Біз Шағыр баба атты мақаламызда бабамызды үш әйел[1] немесе екі әйел[2-4] алды деген деректерді саралап шыққан болатынбыз. Жоғарыдағы деректерден Адай ананың Шағыр бабаның бәйбішесі немесе екінші әйелі екені аңғарылады. Біраз жыл ізденістер жасағанымызбен, «Алты Шағыр» аталып, Қазақстанның оңтүстігін немесе батысын мекен етеді деген деректі растай алмадық. Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар арасынан Адай атты әйелдің есімін неше мәрте кездестіргенбіз. Соның бірі бүгінде Алматы облысының Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында тұрады. Қытайда өмір сүретін қазақтар неге өз ұрпақтарының ішінен ұлдарға емес, қыздарға Адай атын беретінін түсіне алмадық. Кіші жүздегі Адай атаның атына негізделіп ат қойса, онда ұлдарға қоюы керек еді.
«Бабалар сөзі» сынды жүз томдықта[5] Адайлардың Адай атанғанына шамасы 500 жыл деп мәлімет береді:
Осы айтқан сөздің бәрі рас,
Алтындай сөздің сарысы-ай.
Адай, Адай болғалы,
Төрт жүз сексен жыл өтті,
Бұл қәдимнің сәнасы-ай
«Бабалар сөзі» сынды жүз томдықта кездесетін мына бір жыр шумағы[6] Адайлардың ертеректе Алатауды мекен еткендігінен, одан ауып батысқа кеткеніне шамасы үш жүз жыл болғандығынан дерек береді:
Айналып Алатаудан Адай келген,
Маңғыстау, Үштүбекті мекен еткен.
Адайдың Алатаудан шыққанына,
Үш жүзден астамырақ жылың өткен.
Орыс деректерін ақтарып отырып Адайлардың Жетісудан батысқа ауды деген дерегін кездестірген едім. Қазір сол деректі таппай отырмын. Бұл дерек те Адайлардың Алатаудан ауғанын көрсететін еді. тағы бір деректе[7] Кіші жүз (Адайлар) Алатауға көшкенде Қонай батыр тосқауылда қалып, халықты аман алып қалған деп көрсетеді. Халықтың жадында Адайлардың Маңғыстауға оралуы туралы мынандай мәліметтер сақталған[8]. Осыдан екі жүз жылдай бұрын Байұлы, Жетіру және Әлімұлы бірлестіктерінің кейбір руларының, соның ішінде Адай руының қазақтары Сырдария бойында(Сауран маңында) мекендеген. Бос жерден тапшылық көрген олар бірте-бірте батысқа, Арал теңізінің жағалауына қарай жылжи бастады деп жазылады.
Жалпы Тарбағатай-Алтай тауының сай-саласы, ойы мен қыры атам заманнан найманның ата-мекені болғаны белгілі. Бұған Рашид ад-Дин мен Уиллиям Рубрух еңбектері[9-10] дәлел болады. Сол ерте заманда кіші жүздің рулары, оның ішінде Адайлар мен орта жүздедің найманы, оның ішінде Қызайлардың ауылы аралас, қойы қоралас болып, бір өңірді немесе бір алқапты мекен еткен болуы мүмкін. Осы сөзіме дәлел ретінде төмендегі айғақтарды ұсынбақпын:
Адай ана туралы.
Қызай шежірелері бұл туралы не дейді? Енді соған аз-кем
тоқталайық: Шежіреші, тарихшы Нұрболпат Оспанұлы «Қызай шежіресі» атты еңбегіңде[11] "Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламада" қызай елінің ауып, Сыр өзені бойына барғанын жазады. Дәл сол жылдары Шағырдың бәйбішесі-Адайдан тараған ұрпақтар батысты бетке алып көшіп кетеді. Тоқалы қызайдың ұрпақтары найман елімен Сары арқаға, Аякөз-Көксалаға қарай көшеді. Сөйтіп Шағырдың екі әйелінен тараған ұрпақтардың іргесі бөлінеді. Адайдан тараған 9 ұлдың ұрпақтары қазір Шағыр(Аталық) атанады. Тарих қойнауынан ауыз екі таралып келген шежіре болғандықтан бұл арада сәл жаңсақтық кеткен де болар. Адайдан тарған 9 ұрпақ 9 Адай атанған шығар деген ойға ораласың. Бірақ Кіші жүз шежірелері[12] Адайдан 8 ұрпақ(8 арыс) таратады. Шежіре дерегі бойынша мұнда бір ата кем болып тұр. Мүмкін бір атадан ұрпақ жалғаспағандығы себепті бірте-бірте шежіреден шығып қалған болар. Мұны әлі де болса індете зерттеуге тура келеді. Адайдан тараған ұрпақтардың батысқа ауа көшуінің де өз себептері болған болар. Адай ананың төркіні кіші жүз болған шығар. Не болмаса кіші жүз шежірелері көрсеткендей Адай атаның нағашысы Байұлы болғандығы себепті олар солай қарай көшкен болар. Қалай айтқанда да бұлтартпайтын бір шындық бар. Ол Адайлардың 300-400 жыл бұрын Алатауды мекен еткендігі және де сол арадан батысқа көшкендігі.
