Мәртөк – өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан аудан. Оның аудан болып құрылғанына да 80 жылдың жүзі болыпты. Жақында мәртөктіктер ауданның 80 жылдық мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті.
Ауданның мерейтойына арналған салтанатты жиынға өлкенің өсіп-өнуіне әр жылдары өзінің сүбелі үлесін қосқан мәртөктік азаматтар мен азаматшалар, жергілікті тұрғындар қатысты. Мерейтойлық жиын аудан орталығындағы Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге қойылған ескерткішті салтанатты жағдайда ашумен басталды. Ауған соғысына 87 мәртөктік азамат қатысса, соның екеуі – Жақсығали Тәжіғұлов пен Анатолий Рудай сол соғыстан оралмапты. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұржауған Қалауов жиналғандарға құттықтау сөзін арнап, сонау ел басына ауыр күн туған аласапыран кезде Ұлы Отан соғысына 3 мыңға тарта жерлесіміз аттанғанын, олардың тең жартысына жуығы елге қайтып оралмағанын еске алды. Қазір ауданда сол бір сұм соғыстың бел ортасында болған екі-ақ ардагердің – Владимир Сычев пен Василий Лавренюктің қалғанынын атап өтті.
– Біз Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан және Ауған соғысынан оралмаған жауынгерлеріміздің рухына тағзым етеміз, олардың есімдерін әрдайым мақтан тұтамыз, – деп түйіндеді ойын аудан әкімі. Мерейтойға арналған маңызды шараның негізгі бөлімі аудандық мәдениет үйінің кең залында болды. Зал қонақтарға лық толды. Салтанатқа шақырылғандардың көбі еңбек ардагерлері. Олардың арасында бір кездері еңбегімен ел байлығын еселеген еңбек адамдары – малшылар, механизаторлар, шаруашылық басшылары бар.
Салтанатты жиында баяндама жасаған аудан әкімі Нұржауған Қалауов аудан тарихына тоқталып, алғашқы ұжымшар, мәртөктіктердің Ұлы Отан соғысына қатысуы жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Мәртөктен бес Кеңес Одағының Батыры шыққанын тілге тиек ете келіп, Александр Батурин, Константин Губин, Михаил Кожемякин, Евдоким Мазков және Федор Озмительдің есімдерін жерлестері жадында жаңғыртты. Сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ерлері Николай Горобец, Евдокия Ивощенко, Иван Пономаренко, Мария Чепигина және Григорий Шведтің аттарын да мақтаныш сезіммен атап өтті.
Ол биылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласында 7,5 мың тонна ет, 39,2 мың тонна сүт өндіріліп, 5,4 миллион дана жұмыртқа, 20,8 мың тонна дәнді және 1,7 мың тонна майлы дақылдар жиналғанын мәлім етті. Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар екеніне айрықша тоқталды. Бүгінде ауданда жұмыс істейтін 11 кәсіпорынның дені ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Өңір басшысы мәртөктіктердің арасында Омарбек Бердиев, Александр Варюта, Рамазан Ділмағамбетов, Нағашыбай Ердәулетов, Татьяна Мякишева, Анатолий Калюжный, Анатолий Яблуновский, Рафхат Мифтахутдинов, Үсен Жаманшалов, Рауль Мир-Хайдаров, Аққағаз Досжановтардың есімі елге жақсы таныстығын, олардың ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан жандар екенін алға тарта сөйледі.
Салтанатты сәтте Нұржауған Қалауов ауданның әлеуметтік және мәдени дамуы жолында еселі еңбек еткен және тер төгіп жүрген бір топ мәртөктіктерді өзгелерге үлгі етті. Ғабиболла Ойнақұлов Ауданның құрметті азаматы атанса, Қымбат Сүйінғалиева, Иван Классен, Шамиль Саринов, Василий Бондарев, Альфия Жүсіпова, Виктор Гончарук, Мұрат Айназаров, Валерий Бобырь, Әкімала Қарабалин, Серік Жақсыбаевтар «Жыл адамы-2015» құрметіне лайық деп танылды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Марат Тағымовтың жергілікті тұрғындарды ауданның мерейтойымен құттықтаған жеделхаты оқылды. Өз кезегінде жазушы Рауль Мир-Хайдаров осы өңірінде өткен балалық шағын еске түсіріп, туған топырағының жаны жайсаң адамдары жайлы әңгімеледі. Одан кейін мінбеге көтерілген ауданның бұрынғы әкімі Серік Ботағарин де жергілікті тұрғындарды, қонақтарды мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты шараның соңы жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламаға ұласты.
Мерейтой құрметіне ұйымдастырылған бәйгеге 16 сәйгүлік жіберілді. Жүйріктердің арасынан Родниковка ауылының шабандозы Жанарбек Ақшырақов мінген Малыш атты сәйгүлігі топ жарды. Тай жарыста Звездочка атты тайды тізгіндеген Ғасыр Қыстаубайұлы бас жүлдеге ие болды. Сол сияқты қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе, көкпарды қызықтаушылар көп болды. Боз кілемде күш сынасқандар арасында Дәурен Ермеков түйе балуан атанды. Бұл күні тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық ойындардан да жарыстар өткізілді.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Пікір қалдыру