Өзара сенімге негізделген серіктестік

/uploads/thumbnail/20170708200754785_small.jpg

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сан түрлі салалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізіп, ынтымақтастықты жандандыру төңірегінде пікір алмасты.
Кездесу барысында та­рап­тар сауда-экономика, кө­мір өнеркәсібі, көлік-логис­тика және агроөнеркәсіп кеше­ні салаларындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер төңірегінде, соның ішінде Украинаның оңтүстік-шығысында қалыптасқан ахуал мен Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы сөз қозғады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петр По­ро­­шен­коның елімізге ал­ғашқы ресми сапарына ілти­пат білдіре отырып, бұл кез­десу экономикалық ынтымақ­тас­тықты жақсартуға, өңірлік және халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдарды екшеуге ықпал ететінін айтты.
Украина Президенті өз кезегінде Қазақстанға сапарлап келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіре келе, екі елдің арасында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік байланыстар орныққанын атап өтті. Украина басшысы, сонымен қатар, түрлі бағыт бойынша жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екеніне тоқтала келе, Қазақстан Пре­зи­дентінің Украинадағы тұрақ­тылық пен бейбітшілікті сақтау бағытында жұмсап отырған күш-жігерін жоғары бағалады.
Кездесуде Украина Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғымен құттықтап, елі­міздің тарихи тамырының те­рең­дігін көрсететін мерей­той­дың маңыздылығын атап өтті.
Президенттердің екіжақты кездесуі кеңейтілген құрамдағы келіссөзбен жалғасты. Бұл жиын барысында Елбасы Қа­зақ­стан мен Украинаны дос­тық және өзара құрметке негіз­делген тығыз тарихи қарым-қатынастар байланыстыратынына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бүгінде тегі украин 300 мыңнан астам азамат тұрып жатқанына, олар біздің қоғамның бөлінбес бөл­шегі ретінде еліміздің дамуына зор үлес қосып отырғанына тоқ­талды. Бұл ретте мейлінше өзекті саяси және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланған шағын құрамдағы кездесудің нәтижелі болғанын айтты.
«Бізде көп мәселе бойын­ша толық түсіністік бар. Мем­лекет­аралық комиссияның алдағы отырысы барысында барлық негізгі бағыттар егжей-тегжейлі пысықталады. Бүгінгі бизнес-форум да іскер топтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосатын болады. Қазір объективті себептерге байланысты тауар айналымының төмендегеніне, басқа да қиын­дықтарға қарамастан, біз ынтымақтастығымызды бұдан әрі де нығайта түсу үшін мүм­кін­діктер тауып отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Украина Президенті өзінің сөзінде тарихи оқиға – Қазақ хан­дығының 550 жылдығы мере­келеніп жатқан кезде сапарлап келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Осылай дей келе, ол бұл келіссөздер сауда-эконо­микалық, гуманитарлық, әлеу­меттік және саяси серіктестікті жан­дан­дыруға септігін тигізеті­ніне сенім білдірді. «Біз екеуара кездесуіміз барысында елдеріміз арасындағы барлық сала бойынша байланыстарымызды жан-жақты талқылауға мүмкіндік алдық. Мен сізге елдеріміздің ара­сындағы сенімге, өзара құр­метке негізделген саяси үнқатысуды дамытуға деген ниетіңіз үшін ризамын. Біз Қазақстан мен Украина қарым-қаты­нас­тарының әлеуетін іске асы­ра алатынымызға сенім­дімін. Қазақстанның іргелі ха­лық­аралық құқық пен егемендікті және шекаралық тұтастықты құрметтеу қағидаттарын берік ұстанатындығы, сіздің елдің халықаралық ұйымдарда жоға­ры рөл атқарып отырғаны мен үшін және бүкіл украин халқы үшін аса маңызды. Қазақ­станның БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ха­лықаралық ұйымдардағы ар­найы мониторингтік миссия құрамында жүріп, бей­біт­шілік пен тұрақтылықты қал­пына келтіру бағытындағы ұста­нымдарын жоғары бағалай­мыз. Бұл жұмыстар Минск уағ­даластықтарын жүзеге асыруға сөзсіз ықпал етеді», – деп атап өтті Украина Президенті.
09-10-02
09-10-04
Сонымен қатар, П.По­рошенко Қазақстанның сауда-экономикалық, инвестициялық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты ынта-ниетін құптай­тынын жеткізді.
