Ұлт болып ұйысып, елдікке бет бұру

/uploads/thumbnail/20170708200822768_small.jpg

Қазақ хандығының 550 жылдық тойын лайықты түрде атап өту ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, сол арқылы халықтың отаншылдық рухын шыңдаумен бірге, Қазақ елінің әлемдік қауымдастықтағы беделін бекемдеп, тәуелсіздігін нығайта түсуге оң ықпал жасайтындығы даусыз.
Биылғы жылғы 2 шілдеде Ақор­да­да өткен жалпыұлттық жетекші телеар­налардың өкілдерімен кездесуінде Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның бейресми символдық атауының маңызына тоқ­­та­ла келе, «Әдетте, Жапонияны – күншығыс елі, Кореяны – таңғы шық елі, Нидерландты – қызғалдақтардың отаны, Қытайды Аспанасты елі деп жата­мыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетпейді. Біз – Ұлы Даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тә­ңір дегеніміздің өзі – Көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті бояуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, біз­ге неге өзімізді Ұлы Дала еліміз деп атамасқа», – деген ой-толғамын жеткізген еді.
Қазақ халқының тарихы туралы сөз болғанда, ол Қазақ хандығымен тікелей байланысып жатқанын және оның тарихы шын мәнінде тым тереңге кететінін аңға­рамыз. Тарихты шыққан тегімізден таратқан дұрыс болар. Осы тұрғыда шетелдік мұрағаттардағы мәліметтер арқылы-ақ қазақ тарихын жазуға болады дейтіндер де бар. Қытайдың, парсының, орыстың ғалымдары қазақ тарихы туралы дерек келтіріп жазды делік. Олар қазақтың тарихын жазайын деп жазды ма? Әрине, жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, әр елдің тарихшылары өз заманының талабына, өздерінің саясатына сәйкестендіре зерттеп келді. Мұрағаттардағы мәліметтер Қазақстанның шынайы тарихын жазуға әлі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Тарихты зерттеу кезінде, қазір кім қай елге бармасын, ХV-XVII ғасырдан арғы кезеңдерге бойлай алмайды. Қандай да бір деректер тапқанның өзінде оның шынайылығына еш сенім жоқ. Өйткені, олар сол елдің мүддесіне қарай, солардың идеологиялық ұстанымы тұрғысынан жазылған.
Мәселен, осы уақытқа дейін біз тарихта орыс және Батыс ғалымдарының жазбаларын пайдаланып келдік. Шын мәніндегі тарихты әр халық өзі жазуы керек. Олар бұрынғы тарихты орыс­тық көзқарас, батыстық дүниетаным тұрғысынан жазса, енді біз өзіміздің мүддемізге орай еліміздің Тәуелсіздігі биігінен қарап төл тарихымызды жазуымыз керек. Қазақстан территориясында б.ж.с. бұрынғы VI-I ғ.ғ. аралығында өмір сүрген сақтар мен ғұндардың дәуіріне байланысты мәліметтер тарихи-археологиялық деректердің негізінде зерттеліп, анықталып келеді. Осы ретте айта кету керек, бұл анықтаулардың да кейде шартты болып келетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, ілкі тарихқа көзіміз жетпесе де, сақ, ғұн,үйсін, қаңлы дәуірінен бергі кезеңде қазіргі Қазақстан аумағын мекен еткен халықтар түп қопарыла басқа жаққа жер ауып кетпегені, шығысы Алтай мен батысы Атырауға дейінгі ұлан-байтақ кеңістікті ен жайлаған байырғы жұрт, яғни күн келбетті қазақтар мен басқа да түркі текті халықтар – осы сақтар мен ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың ұрпақтары екенін тарихшылар әлдеқашан мойындаған.
Ал одан да арғы тарихқа көз жіберсек, археологиялық деректер қазақ жерінде бұдан бір миллион жыл бұрын адам баласы мекендегенін дәлелдеп отыр. Осыдан шығатын қорытынды, адамдар алғаш пайда болған заманнан бері кең-байтақ Тұран даласын адамзат баласы мекендеп келетінін көреміз. Бұл не деген сөз? Ендеше, бүгінгі қазақ атанып отырған халық сол көне дәуірдегі адамдардың бүгінгі жалғасқан ұрпағы емес деп кім айта алады? Ешкім де.
Бұл ретте әр халықтың тарихын, шық­қан тегін тану үшін тарих, архео­логия және физикалық антропология ғылымдарымен қатар, генетика ғы­лы­­мының да берері мол. Белгілі антро­полог ғалым, академик Оразақ Смағұлов ақсақалымыз осыдан 4 мың жыл бұрынғы Қазақстан аймағын мекендеген тайпалардың қаңқа сүйектері мен қазіргі қазақтардың қаңқа сүйектерін салыстыра келіп, олардың антропологиялық, генетикалық байланыстарын анықтаған.Осы жұмыстарының нәтижесін Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Германия, Ұлыбританияда, АҚШ-та өткен 15-шақты халықаралық симпозиумдарда мәртебелі сарапшылардың талқысына ұсынып, терең мазмұнды баяндамалар жасағанын білеміз. Сөйтіп, қазақ халқы өз елінде, өз жерінде тұрып жатқанына 40 ғасыр өткендігін, яғни 4 мың жыл болғандығын ғылыми негізде дәлелдеп берген. Және мұндай ғылыми айқын ақиқатты әлем ғалымдары мойындаған.
Ғалым қазақ халқының 5 мың жылдық тарихын археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелдеуіміз керек екенін де ескертеді, «Шетелдік деректерге ғана арқа сүйеп қазақтың тарихын жазуға болмайды. Ол осы жерде сан ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан халықтың биологиялық, лингвистикалық және тағы басқа да осындай бірегей ұлттық ерекшелігінің негізінде жазылуы тиіс. Қазақ жерінде осыдан 4 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың бет-бейнесі қазіргі таңда халықтың 30 пайызында сақталып қалған. Олардың қан жүйесі, тісі, бет-пішіні тектік жағынан өте ұқсас. Тіпті 5 мың жыл­дық 5-6 сүйек табылып отыр, олар нашар сақталған. Дегенмен, осындай артефактілерді көбейтсек, қазақтың 5 мың жылдық тарихын толық дәлелдеп шығуға болады», – дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, қытайлар өз ұлтын дәріптеп, «Қытай өркениетінің 5 мың жылдық тарихы бар. Ол – біртұтас және бөлінбейді» деп жазып қояды. Қазақ сияқты биологиялық, лин­гвис­тикалық жағынан біртұтас халық әлемде өте аз. Өйткені, қазақтың өзіне ғана тән морфологиялық-физиологиялық ерекшеліктері бар. Генетикалық жағынан да қазақ жеке мәртебесі бар халық. Кешенді ғылыми-зерттеудің арқасында біз бұған көз жеткіздік. Демек, қазақтың өзіндік биологиялық-антропологиялық тарихы бар және ол 4 мың жылдан ас­там этномәдени дәуірді қамтитынын көрсетеді.
Қазақ халқы және оның тегі антропо­логиялық тұрғыдан 4 мың жыл жасап келе жатқан біртұтас, бөлуге келмейтін антропологиялық ұжым, гомогендік популяция, яғни биологиялық, генетикалық ұлттық бірлікте. Сонымен қатар, бүгінгі қазақ тілінде диалекті де жоқ. Әлемде пайдаланатын арнайы биометрикалық әдістемелер бар. Қан құрамы, не тері бедері, тіс құрылысы, жалпы, бар жағы­нан үш жүздің бір-бірінен ешқандай айыр­машылығы жоқ, яғни түбі бір қазақ екенімізді ғылыми тұрғыдан алғаш дәлел­денді. Ендеше, біздің ру-руға, жүзге немесе «біз қазақ деген ұлт болмай тұрып жаралғанбыз» деп, кейбіреулеріміздің бөлінуінің еш негізі жоқ деп айтуға толық болады. Демек, халықтың аузындағы «Біз еншісі бөлінбеген қазақпыз» деген ұлағатты сөзі, міне, осыны аңғартса керек.
Сондықтан, біздің тарихымыз кеңес дәуірінде жазылғандай, бертінде ғана басталмағанын, тарихымыздың тамыры тым тереңде жатқанын әлем алдында ғылыми тұжырымдармен талай рет дәлелдедік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «1465 жылы сұлтандар Керей мен Жәнібек алғаш рет хандық құрып, біздің тарихымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл термин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бүгінгі шекарамыздағы бүкіл әлемге танымал және беделді болғанымыздай мемлекет бола алмаған да шығар. Бірақ сол замандағы басқа барлық мемлекет­тер туралы да осылай айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде мемлеке­тіміздің негізі қаланғандығы, ал біз­дер­дің ата-бабалардың ұлы істерін жал­ғастырғанымыз», – деген еді.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466) жатқызады. Қазақ хандығы – бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүргені ақиқат. Ол Еділден Жайыққа дейінгі аумақты, Сырдария мен Амудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясын арқау еткен монархияға негізделген. Хандар мемлекет басшысы ретінде саяси билік жүргізетін. Олар төре тұқымынан шық­қан сұлтандар арасындағы таңдау негі­зінде сайланатын. Қазақ хандығының тұңғыш ханы – Керей болса, соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» үдерісін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым. Қасым ханның (1511-1523) тұсында Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы ны­ғая түсті. Ол билік құрған жылдары қа­зақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс қалыптасты. Орыс мемлекетімен қарым-қатынас болды. Ол ұлы князь III-Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да Қазақ хандығын осы кезде танып білді. Сөйтіп, «Қасым ханның қасқа жолы» атты халықтық әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.
XVI ғасырдың екінші жартысында әлсіреген хандықты нығайтып біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580) өз үлесін қосты. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Хақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне қаратып алды. Осылайша Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады.
Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этностық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Осы тұста есте ұстайтын бір нәрсе, осынау далалық құрылымдардың атауы негізінен билеуші әулеттерді шығарып отырған тайпаларға байланысты болып келсе, ал Қазақ хандығы тұсында алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ болатын символдық атаумен атала бастады. Бұл не деген сөз? Яғни, Қазақ хандығының дүниеге келуі бір тайпаның мүддесі тұр­ғысынан емес, елдікке бет бұруы, ұлт болып ұйысу тұрғысынан туындаған жағдайдың нәтижесі болатын. Сонымен бірге, бұл құрылым Орталық Азияда жаңа этноқауымдастықтың атауымен немесе жаңа ұлттық этностың пайда болуына қатысты екенін көрсетеді.
Қазақ хандығы – Ұлы Дала тарихының өте күрделі де ауыр кезеңінде пайда болған саяси құрылым. Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев айтпақшы: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген». Осы уақыт аралығында жоңғарлармен жан алысып, жан берісті, орыстардың бодандық бұғауына түсті, қаншама қайғы-қасіретті бастан өткерді, қанды қырғынға, аштыққа ұшырады. Бірақ ата-баба аманатқа қалдырған киелі де қасиетті кең-байтақ жерінен, туған ана тілінен, ұлттық биік рухынан айырылмай бүгінгі күнге жетті. Иә, біз Ұлы Дала еліміз! Біздің бабаларымыздың, олардың ежелгі жұрты, өсіп-өнген Отаны осы жер. Оны сонау қадым заманнан бері жерімізге келіп зерттеген талай саяхатшылар мен жиһангездердің жазып қалдырған жәдігерлері дәлелдейді. Бұған ұлан-байтағымыздан жерімізден жаңадан ашылып жатқан археологиялық ескерткіштер де анық дәлел. Бабалардың ұлы мұратын жалғастырып, ел аманатын арқалап келе жатқан, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала елі деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз солардың жалғасымыз. Ұлы Даланың мұрагеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – таңдауымыз!» – деген сөзі әрбір қазақтың жүрегін тебірентері сөзсіз. Мұны – өте орынды айтылған, халықтың жүрегінен берік орын тапқан ерекше пайым-парасатты ой деуге болады.
Иә, біз Ұлы Дала еліміз! Мұны біз мақтан етеміз! Ұлы Дала елінің келбетіне қарай отырып мерейленеміз.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар