Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер...
Кеш ауған уақытта Пхеньянда жүру бір ғана ойды тудырады – «неге сонша қараңғы?» деген. Жердің жасанды серіктері бірінен жасалған Солтүстік Кореяның әйгілі суреті де соған дәлел: ондағы Оңтүстік Кореяның жарықтар фестивалінің қасында КХДР қап-қара түнек болып бейнеленген. «Қамшы» порталы Солтүстік Кореяның ішкі жағдайы туралы материал ұсынады.
Жер бетіндегі ғарыштық қара түнек өмірде шынайы келбетке ие болады: расында Пхеньяндағы көпқабатты үйлер өзге елдердегі үйреншікті көріністі қайталап, көз жауын алып жарқырамайды. Қала күн батысымен-ақ тура өмір тоқтағандай әсер қалдырады. Бұған себеп – елдегі электр қуатының жетіспеушілігі.
Күндізгі уақытта кей үйлердің терезелері мен қылтималарынан күн батареяларын байқау қиын емес. Осылайша, бар жағдайды өз қолына алған қара халық ресми жүйенің жетіспеушілігін барынша толтырып әлек.
Осы іспетті іскерлік яки пысықтық мұнда үйреншікті жағдайға айналған. Себебі 1990 ж.ж. аштықтан кейін мемлекет экономикасы өзгерген болатын. Ол кездері аштықтан әбден қажыған халық өз бақшасында әлденені өсіріп, оны өзге қалаулы затына ауыстырудың жолын қарастырып өмір сүрген.
Осындай жолмен пайда болған нарық өмір мен өлімнің арасында қалған көп халықтың жағдайын жеңілдетті.
Мұндай жеке нарықты бүгінде үкімет тарапы да жартылай қолдап отыр. Оларға да халықтың өз күнін өзі көруі ыңғайлы болғаны емей не дерсіз мұнысын... Оның үстіне, кейбір кәсіпорындар капиталистік әдіс танытып, басқарушы билікке кірістің тиесілі бөлігін беріп отыруды әдетке айналдырған.
Капитализм көрінісі
Солтүстік Кореяға жер бауырлаған капитализм аяқ басты. Бұл дегеніміз, мұнда ақша атаулы бар болғанның өзінде, оған ие болу бақыты барлығына бұйырмаған. Мемлекет ішінде белең алған өзгерістер, солтүстіктегі Қытаймен арадағы «көрінер-көрінбес» шекарадан түрлі тауарлардың өтуіне алып келді. Енді пхеньяндық әмбебап дүкендер атына заты сай бола бастады. Бірақ, жан қалаған тауар көп болғанымен, оны сатып алатын қалтаның рұқсаты да, қауқары да жоқ...
Оның үстіне, КХДР көптеген мемлекеттермен, алысқа кетпей-ақ қояйық, өзінің туған көршісі Оңтүстік Кореямен салыстырғанда әлі күнге кедейліктен көз ашар емес. Тіпті мемлекет астанасы Пхеньянның өзінде Сеулдегідей бай адамдар жоқ.
Жоғарыда айтқан КХДР-дың ғарыштан түсірілген суретімен қатар, тағы бір классикалық жанрдың қағазға түскен әйгілі көрінісі бар. Онда көлігі жоқ ұзыннан ұзақ созылған шөлді жолмен кетіп бара жатқан жалғыз ғана өгізбен жегілген арба бейнеленген.
Дегенмен, күні бүгінде Пхеньянда жол кептелістері пайда болды. Олардың өзі тек БМВ және «Фольксваген» іспетті қытайлық автокөліктерден құралады. Оған да шүкір дерсіз.
Саяси бақылау
Өзгерген нәрсе біреу ғана – саяси бақылаудың деңгейі. Оның айқын көрінісін сенбі күні Солтүстік Кореяда өткен мерекелік шеруден байқау қиынға соқпады. Түрлі елдерден жиналған журналистердің әрқайсысына солтүстік-корейлік үкімет атқосшы іспетті адам бөлді. Дегенмен, олардың бас мақсаты қонақжайлық емес-тін, бас мақсат – журналистік қауымды қара халыққа жақындатпау, оператордың әлденені түсіріп алмауын мұқият бақылау болатын. Су жаңа пхеньяндық әуежайға келіп жеткен қонақтардан Солтүстік Корея туралы кез келген әдебиет алып қойылып отырды.
Бұл әуежай мемлекетке қалтасы көтеретін миллиондаған туристердің келуі үшін салынған болатын. Бірақ, үкімет мемлекет табалдырығын аттаған әрбір адамға күмәнмен қарайды. Міне, осындай екіұшты жағдай орын алған: туристердің ақшасын қалайды да, халыққа таңылып кетуі мүмкін ешбір ойдың қалыптасуын қаламайды. Иә, қызық жағдай, қызық жүйе, қызық мемлекет... Бір қызығы – біздің ел де кезінде тура осы жағдайды қызықтаған, қызығына әбден тойған халық...
Назгүл Назар
Пікір қалдыру