Барымыз бен бағымызды бағалай білсек
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
қоғам қайраткері.
Ұлы Далада керегесін кең жайған бүкіл әлемге әйгілі сақ, ғұн, Түрік қағанаты секілді іргелі ұлыстардың да аталуы әртүрлі болғанымен, солардың бәрінің тегі бір, арғы заты Қазақ елі. Біз өзіміздің байтақ тарихымыз түгілі, бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр, рухани асыл мұраларымызға ие бола алмай жүрген халықпыз. Қарап отырсаңыз, қазақтың тарихы бірнеше жерден үзіліп қалған алтын арқанға, бірақ бір сөніп, бір жанған, тек өшіп қалмаған жанартауға ұқсайтын сияқты. Біз ұзына бойы тарихымызда небір қиын, қиямет қиындықтарды басымыздан кешкен, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын тақта отырған, алтын сарайларда тұрған елміз.
Енді міне, Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған ұлы тойдың куәсі болдық. Бұл тарихи той елордамыз Астанадан бастау алып көне шаһарда жалғасуда. Хандық тойын мерекелеудің мәні мен маңызы зор. Бұл тойдың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуразияның төсінде орнаған арғы дәуірдегі сақ, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің ұлы мұрагері екендігін таныту. Ұлттық идеяның өзегі – ұлт тарихында. Жәнібек пен Керей хандар құрып, одан кейінгі Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар басқарған Қазақ хандығының мұрагері – бүгінгі Қазақстан. Қазақ хандығының құрылуы, дамуы, Қазақ тарихының маңызды кезеңдерін қамту, сол арқылы ұлттық рухқа бас идіру – бүгінгінің міндеті.
Ендігі жерде біз барымыз бен бағымызды бағалай білсек, жақсы мен жаманды саралай білсек, басымызға қонған осы бақтың қадіріне жете білсек деп ойлаймын.
Еліміздің мерейін асырды
Мұрат ӘУЕЗОВ,
«Жібек жолындағы сұхбаттар» халықаралық жобасының жетекшісі, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері.
Осыдан он жыл бұрын тура Тараз қаласында «Жібек жолындағы сұхбаттар» жобасының тұсауы кесіліп, Орталық Азияны мекендеген көршілес түбі бір туысқан халықтардың ортақ тағдыры, ынтымақтастығы орайындағы кең көлемді келелі әңгімелер бастау алып еді. Одан бері Ыстықкөлде, Ақсу Жабағылыда, Алматыда, Бурабайда дәстүрлі жалғасын тапқан алқақотан әңгімелер биыл оныншы рет тағы да қасиетті Тараз жерінде өтіп жатыр. Бұл кездесудің Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс тоқайласып, осынау елдік ұлы мерекенің аясында өтіп жатуы атап өтерлік аса маңызды жағдай.
Шығыс пен Батысты жалғаған Жібек жолы ықылым ғасырлар бойы алдын ала қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі, қыпшақ, қараханидтер кезеңдерінде Қазақ мемлекеттігі ізашарларының қалыптасуына баға жетпес игі ықпал жасады. Жібек жолы – халықтар достығының дәнекері болды, салиқалы байланыстардың иініне айналды. Біздің мақсат – сол ұлы рухты, ынтымақтың рухын жаңғырту, сол замандардағы рухани туыстықты сұхбаттар арқылы бүгінгі күнімізге көшіру. Олай болса бұл жолғы сұхбат тақырыбының «Орталық Азия: өңірдегі халықтардың ынтымақтастығы» деп аталуы сірә да тегін емес.
«Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» біріктіруші, елдестіруші қасиетке ие. Қазақ хандығының негізі қаланған ежелгі Тараз жеріндегі кездесу, пікір алысудың халықаралық қанаты кеңге жайыла түсті. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресеймен қатар биыл бұл форумға Жібек жолының бастауында тұрған Қытай елінің ғалымдары да қатысуда. Болашақтағы сұхбаттарымызға қатысуға Үндістан елшілігі де қызығушылық білдіруде.
Осы күндерде әлем елдерінің белгілі ғалымдары Жібек жолындағы қазақ тарихы, қазақ қалалары, қазақ мәдениеті хақында қаншама тұшымды әңгімелер айтып, толымды тұжырымдар жасауда. Осылайша Қазақ елінің, Қазақстанның мерейін асырды. Елдігіміздің мерейлі тойында қуанышымызды бөлісті.
Елдік пен ерліктің тойы
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының
төрағасы, сенатор.
Қазақтың тарихы тым тереңде жатыр. Кескілескен шайқаста, күреске толы ғасырларда біздің бабаларымыз алып аймақты аман сақтап, келесі ұрпаққа, халыққа үлкен мұра ретінде қалдырды. Барлық хандарымыз дерлік ұлттың, елдің болашағы үшін жан аяған жоқ. Бүгін, міне, еркіндік, азаттық, тәуелсіздік деп аталатын үлкен ұғымның арқасында өткенімізге үлкен баға беріп, тарихымызды төрге оздырып, Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын тойлап отырмыз.
Негізі бұл ұлы тойдың басы Ұлытаудағы Елбасының салиқалы сұхбатынан басталды деуге де болады. Ондай үлкен жиынның өтуі – ең алдымен, елдегі тыныштық пен қоғамдағы түсіністіктің, барша халықты бір мұратқа жұмылдырып отырған Тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Ұлытау сұхбаты бүгінгі Қазақ елінің тағдырын, тіліміздің, дініміздің, жеріміздің тұтастығына қатысты тереңнен толғап, ұлтты ұйытар, өзін-өзі сақтауға жұмылдырар, мемлекет ретінде бағыт-бағдарымызды анықтауға жетелер тарихи толғаныс болды. Біз қашанда елдігімізді сақтау жолында бірлікті, берекелі тірлікті ту еткен халықпыз. Қаншама ұлт пен ұлыс бүгінде бейбітшілік аспаны астында баянды ғұмыр кешіп отыр.
Қазақ хандарының арманы еліміздің болашағын баянды ету болса, сол ұлы мұратты, асқаралы арманды тәуелсіз елдің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сәтімен іске асырып, еліміздің мерейін арттырып келеді. Енді, міне, Қазақстанның терең тарихқа толы мемлекет екенін күллі дүниежүзі, шартарап сезінетін күн де келіп жетті. Ол – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Бұл елдіктің, ерліктің мерейтойы екені айтпаса да түсінікті ғой.
Елдіктің тойы тасы да, құмы да тарихтан сыр шертетін, көне шаһар Таразда тойланып отырғаны біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Тарихи сәт. Тараз – шын мәнінде де тарихымыздың темірқазығы. Асыл мұраттарымыз орындала берсін, торқалы той құтты болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болып, еліміздің абыройы аспандай берсін деген игі тілек білдіргім келеді.
Бірлігіміз арта түсті
Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,
Қазақстанның халық әртісі.
Жалпы, биылғы жылы терең тарихымызға, берекелі бірлігімізге үлкен құрмет көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың терең саяси шешiмi арқасында бүкiл ел болып атап өтiп жатқан бұл мерейтой халықтың ұлттық-тарихи санасын тереңдетуге және қазақстандық патриотизмдi күшейтуге кең жол ашады деп ойлаймын. Осыны жастардың ұққаны дұрыс. Ал, мерейтой қарсаңында соғылған жаңа нысандар халық игілігіне қызмет етері сөзсіз.
«Қазақ хандығы» монументінің ашылу рәсімінде Елбасы Н. Назарбаев елдің бірлігі, ынтымағы туралы өте жақсы айтып кетті. Шынында, қазіргі Қазақстан – тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Біз әлемнің көз алдында бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналдық. Біз бүгінгідей күрделі уақытта Мемлекет басшысының саяси батылдығының арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістіктердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз. Сан ғасырлар бойы Қазақстан жерінде түрлі мемлекеттік құрылымдар болды. Яғни, басқа тарихи пішіндер мен басқа тарихи кезеңдерде де әртүрлі саяси, экономикалық, әлеуметтік құбылыстар болып жатты. Қазіргі таңда егемен еліміз өзінің сол тарихын сақтай біліп, жаңа дәуірдегі бүгінгі заманға сай, барлық халықаралық тетіктерді қалыптастырып, үлкен жаһандық үдерістердің бел ортасында жүрген мемлекетке айналып отыр.
Ендеше, бұл тағылымды той елдің сол бірлігін одан сайын арттырып, ортақ іске жұмылдыра түсті деп айтуға әбден болады.
Біз бабалар аманатын сақтай білдік
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.
Бабаларымыз осыншама кең жерді бізге жанқиярлық батырлықпен мирас етіп қалдырды. Дауылпаз дәуірлердің тоғысында сан алуан тар жол тайғақ кешулерді бастан өткерсек те, елдігімізді сақтап қалғанымыз үлкен абырой. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының кең көлемде тойлануына бар мүмкіндікті жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Біз батыр бабалардың аманатын сақтай біліп, осынау сайын даланы болашақ ұрпаққа табыстауымыз қажет.
