Елбасы төрт облыстың әкімімен кездесті

/uploads/thumbnail/20170708200042058_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен және мұнайлы өлкедегі ірі өндіріс басшыларымен кездесіп, кеңейтілген кеңес өткізді.
Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландырудың және
«Нұрлы жол» жобасын жүзеге асырудың жайына тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Қытай Халық Республикасына сапар барысында біз қытай тарапымен сомасы 23 миллиард доллар болатын келісімшарт жасастық, ондаған нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бірлескен кәсіпорындар әртүрлі шарттар негізінде құрылатын болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан үшін тиімді трансқұрлықтық логистикалық жоба болып саналатын «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасымен сабақтасатынын айтты.
— Бұл бағытта қазірдің өзінде аз жұмыс істелген жоқ. Бүгінде Қытайдағы Ляньюньган портындағы біздің терминалмен АТМ (Азия-Тынық мұхит) елдерінен Қазақстан арқылы Еуропаға 250 мың контейнер жіберіліп жатыр. 2020 жылға қарай ол екі еселенеді. Бұл пойыздардың жүріп өтетін жолында бизнес-құрылымдар пайда болады. Сонымен қатар Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының құрылысы аяқталуға таяп қалды. Бұл жоба да зор мүмкіндіктерге ие. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында батыс өңірде сомасы 345 миллиард теңге болатын жобалар жүзеге асырылады. Бірінші рет біздің елде кемелер мен паромдар құрастыратын комбинат салынуда.
Ресейге шығатын Ақтөбе — Атырау, Атырау — Астрахань, Орал — Каменка автомобиль жолдары салынып жатыр. Бұл жобалардың барлығы экономикамызға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетін болады, — деді Мемлекет басшысы.
Кеңесте Елбасы Қазақстандағы өнеркәсіптік өнімдердің жартысы елдің батыс өңіріндегі төрт облыста өндірілетінін атап өтті.
— Бұл облыстардың дамуының бүкіл экономикамыз үшін маңызы зор. Жер аумағының үлкендігіне байланысты елдің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар. Батыс мұнай өндіруге және өңдеуге маманданған. Соған байланысты біз нақ осы саланың дамуына мол инвестиция салып жатырмыз, — деді Елбасы.
Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде инфрақұрылымдық құрылыс ауқымын кеңейту қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы төрт облыстың әкіміне мұнай-газ саласының айналасында шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды.
— Атырау облысында шағын және орта бизнес үлесі 8 пайызға, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 17 пайызға тең. Бірақ мұнайлы өңірде шығарылатын өнім көлемін кеңейтуге ықпал жасау керек. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады, — деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өндіруші кәсіпорындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін индустриялық аймақ құру мәселесін қозғады.
— Мысал ретінде Шеврон компаниясын айтуға болады, оның жұмысын арматура және құбыр шығаратын зауыттар қамтамасыз етеді, сәйкесінше өңірдің әлеуметтік дамуына қажетті қаражат түсуде, — деді Н.Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ индустрияландыру және инфрақұрылымдар құрылысы жөніндегі жоспарларды жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қарауды тапсырды.
Жиында сөз алған біздің облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы айта келе, Үкіметке өтінішін білдірді.
— Бір өтінішім бар. Ақтөбе мен Атыраудың арасындағы салынып жатқан жол ертең Ресей шекарасына шығады. Әсет Өрентайұлына, өтініш. Барлық құжат дайын. Қыркүйекте тендер өткізіледі. Сол тез өтіп, сол жұмыс биыл басталса екен, — деді Бердібек Сапарбаев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ресурстардың бағасы төмен болған жағдайда айтарлықтай жоғары қосымша құнды қамтамасыз ете алатын мұнай химиясы саласын дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болатын бірқатар индустриялық жобаларды дамыту перспективалары да талқыланды.

Интернет материалдары бойынша әзірленді

қамшы сілтейді

дереккөз: qazaquni.kz 

Қатысты Мақалалар