Адай атының қойылу себептері.
Ауылынан немесе өз өңірінен аты шыққан хандардың, батырлар мен билердің аттарын біздің қазақ ырыммен өз баларына қояды. Ондағысы солардай ел таныған, ел азаматы болсын, өссіп- өнсін дегені. Ел ағалары, ел ақсақалдары ауылға қонаққа келген кездерінде, сол ауылдың келіндері босанып, ұлды-қызды болатын жағдайлар көп кезігеді. Біздің қазақ мұны жақсылыққа балап, ақсақалдан, ел ағаларынан ат қойып беруін өтінеді. Ол кісі ойына алған атын қояды немесе мендей болсын деп өз атын қойып кетеді. Шағыр бабаның бәйбішесінің аты осындай жағдайлардың бірінде қойылған болуы мүмкін. Мысалы: Қызайдың Есенгелді биі Абылай ханға қонаққа барғанда, Абылай ханның немересі дүниеге келеді. Яғни Алылай ханның ұлы-Қасымның үйіндегі келіншегі ұл баланы дүниеге әкеледі. Абылай хан Есенгелді биден атын қойып беруді өтінеді. Сонда Есенгелді би нәрестеге өз атын беріп кетеді. Есенгелді-Саржан деп тарихта қосарлана аталатын Қасымның қос ұлының біреуінің аты осылай қойылған екен. Қаракерей Қабанбай қызай Есенгелді бидің ауылына қонаққа келгенде, Есенгелдінің бір әйелі болсанып, ұл табады. Есенгелді би Қабекеңнен балаға ат қойып берін өтінеді. Сонда Қабекең былай деп ат қойыпты: - "Мына балаң менің атымды көтере алса, аты Қабанбай болсын, егер менің атымды көтере алмаса, аты Жаманбай болсын" . Қабекеңнің ақ тілеуін Алла Тағалам қабыл етіп, Есенгелді бидің ұлы- Қабанбай батыр болып ержетеді. Осы Қабанбайдан тараған ұрпақтар өскен-өнген рулы елге айналады әрі одан Есбосын, Әкбар және Сейіт сынды батырлар шыққан. Жоғарыдағыдай жағдайлардың бірінде Шағыр бабаның бәйбішесі жаңа туған сәбиге өз атын қойған болуы мүмкін. Немесе Адай ата сол өңірдегі жаңа туған сәбиге(қызға) өз атын қойған болуы мүмкін. Қайсы жағдайды алып қарасаңда бұл жағдайлар Адай мен Қызай сынды екі елдің бір өңірде мекен еткендігін көрсетеді.
Адайдың бір баласының атының Жеменей атануы.
Шежіре деректері бойынша Адайдың бір баласының аты Жеменей[13]. Жеменей ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ Автономиялы Облысы, Алтай аймағына қараты бір ауданның аты және өзеннің аты. Сайхан, Сауыр тауының, нақтылап айтқанда Сайхан тауының солтүстік етегінде орналасқан. Жеменей ата Жеменей өзенінің бойында туылған болуы мүмкін. Немесе Жеменей ата мекен еткен жер болғаннан соң Жеменейдің қыстауы, Жеменейдің көктеуі деп атала келе біртіндеп Жеменей болып қысқарған болар. )Осы теманы біраз індетіп зерттеп жүрген Қайрат Зарыпхан «Земля обетованная» атты еңбегінде[14] Адайларға арнайы тоқталады: Онда "Адайлар Алта-Тарбағатай тауларына қайта оралғанда қыпшақтармен бірге Сир қағанатын, Найман хандығын құрысып, 13-14 ғасырларда Жетісу, Қаратау өңірлеріне келіп, 16-17 ғасырларда үйреніп қалған Маңғыстау өңіріне қайта оралған" –деп жазады. 13-14 ғасыр тарихын тәптіштеп жазған Рашид ад-дин «Жамиғ ат тауарих» атты еңбегінде[15] былай жазады: "Сол жылдың қыс мезгілінде ол шегарада Бұйрық ханның Көксау Сабрак атты әмірі жүрген болатын. «Көксау» сөзі «жөтелден және көкірек дертінен дауысы сөніп(шықпай) қалған кісі» дегенді білдіреді. Сабрак(дегені) адамдарды да(сол атаумен) атайтын мекеннің аты. Біздің болжауымыз бойынша бұл тарихи еңбектегі Сабрак, ол қазіргі Сауыр яғни Сауыр тауы. Сол атаудан Алтайлық, Ақсулық деген сияқты шыққан тегі Сауырлық есім қалыптасқа. Бүгінгі күні қазақта кең қолданылатын Саурық есімі жоғарыдағы сөзден шыққан. Саурық батыр, Досбер Саурық дегендегі осы есім Найман хандығы кезінен қазаққа жалғасып келе жатқан тарихи есім. Жоғарыда біз көрсеткендей Сайхан мен Сауыр қатар жатқан егіз тау. Сол егіз таудың сыңары-Сауыр тауы. Бұл Адайлардың Сайхан тауын, наймандардың Сауыр тауын мекендегенінен дерек береді.
