Сенаторлар жастарға теріс әсер ететін киберқауіптердің ішінде ең қауіптісі TikTok желісі деп санайды.
"Бүгіндері жастарымыз TikTok-тың қытайлық платформасын пайдаланып жүр. Статистикаға сәйкес, желі қолданушыларының шамамен 75 пайызы 13 пен 24 жас аралығындағы жастар. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тіпті 4-5 жас аралығындағы балалар күн сайын TikTok-та кем дегенде 75 минут уақытын өткізеді. Бүгінгі таңда осы онлайн-платформадағы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемнің барлық дерлік елдерінің бас ауруына айналып отыр", делінген депутаттық сауалда.
Сенаторлар Еуропа елдері TikTok-та балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктері жұмыс істемейтінін анықтап, оған 368 миллион доллар, ал АҚШ кәмелетке толмағандардың деректерін сақтағаны үшін TikTok-қа 5 миллион доллар айыппұл салғанын баса айтады.
"Ресей мен Өзбекстан бұл әлеуметтік желіні өз аумағында толығымен бұғаттап тастаған. Өйткені, біріншіден, TikTok-қа құмар жас ұрпақтың көру қабілеті күрт нашарлаған. Екіншіден, ондағы кейбір контент жастар бойында басқа адамдарға деген өшпенділікті арттырып, қатыгез мінез-құлықты қалыптастырады. Бізді, әсіресе TikTok-тағы тікелей эфирлер мазалайды. Ұлттық менталитетімізге жат мазмұндағы видеолар жиі көрсетіледі: әйел киімін киген ер адам, бетіне ұятсыз сөздер жазып алған қыздар және т. б. Бір сөзбен айтқанда, үлгі етуге келмейтін, керісінше теріс қылықты "жұлдыздар" жастардың қаһарманына айналып барады. Сауатсыз пікірлер мен сауатсыз сөздерге де жас ұрпақтың еті үйрене бастаған".
Депутаттар Батыс елдерінде TikTok-та жасөспірімдерге қатысты шектеулер бар екенін айтады. Атап айтқанда, бұл желіде күніне бір сағаттан артық отыруға болмайды, ал 13 жасқа толмағандар үшін уақыт шектеуі - 30 минут. Қытайдың өзінде жасөспірімдерге TikTok-ты күніне 40 минуттан артық пайдалануға рұқсат етілмейді.
"Өкінішке қарай, біздің елде мұндай шектеулер жоқ", дейді сенаторлар.
Осыған байланысты олар Премьер-министрден TikTok-қа Қазақстан заңдарының орындалуын сақтауды және қосымшаның жұмыс алгоритмдерін Батыс елдеріндегідей етіп қайта жасақтауды міндеттеуді сұрайды.
Пікір қалдыру