Тағы бір айтарым, Қазақ елінің, ұлтының бай тарихын мектеп оқулықтарына молынан енгізу керек. Сол арқылы жас ұрпақ сақ пен ғұнның жалғасы болған жұртымыздың тарихын кеңінен тани түседі. Болашақ – жастардың қолында ғой. Талай трагедияны да, драманы да, қуанышты сәттерді де бастан өткерген бабаларымыздың соқпаққа толы жолын оқып өскен ұл әрқашан намысшыл болады. Одан бөлек жастарымыз спортқа бейім, үйір болса екен деймін. Ұлы Дала ұландарының, тұлғаларының сенімін ақтап, тәуелсіз мемлекеттің көк туын көкте желбіреткенге не жетсін!? Бұл да біздің ұлт ретіндегі ұлықтығымызды айшықтай түспейді ме? Ендеше, айналайын, жастар, елдің нағыз патриоттары, сергек ойлы азаматтары болыңдар. Менің ақ тілегім осы.
Мәңгілік Ел мұраты тамаша сипатталды
Жүрсін ЕРМАН,
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Жыл басынан бері Қазақ хандығының 550 жылдығын республикамыздың барлық өңірлерінде айтыспен атап келе жатырмыз. Соның қорытындысы ретінде аламан айтысты Тараз қаласында өткізудеміз. Бұл айтыстың халықаралық мәртебесі бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен биылғы жылдың үздік шыққан айтыс ақындарымен қатар Қытай Халық Республикасы мен Моңғолиядағы қандастарымыздың арасынан екі ақын келіп қатысып жатыр. Сонау сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, кешегі Алтын орданың жалғасымыз десек, соны бүгінгі жастар білуі үшін, жастарымыздың санасына сіңіру мақсатында арқалы айтыспен, айшықты ән-жырмен ақындарымыз осындай еңбек сіңіріп, шабыт қанатында шалқыды. Олар тұңғиық тарихымызды, бабалардың елдігін, Қабанбайдай қайсар батырлардың ерлігін, әз Тәуке, Абылайдай хандарымыздың айбыны мен даналығын жырға қосты. Аламан айтыста жыр маржаны шашылды. Өрен жүйрік айтыскерлеріміз өлең нөсерін түйдектетіп, көсіле шапты. Өткен мен бүгін, жарқын болашақ өлеңнің келісті өрнегімен жарқырай көрінді. Сөйтіп, Елбасымыз айқындаған Мәңгілік Ел мұраты тамаша сипатталды.
Біз Қазақстанның бүгінгі ұжымдық келбетін осы айтыс өнері арқылы бейнелеудеміз деп ойлаймын. Әрі бұл аламан Қазақ хандығы тойына торқалы тартуымыз болып отырғаны да көңілімізге тоқ.
Бұл той Астанадан басталды
Николай ЗАЙЦЕВ,
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының директоры.
Менің кеудемді тәуелсіз елімізге, мемлекетіміздің байтақ тарихына деген мақтаныш сезімі кернейді. Ең басысы, ғасырлар бойы қандай қиын кезеңдерге тап болса да еліміз өзінің негізгі мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының тілі мен ділін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін сақтап қала алды. Ұлттық құндылықтар – кез келген мемлекеттің өзегі. Әрбір қазақстандықтың жан-дүниесінде, ой-санасында, жүрегінде осындай отаншыл сезім бар деп ойлаймын. Астана қаласында өткен салтанатты шараға қатысушылардың баршасы осы бір қасиетті сезімді шынайы сезінгенін байқауға болады.
Мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараға Шығыс Қазақстан өңірінің делегациясы құрамында қатыстым. Біз елорда төрінде Шығыс Қазақстан облысының атынан ақшаңқан киіз үйлер тігіп, құнды тарихи жәдігерлердің түпнұсқасы мен еліміздегі бірден-бір табиғи-ландшафтты саябақ пен этноауыл бойынша көрме ұйымдастырдық. Көрмені тамашалаушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихи жәдігерлер мен қолөнер бұйымдары арасынан асқақ Алтай жерінен жеткен жәдігерлерге ерекше қызығушылық танытты. Бұл да осынау мерейлі мерекеде біздің шоқтығымызды биіктетті. Өңіріміздің аудандарынан барған өнерпаздар концерттік алаңдар мен гала-концертте өз шеберліктерін паш етті. Әсіресе, Жарма ауданының өнерпаздары ерекше көзге түсті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Түрікменстан елдері басшылары мен жоғары лауазымды өкілдерінің мәртебелі мейман болуы Қазақ елі мен оның бай тарихына, ұрпақ жадында жатталуы үшін өткізіп отырған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына деген үлкен құрметі мен ілтипаты деп қабылдадым.
Бабалар арманы, ұлт мақсаты орындалды
Ғани ҚАРАСАЕВ,
Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бастығы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасында “Мәңгілік Ел” болуға бет алған бүгінгі халқының барша тарихына талдау жасалды. Ұлтымыздың бірнеше мың жылдық өткен мерзіміндегі қазіргі ұрпағы үлгі тұтар, сабақ алар кезеңдерін саралады.
Кең-байтақ қазіргі қазақ даласында өмір сүріп, дамыған тікелей арғы бабаларымыз негіздеген, сол уақыттағы әлемдік дамуда шешуші орындары болған Ұлы мемлекеттік бірлестіктердің Отандық және әлемдік тарихтағы алған орнына баға берді.
Елбасы баяндамасының негізгі мазмұны қазіргі қазақстандықтардың, соның ішінде жас ұрпақтың осындай бабалар тарихын білу арқылы оның ерлікке толы беттеріне мақтанып, өкінішті кезеңдерінен сабақ алуға шақыруымен ерекшеленді.
Соның ішінде әсіресе, жоғарыдағы аталған Ұлы мемлекеттердің заңды мұрагері, тура осыдан 550 жыл бұрын өмірге келген Қазақ хандығының құрылып, дамуының тарихи заңдылығы жан-жақты баяндалды. Жаңа мемлекеттің территориясын негіздеу, оның қуаттылығын арттырудағы, дербестігін қамтамасыз етудегі қазақ хандарының қызметтеріне талдау берілді.
Осылармен қатар белгілі мерзімде қуатты жұртқа айналған хандықтың әлсіреу кезеңін сипаттап, оның себептерін ашып көрсетті. Еркіндігінен айырылып, басқаға тәуелділікке өткен қазақ халқының ауыр тарихын баршамыздың есімізге салды.
Елбасы осы баяндамасында халқымыздың тарихындағы осындай жағдайдың орын алуының себептерін ашып көрсетті. Одан сабақ алудағы ұлтымыздың тарихын білудің маңызына тоқтады.
Егемендікке қол жеткізген қазіргі Қазақстан мемлекетінің жетістіктерін саралады, дүниежүзілік қауымдастықтың белді мүшесі ретіндегі жаһандану заманындағы оның алдында тұрған міндеттерді айқындады. Қазақстанның егемендік жылдарындағы көптеген әлемдік тұрғыдағы игі бастамалардың негіздеушісі болып отырғандығы Елбасының баяндамасында барынша көрініс тапты.
Тәуелсіз еліміздің болашағы оны мекендеп отырған жүзден астам ұлттардың өзара түсіністігі, теңдігі, сыйластығы мен ұғыныстылығында екендігін Президент баса айтып өтті. Осы бағыттағы еліміздегі атқарылып отырған келелі істердің ауқымы мен нәтижесіне тоқтады.
Елбасы “Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – Ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала елі! Бұл – біздің таңдауымыз!” деп көрсетіп, халқымыздың алдында тұрған міндеттерді атады.
Президенттің осы салтанатты жиындағы тарихымыздың барша кезеңдеріне арналған әрбір сөзі әрқайсымыздың бойымыздан туған еліне деген сүйіспеншілік, оның болашағына деген үлкен жауапкершілік сезімін еселеп тудырды. Оның өткенінің батырлық кезеңдеріне ризашылығымызды арттырды, жіберген кемшіліктеріне сын көзімен қараудың, қорытынды жасай білудің қажеттігін ұғындырды. Мемлекетімізді Мәңгілік Ел етудегі міндеттерімізді тағы да бір еске салды. Қазіргі әр қазақстандыққа Отанының гүлденіп, өркендеуі үшін тікелей жауапкершілік жүктелетіндігін паш етті.
Оның ұлтымыздың болашағына арнаған әр сөзі, әсіресе, бүгінгі жастарға арналғандығы айғақ. Олай болса қазіргі және болашақ ұрпақтың Отанымыздың өткен тарихын жақсы білуі, сабақтарын саралай алуы олардың Қазақ елінің болашақтағы беріктігін қамтамасыз етуге негіз болады деп есептейміз.
"Қамшы "сілтейді
Дереккөз: Егемен Қазақстан