Айдын Айымбетов жерге оралды

/uploads/thumbnail/20170708200043511_small.jpg

Аспан әлеміндегі он күндік сапардан соң, сенбі күні Айдын Айымбетов серіктерімен Жер бетіне оралды. Серіктері — ресейлік Геннадий Падалка және даниялық Андреас Могенсен. Үшеуін көтерген капсула Қарағанды облысының аумағына сәтті қонды. Ғарышкерлер Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 146 шақырым жерге түсті.
Жезқазған даласына қонған ғарышкерлерді күтіп алушылардың қатарында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұлы Әмір де болды.
Үш ғарышкерді Елорда әуежайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы күтіп алды.
— Біз баршамыз сіздердің аман-есен оралғандарыңызды тіледік. Әрине, барлық Қазақстан халқы біздің үшінші ғарышкеріміз Айдынның сәтті оралуын күтті. Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойлы жылында бұл өте айрықша мәні бар оқиға. 1960 жылы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдың» құрылысы басталды. Дәл осы жерден адам жердің тартылыс күшін еңсеріп, алғашқы жер серігі, бірінші адам ғарышқа ұшты. Содан бері біз «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан адамдардың барлығын өзіміздің жерлестеріміздей қабылдаймыз. Ғарышкерлердің аман-есен оралуына сіздермен бірге қуанып, жылы қабылдаймыз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Айдын Айымбетовтің ғарыштағы зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізгенін әңгімеледі.
— «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан жерінде болғаннан кейін, біз ғарыштық мемлекеттердің қатарына кіреміз. Сонымен бірге, еліміздің аспандағы жер серіктері бар. Оның барлығы тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Айдын ғарышқа бекер көтерілген жоқ, яғни ол ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сәйкесінше, бұл зерттеулердің бізге үлкен пайдасы бар, — деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы дүниежүзінде 200-ден астам мемлекет бар екенін, алайда олардың басым бөлігінде өздерінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екенін атап өтті.
— Дүниежүзі елдерінің бірен-сараны ғана болмаса, барлығы бірдей ғарышкерлерін зеңгір көкке ұшыра алмай отыр. Мұндай бақ бізге бұйырған. «Роскосмостың» қолдауы арқылы ғарышкерлерді оқытып, ұшырдық. Бірінші ғарышкеріміз — Тоқтар, екіншісі — Талғат, үшіншісі — Айдын. Біз өте қуаныштымыз.
Ғылыми жағынан, техникалық өркендеу тұрғысында ғарыштық зерттеулермен айналысқан өте дұрыс. Біз Ресеймен осы жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. Бұған шыққан шығын ғылыми зерттеулер мен Қазақстанның атағы үшін қайтып келеді деп санаймын, — деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында сөз алған Айдын Айымбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.
— Президент мырза, маған артқан үлкен сеніміңізге рақмет айтамын. Және қолдау көрсеткен Қазақстан халқына алғысым зор. Жоспарлаған сынақтар сәтті орындалды.
Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің басшылығыңызбен біздің еліміз алға жылжып, ғарыш саласы дамып келе жатқандығына өте қуаныштымын, — деді ғарышкер.
Айта кету керек, Айдын Айымбетов 2 қыркүйекте «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшқан болатын.
«Айдын аспанда не тындырды?» Ол ғарышта 4 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, физика саласы бойынша зерттеулері нәтиже бере бастады. Ғарышкер Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары жүктеген жерүсті жағдайында алуға келмейтін кристалдарды сынақтан өткізді. Ғалымдар 8 күн бойы Мәскеудегі ХҒС-мен тікелей байланыста болып, нәтижесінде Кулонов кристалдары атты жаңа құрылымға қол жеткізді. Қазір бұл жаңалық Германияда таныстырылып жатыр. «Болашақта осы плазмалық кристалдың пайдасы зор болады», — дейді ғалымдар.
Екінші бағыт. Биомедицина саласы. Бұл бағытта Адам және жануарлар физиологиясы институтының ғалымдары ғарышкердің операторлық жұмыс қабілеті, күйзеліс жағдайындағы мидың жұмысына бақылау жүргізді.
Бұл Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық сапарынан кейінгі екінші тәжірибе.
Қазақ тағамтану академиясының да Айдынның зерттеулерінен үміті зор. Олар алғаш рет ұлттық тағамдардан жасалған қоспалардың ғарышта адам ағзасына сіңірілуін сынап отыр.
Ғарышкердің Каспий теңізіне мұнайдың құйылуы, Арал өңіріндегі шаң-дауылдарды зерттеуі де экологиялық ахуалды жақсарту үшін аса қажет. Қорыта айтқанда, Айымбетовтің ғарыштағы он күні ғылымға үлкен олжа салмақ.

Биографиялық анықтама
Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылғы 27 шілдеде Алматы облысының Талдықорған қаласында туған. 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені «жоюшы-ұшқыш» мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі. 2002 жылы Ресей-Қазақстан мемлекетаралық бірлескен ғарышқа ұшу келісімі аясында Мәскеу қаласында медициналық комиссиядан өткен. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысы негізінде оған Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.

 

қамшы сілтейді

дереккөз: qazaquni.kz 

Қатысты Мақалалар