылар құрамына тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін алдағы уақытта да жемісті еңбек, толайым табыс және жаңа жетістіктер тілеймін!», делінген хатта.
Пікір қалдыру