Адайлар мен наймандарға ортақ тұлға-Елтай баба.
Қайрат Зарыпхан жоғарыда аталған еңбегінде[16] былай жазады: "Қазіргі Тарбағатай, Зайсан, Жеменей аймақтары ежелгі Найман хандығының территориясы болған еді. Найман шежіресінің бір нұсқасында күллі найманның анасы деген Ақсұлу – Адайдың қызы еді деп айтылады. Осымен қатар шежірешілер Найман хандығын Адайлардың да құрысқандарын айтады. Найман елінің бір тармағының атасы Елтай еді. Бұл Елтай шеттен келген бала деседі. Найман шалдың жесірін алып, Елата атаныпты-мыс. Кейін Елтай-Елата Найман шалдың ұлы Белгібайдың балаларымен сыйыспай Кіші жүзге кетіп қалды деп айтылады. Автор бұл шежіре деректернін найман шежірелерінен алғандығын жазады. Ортаға түскен мәселенің бір жақтылы болмауы үшін біз Кіші жүз шежірелерінің дерегіне жүгініуді жөн қөрдік. Ал шежіреші М.А.Алпысбес[17] Байдың Қанбибі деген қызын Елтай (ол да жаудан өледі) алған, одан Адай туған деп көрсетеді. Адай дүниеге келісімен, анасы қайтыс болып, оны Таздың шешесі Қарамоншақ (кейде Күнжан) емізген. Сол себепті «Аққу менен қаз егіз, Адай менен Таз егіз» деген мақал қалған деп қарайды. Адайлар болса шежіресінде осы Елтайдан тарап тұр. Міне, осы шежіре деректерінен біздер Найман мен Адайдың арасында қандайда бір тығыз байланыстың бар екенін аңғарамыз. Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресі» атты еңбегінде[18] Адай туралы былай дейді: "Орта жүзден Елтай деген жігіт қашып келіп, Байға(кіші жүздің Бай атты үлкен атасының бірі-авт.) паналайды. Байдың Айсұлу деген қызымен танысып, Айсұлу ұл табады. Бай неке қиып, қызын береді. Сол баланың атын Адай қояды. Адай – жиен болады делінеді. "Іргелі екі елдің шежірелері бір-біріне сай келіп тұр. Найман шежірелерінде Елтай найман болса, кіші жүз шежіресінде Елтай орта жүздің кісісі. Онда орта жүздің кісісі екені жалпылай айтылғанымен нақты қай руға, қай арысқа жатаны нақтыланбаған. Ал анамыз найман шежірелері бойынша Ақсұлу деп аталса, кіші жүз шежірелерінде Айсұлу делінген. Мұнда тек бір әріп қана парықталып тұр. Тарихшы Жамбыл Артықбаев «Қиыр жайлаған Қызай» атты еңбегінде[19] найман Елтай мен Шағыр батырларды бір заманның, бір елдің адамдары деп қарайды. Мұнан шығатын қортынды мынау: Найман Елтай-Елата найман шалдың жесірін алып, найман ішінде өсіп өнеді. Кейін келе белгісіз бір себептермен кіші жүздің бір атасы-Байұлына барып сіңіп, ол кісінің Айсұлу атты қызын алып, өсіп өнеді, Кіші жүз ішінде тұрақтап қалады.
Әлімұлы руындағы қызайлар.
Орыстың мұрағаттық жазба деректері[20] Әлімұлы руын төмендегідей таратыпты: Қарасақал, Қаракесек, Қызай, Төртқара, Шөмекей, Шекті. Және де сол деректе[21] былай жазылыпты: 1801 жылы Бөкей ханға еріп, Орал суынан ары өтіп көшкен, Бөкей атанғандар Әлімұлынан: Қызай деген, Бай ұлынан – Беріс, Шеркес, Адай, Жаппас, Масқар, Ысық, Есентемір, Байбақты, Алтыбас, Алаша, Тана, Қызылқұрт, Таздар. Жоғарыдағы орыстың мұрғаттық құжаттарындағы деректерді Шаһкәрім Құдайбердіұлының жазбалары да[22] растайды. Бұл кіші жүз ішіндегі Қызай руы. Кіші жүз руларының ішінде, оның ішінде Әлімұлында деп көрсетілген қызай руын біз қазіргі қолда бар шежірелерден таппадық. Ал біз болсақ найманның Матай атасынан тарайтын қызайлармыз. Міне бұл тарихи деректер кіші жүз рулары мен наймандардың, оның ішінде қызайлардың бір замандарда қанаттас отырғанын, екінші сөзбен айтқанда "ауылы аралас, қойы қоралас" болғанын көрсетеді.
Кіші жүз Әлімұлының Шекті руынан шыққан ақын, әнші Сары Батақұлының (1863-1895) шығармаларында[23] төмендегідей өлең шумақтары кездеседі:
Жаладан іс істеген Шолан болыс,
Ісімнің жай-жағдайын шешпей тегіс.
Атам бір, анам басқа сеніменен,
Қашаннан, Алтын, Қызай, жолың теріс.
Шу десе жылқы озбайды Сарылақтан,
Ырғытып қоян соқтым шаңылтақтан.
Салар ем ат көтіне болысыңды,
Қорқамын Қызай шыққан шаңырақтан.
Ақынның бұл өлең шумақтарынан да Қызай атында рудың бар екендігі аңғарылады.
Кіші жүздегі матайлар.
Матай руы біздің найман да іргелі ел болып, 9 таңбалы найманның бірі саналады. Адай шежіресі бойынша[24] Адай-Келімберді-Тобыш таратылады. Осы Тобыш атадан ары қарай тараған ұрпақтарының ішінен Матай, Бөрібай(Матайдан шыққан батыр, матайдың елінің ұраны), Шоңай(Матайдың батыры), Көтен(Матайдан шыққан әулие), Қожаназар және Жарастардың(Қызайдағы өскен рулы елдер) кездесуі де тегіннен тегін болмаса керек.
Қызай ішіндегі Адай аталары.
Бекқұрман Өрсарыұлының «Қызай шежіресі» атты еңбегінде[25] Шағыр(Қызай)-Меңіс-Тәңірберді аталары тарайды. Тәңірбердінің тарайтын Құттымбет атасының ішінде Адай атты ата кездеседі. Ал Нұрболат Оспанқлының «Қызай шежіресі» атты еңбегінде[26] Шағыр(Қызай)-Меңіс-Тәңірберді-Есенғұл-Соқырберді-Мәмбетқұл- Бурабай-Адай(8-ата) аталары таратылады. Осы Есенғұл атасының ішінде де Адай атты ата кездеседі. Тек Тәңірберді атасының өзінен екі жерде Адай атасы кездесті. Басқа аталарды тексеріп шығуға уақыт жар бермеді.
Майлы және Жайлы таулары туралы.
Осыдан 8 жыл бұрын(2014 жылыдың күзі) қытайға барған сапарымда Шәріпбай Дәліұлы(1939 ж.т – 2018 ж.қ., Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы, Іле қазақ автономиялы облысы, Құлжа қаласы, Баяндай қалашығында тұрған.) деген ақсақалмен екі күн бірге жолдас болдым. Ауылымыздың бір қызын Құлжа қаласынан Нылқы деген ауданға ұзатып бардық. Барғанша-келгенше тарихи әңгімелердің көрігін қыздырдық. Әңгіме қызайлардың байырғы ата-мекені «Қызай тауы» яғни қазіргі Барлық тауы жөнінінде болды. Ол жөнінде хабары бар екенін айтып, менің ізденісіме қолдау білдірді. Бір кезде сөз кезегі Майлы-Жәйір тауына ауысты. Бұл малға жәйлі, күзеу, қыстау мен көктеуге өте қолайлы жер. Мен осы Майлы-Жәйір тауы туралы не білетінін сұрадым. Ол кісі бала кезінде естіген мына бір аңызын ортаға салды: Ерте кезде осы өңірді Майлы және Жайлы деген ағайынды кісілер мекендепті. Олар асқан бай болыпты. Содан сол жерлер Майлы мен Жайлының қыстауы атаныпты. Қазір бұл жерлер Майлы-Жайыр аталады. Майлысы ғой Майлы, ал Жайлысы неге Жайыр болып аталып кеткен деген сұрағыма ешқандай жауап бере алмады. Уақыт өте келе сөз үндестігінен өзгерген болар дедік те қойдық. Соңғы кездерде шежіреледі ақтарып отырып мынандай дерекке тап болдым. Адай-Келімберді-Мұңал-Шоғы-Жолай-Жолмамбет-Жарылқап-Есен. Ал Есеннен Майлы, Жайлы, Жаубасар туады. Жоғарыдағы аңыз-әңгімедегі Майлы мен Жайлы осы Адай ата ұрпақтарының атынан қалған болуы мүмкін. Қазірше бұл тек жорамал қалпында қалады. Оны ары қарай індеде зерттеуге тура келеді. Матай шежіресі төмендегідей: Матай-Аталық-Құттыболат-Шағыр-Тілеуберді-Жанғабыл. Ал Жанғабылдан Есіркеп, Жарылқап, Жолболды, Торғай тарайды. Адай шежіресі бойынша 7-ата Жарылқап, ал Матай шежіресі бойынша 7-ата Жарылқап болып тұр. Жоғарыда аты аталған таулар яғни Қызай тауы, Орқашар тауы және Майлы-Жәйір таулары Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районына қарасты Тарбағатай аймағына орналасса, Майлы-Жәйір тауы Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданының шығысынан яғни Қызай тауының шығысынан орын тепкен.
Танысаң...
Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде[27], сондай-ақ атақты жазушы Қажықұмар Шабданұлының «Қылмыс» романында[28,29] «Танысаң қызайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» деген өрескелдеу, мақтануға келмейтін ерсі сөз тіркесі кездеседі. Еміс-еміс болса да бұл сөз ел ішінен естіліп қалады. Машһүр Жүсіптің еңбегінде[30, 31] бұл сөз тіркесі сәл басқашалау айтылымда беріледі яғни "Білсең Қызайыңмын, білмесең Құдайыңмын" деген тіркесте келеді. Бір қызығы осындай сөз тіркесі кіші жүз Байұлы руынан тарайтын Адайларда кездеседі. Онда да «Танысаң адайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» деп айтылады. Соңғы жылдары оның өзгерген бір түрі жиі айтылып жүр яғни «Аспанда Құдай, жердің астында мұнай, ортасында Адай». Мифолог-ғалым. шежіретанушы Қайрат Зарыпхан «Қарақытай-найман емес» атты мақаласында[32] Одай, Адай сөзінің мән-мағнасына үңіліп, ол сөздің дөңгелек ай, толған ай деген мағына беретінін жазады. Автордың пайымдауынша бірінші күні толған ай-Құдайдың символы болып табылады. Адай деген сөз толған айды білдіреді. Сондықтан да «Танысаң Адайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» деген сөз қалған. Қызай дегеніміз де, бірінші күні толған айды білдіреді. Орысша "девственница луна" дейді. Сондықтан да қызайлар да «Танысаң Қызайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» дейді. Бұл мифолог ғалымның пікірі. Жоғарыдағы зерттеуден Адай мен Қызайдың толған ай деген мағына беретінін байқадық. Қазіргі қазақша бұл «Толғанай» деген атқа сай келеді. Қызай әйел кісінің аты. Соған қарағанда Адай да әйел кісіге қойылған есім яғни әйел кісінің аты болуы бек мүмкін. Қазіргі қазақта да "ай" жалғауы әйел кісілердің есімдеріне жалғанатын жалғау болып келеді. Мысалы: Толғанай, Болғанай, Тұрсынай, Тұрғынай, Жүрсінай, Алтынай т.с.с.
Жоғарыдағы деректер Шағыр бабаның бәйбішесінің азан шақырып қойған аты Ханбибі болып, кейін Адай деген жанама атқа ие болғанба деген ойға қаласың. Себебі екінші әйелінің азан шақырып қойған аты Күнбибі, кейін Қызай атанған. Ханбибі-Адай, Күнбибі-Қызай жәй сәйкестік пе, әлде шынында да мұнда бір туыстық байланыс барма? Бұл да Адай ата ұрпақтары мен Қызай ана ұрпақтары арсында қандай да бір жақындықтың, туыстық байланыстың барлығын аңғартатын сияқты.
Салт-сана ұқсастығы.
Қызай елі қытайдың Шыңжаң өлкесінде яғни байырғы Шығыс Түркістанда тұрады. Нақтылай түссек қазіргі ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ Автономиялы Облысының Іле аймағының барлық өңіріне бірдей қоныстанған. Қазіргі жан саны шамамен миллионға таяу. Қазақтың келіндерінің сәлем салу салты осы Іле өңіріндегі қызайларда ғана сақталған, сақталып келеді де. Қазақ облысының Тарбағатай, Алтай өңірлерінде, басқа да қазақ жиі қоныстанған аудан, қалаларда, қазақтың осы бір тамаша салты сақталмаған. Әрине ертеде бар қазақта болған. Жоғарыда аталған өңір адамдарының ішінен 70-80 жас шамасындағы кемпірлердің бірен-саран сәлем салғанын өз басым кездестірдім. Өкінерлігі сол, осы тамаша салт олардан бүгінгі күнге жетпеді. 2015 жылдың наурыз айында жеңіл мәшинемен бүкіл қазақ даласын саяхаттап шықтым. Атырау, Ақтау өлкесіне барғанда неге екені белгісіз басқаша бір көңіл күйге бөлендім. Кіші жүз(оның ішінде Адайлардың) келіндерінің иіліп салған сәлемдерін көргенде таң қалдым, өзімнің туып-өскен өлкеме келгендей болдым. Олардың сәлем салуларының 3000 км шығыста тұратын Қызай келіндерінің сәлем салуларынан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін бірден байқадым. Олар өткізетін көрісу күнгі(Әр жылы 14 наурызда өтеді-авт.) қазақы киінген кісілерді, сол күнгі жастардың үлкендерге таң сәріден беріп барулары, Адай Ата кесенесі маңындағы жыр-думандарды айтып жеткізу мүмкін емес. Бәрі, бәрінен қазақылық, қазақы тірліктің, қазақы болмыстың иісі аңқып тұр. Қиыр жайлаған қызай елінің салт-дәстүрінің алыстағы адайлармен ұқсас келуі бізді қайран қалдырды. Сәлем салу, қазақы дастарқан мен қыз жасауының тоғыздан берілуі сияқтыларды ерекше атап өтуге тура келеді.
Рулық таңбадағы ұқсастық.
Ақселеу Сейдімбек ағамыздың еңбегінде[33] қазақтың руларының рулық таңбалары келтіріліпті. Төменде Адайлар мен Қызайлардың рулық таңбаларын береміз. Салыстырып көрген кісі бірден ондағы ұқсастықты байқайды:
Адайлар рулық таңбалары: ᗑ ↑ + O S
Қызайлардың рулық таңбалары: ᐱ
Үлкен қазақияның екі шетінде бірі шығысында, енді бірі батысында жатқан екі іргелі елдің рулық таңбаларындағы мұндай ұқсастық кездейсоқ болмаса керек. Бұған таң қаласың, қайран қалмасқа шараң жоқ.
Қыздың баласы...
Шежіре деректектерінде[34] былай делінеді: Кіші жүз Алшыннан Нәдірқожа, Қыдырқожа, Сәдірқожа туғаны айтылады. Қыдырқожасының бәйбішесінен үш ұлы, тоқалынан ұш ұлы болыпты. Осы екі әйелінің үстіне Қыдырқожа өзінің ауылындағы қайтыс болған Аманқожа дегеннің жесіріне үйленіп, ол әйелінен Таз туады. Қыдырқожа өзінің Қанбибі деген қызын Атақожа деген бақташысының Елтай деген баласына ұзатады. Елтай, Ештай ағайынды екі жігіт елге қорған болғандай қайратты ерлер болса керек. Жаугершілікте екеуіде мерт болыпты. Бұл кезде Қанбибі екіқабат еді дейді. Айы-күні жеткен соң Қанбибі толғатып, ер бала табады. Оған Еспанбет би Адай деп ат қояды. Қанбибі белін бекітіп, шираған соң күйеуі Елтайдың жаудан қайтыс болғанын естірткенде, Қанбибінің жүрегі жарылып өліп кетіпті. Содан қызылшақа кезінде тұлдыр жетім қалған. Адайды Таздың шешесі бауырына салып емізеді. Адай мен Таздың бір-біріне жақын болатыны содан. Байұлының ішінде Адайды қыздан туған жиен деп келетін әңгіменің бір парасы осылай. Жоғарыдағыдан көретініміз Адайларды «Қыздан туған», «Қыздың баласы» деп сылтың етсе, дәл осындай жағдай біздің Қызайларға да айтылады. Сендер әкелеріңнің атымен атамадыңдар деп мін таққандар, бізді де «Қыздың баласы», «Қыздан туған» деп сылтың етеді. Біз оларға былай деп жауап берумен келеміз: -Йә, біз қыздан туғанбыз, қыздың баласымыз. Ал сендер кімнен тудыңдар? Сендер қыздан тумай, кемпірден тудыңдар ма? -дегенде жауап таба алмай қалады. Бұл да бір қызықты жағдай болып тұр.
Сөз-сөйлемдердегі ұқсастық.
Қазақияның, қазақ даласының шығысын жайлайтын Қызай
елі мен батысын жайлайтын Адай елі бір-бірінен 3000 км қашықтықта өмір сүреді. Соған қарамастан олардың сөз-сөйлемі мен салт-санасында айтса нанғысыз ұқсастықтар бар. Қызай руынан шыққан қытай қазақтарына танымал Әппақ Майтабанқызының(1904-1961) өнерін қазіргі заманғы қазақ тілмен айтар болсақ, ол айтыскер ақын, күйші, сазгер әрі халық әндерін шебер орындайтын әнші болып шығады. Әппақ апамаздың өзі шығарған әрі өзі орндаған «Көк өзен» әнінің тектіне зер салайық:
Қызы едім Майтабанның атым Әппақ,
Өлеңге он жасымнан болдым тақ-тақ.
Тыңдаушым сөз иесі-ай кез келгенде,
Айтайын мырза сөзді ахау бірден жаттап.
Жоғарыдағы ән жолындағы тақ-таққа тоқталссақ қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша ол сөзге пысық деген мағана береді екен. Сонда ол он жасынан өлең-сөзге пысық болғандығы меңзеледі. Ал Ақтан Керейұлының(1850-1912) мына жыр шумағына зер салайық:
Мен Адайдың Ақтаны,
Шежіре-шешен тақ-тағы.
Алқалы топта аршынды,
Тұлпары едім баптағы.
Бұл арадан Қызайдың тақ-тағы мен Адайдың тақ-тағының ұқсастығын байқаймыз. Әдетте адайлар шешен, жүйрік жыршыны "Даңғайыр тақ-тақ" дейтін көрінеді. Біздің білуімізше бұл сөз бас сөз руларда аз қолданылады немесе қолданылмайды.
Белгілі ақын Светқали Нұржанның интернеттегі тарап жүрген сұхбатында тауық кәтек деген сөзді қолданады. Бұл сөз тауық қора деген сөз. Біздің қызай елінде бұл сөз кейде тауық қора кейде тауық кәтек болып қолданылады. Аталмыш ақынның төмендегі өлеңіне назар аударсақ:
Әке-шешеден мұш көрген,
Жұбатады ата өксігін тиып іш көрген.
Оқыған жанның көрмедім дейді оңғанын,
Келмеске кеткір Сәбеттік сары шкөлден.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің мәліметінше "Мұш" сөзі көне тұркі тілі. Қазіргі қазақ тілінде "Жұдырық" деген мағына береді. Бұл сөз де қызай елінде анда-санда қолданылады. Жұдырықтысып қалыпты, мұштасып қалыпты дегенлей.
Әлем сөзі біздің қызай елінде көп қолданылады. Әлем көп, әлем жүрдік, әлем болдық дегендей. Ақын Светқали Нұржанның айтуынша бұл сөз адайларда да жиі қолданылатын көрінеді. Әлем болдық деп айтылады екен.
Генетикалық ұқсастық.
Академик, антрополог Оразақ Ысмағұлұлы «Бұрынғы қазақтар европеид тектес болған» атты мақаласында[35] Қазақ деген халық қағазда ғана бар да өмірде болмаған, ол моңғолдың немесе қалмақтың бір бөлігі, немесе қазақ дегеніміз қырғыз халқы деген сияқты тұжырымдарды нақты дәлелдеу үшін немесе сол тұжырымдардың тас-талқанын шығарып, күлін көкке ұшырып, қазақтың бір текті халық екенін дәлелдеу мақсатында төмендегідей зерттеу жүргізген. Ғалым ағамыз Шығыс Қазақстандағы қалың найманның ішінен үш жұрты да осы тайпадан болып келетін бес жүздей отбасы адамдарының қанын алған. Бір-екі жылдан соң ғалым ағамыз арнайы Маңғыстауға барып, енді үш жұрты да адай болып келетін тағы бес жүздей отбасы мүшелерінің қанын алған. Аынған қан үлгілерін Мәскеудегі лабораторияға тапсырған. Бір аптадан соң олар қанның зерттелу нәтижесін ағамызға берген де ұрса жөнелген. «Сен неге біздің уақытымызды босқа аласың? Бұл – бір облыста тұратын адамдардың қаны ғой!» деп. Академик Оразақ Ысмағұлұлы сол кезде: «Жоқ, тағы да айтамын, бұл ұшақпен тіке ұшқанның өзінде екі арасы үш жарым мың шақырым келетін қазақтың қиыр шығысы мен қиыр батысында тұратын, және туа-бітті сонда тұрып келе жатқан, соңғы екі ұрпақта неке арқылы ешқандай бірімен бірі араласпаған қазақтардың қаны» депті. Міне, қазақтың біртұтас халық екенін ғылым осылай дәлелдеп берген! Тағы бір қызықты қараңыз. Зайсан көлінің маңында жазда суалып қалатын Жеменей деген өзен бар екен. Ал, Маңғыстаудағы адайларда дәл осындай атқа ие ру бар. Батыста елдің аты, шығыста жердің аты. Бұл кездейсоқ па? Жоқ, өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Жоғарыдағы сөздер де Академик ағамыздың сөзі.
Менің арғы-бергі тарихты, тарихи шежірелерді зерттей келе қортқан ойым мынау болды: Бір замандарда, қазірше нақты кезеңін дәп басып айта алмаймын, кіші жүз рулары, оның ішінде адайлар мен орта жүздің найман руы, оның ішіндегі қызайлар бір өңірді мекен еткен. Олар ауылы аралас, қойы қоралас тығыз қарым-қатынаста болған халықтар. Сондықтан да олар тарихи тамыры, салт-санасы жағынан бір-біріне өте жақын. Бүгіндері өсіп-өніп, жан саны миллионға таяған, қазақияның шығысын мекендеген қызайлар(негізінен қытайда тұрады-авт.) мен қазақияның батысын мекен еткен, қанатын кеңге жайған Адайларлар арасындағы мұндай ұқсастық кездейсоқ болған жағдай емес. Шежіре дерегіне[36] сенер болсақ, Адайлардың батысқа жылжуы шамамен үш жүз жыл болған жағдай. Бұл "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" заманына тура келеді. Міне сондай аумалы-төкпелі замандардың бірінде Адай ата ұрпақтары мен Қызай ана ұрпақтары бір-бірінен іргесін аулаққа салуға мәжбүр болған. Жоғарыдағы деректерді қорытқанда Байұлының қызы Қанбибіні алған найманның Елтайы немесе Орта жүз қазағы емес, ол найманның Шағыр батыры болуы әбден мүмкін. Шағырдың бәйбішесінің аты Қанбибі, ал екінші әйелінің аты Күнбибі. Қанбибіден тараған Адай ұрпақтары "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада" нағашы жұртымен батысқа ауса керек. Ал Күнбибіден(Қызайдан) тараған ұрпақтардың Сыр бойынан наймандармен бірге Арқаға ауғаны тарихтан белгілі. Алла Тағалам сәтін салса Адай мен Қызайға қатысты зерттеулер жалғасын табады. Әлі де тың деректердің жарыққа шығатынына сенімдіміз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Жүнісұлы Ж. Қызай ана. - Бей жин. ҚХР, ШҰАР. «Ұлттар баспасы», 2002. -38б.
Баспаға дайындағандар: Біролла А, Сағатжан С. Шежірелер. 2-том. ҚХР, ШҰАР. – Ұрімжі. «Шыңжаң халық баспасы», 2008. – 167б.
Өрсарыұлы Бекқұрман. Қызай шежіресі. – ҚХР, ШҰАР. Құлжа: - 2000. -24б.
Оспанұлы Нұрболат қатарлылар. Қазақ шежіресі. Т.1, ҚХР, ШҰАР. – Үрімжі: «Шыңжаң жастар-өрендер баспасы», 1996. -306 бет.
Бабалар сөзі. Жүз томдық. – Алматы: «Фолиант», 2012. Т.32: Шежірелік жыр-аңыздар. – 213 бет.
Бабалар сөзі. Жүз томдық. –Алматы: «Фолиант», 2012. Т.81: Шежірелік жыр-аңыздар, -362б.
Көпбол Демесінұлы: «Адай тарихын екімыңжылдықтан әрі іздеу керек». https://abai.kz/post/ 13 Шілде, 2012 сағат 08:53
Арғынбаев Х.,Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында(Құраст. Ә.Пірманов). – Алматы, 2000. -377б.
Рашид ад-дин Фазлуллах Хамадани. Жамиғ ат тауарих
(Тарихтар жинағы, ХІV 57). Көп томдық. 1-том. – Астана:
«Фолиант», 2018. –50, 129бб.
Плано Карпини и Лильома де Рубрука. Путешествия в
восточные страны. – Алматы: Гылым, 1993. – 117-119стр.
Оспанұлы Нұрболат. Қазақ шежіресі. Т.1, ҚХР, ШҰАР. – Үрімжі: «Шыңжаң жастар-өрендер баспасы», 1996. -306б.
Неталиев М. Кіші жүз шежіресі(Тарихи-этнографиялық зерттеу). -Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2015. -98 бет.
- Жинақтаған: Даутбаев М. Шежіре. Қазақтың ру-тайпалық
құрылымы. ЖК "Байтасов Б.С." баспасы. 2012. -93б.
- Қайрат Зарып-хан. Земля обетованная. – Алматы:
Издательский дом «Асыл-кітап», -299 бет.
- Рашид ад-дин Фазлуллах Хамадани. Жамиғ ат тауарих
(Тарихтар жинағы, ХІV ғ.). Көп томдық. 2-том. – Астана:
«Фолиант», 2018. – 51б.
- Қайрат Зарып-хан. Земля обетованная. – Алматы:
Издательский дом «Асыл-кітап», -301-302 беттер.
- Мақсат Алпысбес. ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ тарихнамалық-
деректанулық зерттеу. Астана: «BG-PRINT» ЖК, 2013. – 312 бет.
- Маданов Х. Кіші жүз шежіресі. Алматы: Атамұра. – Қазақстан.
- – 27 бет.
- Артықбаев Ж.О. Қиыр жайлаған Қызай. – Нұр-Сұлтан:
«Алтын-кітап», 2020 ж. - 65 б.
- Болатбек Насенов. Абылай хан. III тарауы. Алматы-
Новосибирск, шілде 2011жыл. -797 б.
- Болатбек Насенов. Абылай хан. III тарауы. Алматы-
Новосибирск, шілде 2011жыл. -797 б.
- Шаһкәрім Құдайбердіұлы. Өкінішті ғұмыр. Екінші том.
Халқаралық Абай клубы. Жидебай. 2008. – 345, 346 беттер.
- Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. /Құрас. Е.Дүйсенбайұлы.
– Алматы: Жазушы. 2004. 2-том. -247-250 беттер.
- https://ult.kz/post/ edil-kagannyn-ruy-kim.
- Өрсарыұлы Бекқұрман. Қызай шежіресі. – ҚХР, ШҰАР. Құлжа:
- 2000. – 39 бет.
- Оспанұлы Нұрболат қатарлылар. Қазақ шежіресі. Т.1,
ҚХР, ШҰАР. – Үрімжі: «Шыңжаң жастар-өрендер баспасы»,
- - 23 бет.
- Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана:
«Фолиант», 2017. – 615 бет.
- https://abai.kz/post/ 15713 Қылмыс романы.
- https://abai.kz/post/15762 Қылмыс романы.
- Машһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20 томдық
шығармалар жинағы. 10 том. Павлодар: ЭКО, 2013. -137 бет.
- Машһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 20 томдық
шығармалар жинағы. 10 том. Павлодар: ЭКО, 2013. - 229 бет.
- Зарыпхан Қайрат. Қарақытй-найман емес. Әлеументтік
желіден алынды.
- Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана:
«Фолиант», 2017. – 669, 666 беттер.
- Жинақтаған: М. Даутбаев. Шежіре. Қазақтың ру-тайпалық
құрылымы. ЖК "Байтасов Б.С." баспасы. Шымкент, 2012.
– 47 б.
- Сұхбаттасқан, Өмірзақ Ақжігіт. «ЕВРАЗИЯ-KZ», 28.04.2006 жыл.
- Бабалар сөзі. Жүз томдық. –Алматы: «Фолиант», 2012. Т.81:
Шежірелік жыр-аңыздар, -362 б.
Пікір қалдыру