Бұдан кейін Қазақстан мен Украина президенттері ке­ліссөздерінің қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихаты өтті. «Мен өткен жылдың желтоқсан айында Киевке арнайы сапармен барсам, ал бүгін Украина Президентін Астанада қабылдап отырмыз. Бұл – біздің екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қаты­насымызды дамытуға деген ниетіміздің айғағы, – деді өз сөзінде Н.Назарбаев. – Біз бүгінгі келіссөздер барысында екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалын талқыладық, егжей-тегжейін қарастырдық. Бірқатар халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары мен перс­пек­тива­ларының жобалары жан-жақты талқыланды». Осылай дей келе, Елбасы Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағ­дайды назарда ұстап отырғанын атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, мен қолымнан келгенше, Ресей мен Украина, басқа да елдермен келіссөздер жүргізіп, орын ал­ған қарама-қайшылықтарды бей­біт жолмен шешу бағы­тын­дағы жұмыстарды назарда ұстап келемін. Кез келген қақтығысты бейбіт реттеуді екі жақ та жақтайды. Оның басқа баламасы жоқ. Минск уағда­лас­тықтары, жалпы алғанда, орын­далып жатқаны бізді қанағат­тандырады. Әсіресе, «нор­манд төрттігінің» кейінгі кезде­суі үлкен үміт ұялатты. Украи­на үшін осындай күрделі кезең­де біз гуманитарлық көмек көр­сетуді жалғастыратын боламыз.
Қазақстан Украинаның оң­түстік-шығысындағы халыққа азық-түлік мәселесінде көмек көр­сетіп келеді. Бұл іс те жалғасын таба бермек. Халықаралық Қызыл Крест және Чернобыльдің «Ук­рытие» қоры арқылы да қаражат аударылатын болады. Жалпы, Қазақ­стан Украина жерінде бейбітшілік орнап, елдің дамуы тыныштық пен қауіпсіздік жағдайында жал­ғасқанын қалайды», – деді Н.Назарбаев.
Қазақстан басшысы, соны­мен қатар, келіссөздер барысын­да отын-энергетика, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы салалары сияқты өзара іс-қимыл­дың басымдығы бар бағыттары айқындалғанын айтты. «Мәселен, бүгінде екі ел арасында бірлескен өндірістер құруға көшу ісін жандандыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл еліміздің экономиканы жедел әртараптандыру саясатымен және Украинаның мүдделерімен толық үндеседі. Сон­­дай-ақ, тараптар арасында Ук­раи­наның электр стансалары­на қажет­ті көмір жеткізу жөнінде де уағда­ластық бар», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы.
Бірлескен мәлімдеме жасау барысында Н.Назарбаев қазіргі кезде бірқатар инвестициялық жобаларды дайындау жұмыстары жүріп жатқанына тоқталды. «Ук­раиналық серіктестер іскерлік байланыстарды нығайту үшін бар күш-жігерін жұмылдырады деп сенемін. Қазақстанда бүгінде – 415, ал Украинада 124 бірлескен кә­сіпорын жұмыс істейді. Біз Украина тарапының Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жө­нінде уағдаластық», – деді Қазақ­стан Президенті.
Елбасы екі ел арасында қа­лыптасқан мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударды. «Өзара студенттер алмасу жөнінде келісім жасалды. Мәселен, Ас­танада Тарас Шевченкоға ес­керт­кіш орнатылады. Киевте Абайға ескерткіш ашылады деп үміттенеміз, бұл да екі елді байланыстыратын дәнекер», – деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Н.Назарбаев П.Порошенко сапарының қорытындыларына көңілі толатынын, оның екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге серпін беретінін айтты.
Украина Президенті де келіс­сөз­дер нәтижесі екіжақты ықпалдас­тықтың жаңа кезеңіне жол аша­тынын атап өтті. «Қазақ­стан – Украинаның жақын серік­тес­терінің бірі. Ол біз үшін «Азия­ға ашылған терезе», ал біздің ел сіздер үшін «Еуропаға ашыл­ған терезе» болады деп үмітте­немін», – деді П.Порошенко өз сөзінде. Сонымен қатар, Украина басшысы екі елдің қарым-қаты­нас­тары бүгінде биік деңгейде еке­ніне тоқталды. «Мемлекет бас­шыларының, үкіметтердің және халықтарымыздың арасында сенім, өзара қолдау бар», – деді Украина Президенті. П.Порошенко, сондай-ақ, өзінің Астанаға жасаған сапары барысында қабылданған, 2015-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарында айқындалған қадамдар бірқатар сала бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндіктер туғы­заты­нына сенім білдірді. Бұған қоса, Украина Президенті екі ел басшылары Қазақстан мен Украинаның өзара нақты іс-қимылын жоғары технологиялық жобаларға ұлас­тыру арқылы нығайту ісіне назар аударғанын айтты.
Сөзінің соңында П.Порошенко екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өтетін бизнес-форум сауда-экономика саласындағы әлеуетті арттыруға жол ашатынына сенім білдірді.
Кездесулер аяқталған соң мемлекеттер басшылары келіс­сөздерінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ, 2015-2017 жылдарға арналған Қазақстан – Украина іс-қимылы жоспарына қол қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко түс ауа Астананың көрікті орындарын аралады. Елбасы және елімізге ресми сапармен келген Украина Пре­зи­денті Петр Порошенко «Қазақ­стан» орталық концерт залына, Тұңғыш Президент кітап­хана­сына, «Астана Опера» мем­ле­кеттік опера және балет теа­тры­на барды.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар