Қос қала хақында

/uploads/thumbnail/20170708200823514_small.jpg

Қазақ хандығының қалыптасу тарихы еліміздің елдігін әлемге паш етері анық. Осы кезде хандық тарихының беймәлім беттерін толықтыру – тарихшылар алдындағы басты міндеттердің бірі. Жәнібек пен Керей сұлтандардың жеке ұлыс құруы еліміздің тарихындағы күрделі де маңызды оқиға.
Әбілқайыр ханнан іргесін ажыратып, Сырдан Шу бойына көшіп келген екі сұлтанның қосындары жайлы жалғыз жазба дерек М.Х.Дулатидің «Тарих и-Рашиди» атты еңбегі. Ондағы мәліметте: «Ол кезде Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақты билеп тұрды. Ол Жошы әулетінің сұлтандарына көп түрткі көрсетті. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашты. Есенбұға хан оларды ықыласпен қабылдап, Моғолстанның батыс шетін қамтитын Шу мен Қозыбасы аймағын берді. Олар дәурендеп жатқан кезде өзбек ұлысы Әбілқайыр хан дүниеден өткеннен кейін әлсіреп, келеңсіз жағдайлар басталды. Оның қарауындағы халықтың басым бөлігі Жәнібек хан мен Керей ханның қарауына көшіп, олардың маңындағы адамдар екі жүз мыңға жетті. Оларға өз­бектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деген атау жабылды. Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдан бас­талады, турасын Алла ғана біледі», деп жазады.
Келтірілген деректен біз Жәнібек пен Керейдің көші Шу мен Қозыбасы аймағына атбасын тіреп, алғашқы уақытта осы маңнан таралғанын бай­қаймыз. Моғолстанның батыс аймағы деп отырған жер Шудың қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты бөлігі. Қозыбасы тауы да осы аймаққа кіретін. Енді осы маңдағы жер-су атауларына мән берсек, Шу мен Қозыбасыдан шы­ғысқа қарай созылып жатқан далада Хантауы бар. Сол таудың ішінде Хан тағы, Хан қорасы, Хан оры, Хан сатысы деген жер аттары кездеседі. Оның үстіне Хантауының орта тұсындағы Шаянтас өзенінің бойында Керейдің қыстауы деген қыстау бар. Осы атаулардың барлығының да қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек хандықтың туын тіккен уақытымен тікелей байланысты екендігі сөзсіз. Тек осы мәліметтерді басқа қосымша деректермен толықтырып, үйлестіріп, тың түйін жасау қажеттігі туындауда.
қос қала2
Осыған орай 2015 жылдың мамыр айында М.Х.Дулати атындағы Та­раз мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мамандарының қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық мақсатында «Ұлы көш жолымен» атты тарихи-археологиялық экспедиция ұйымдастырылған болатын.
Экспедиция 16-21 мамыр ара­лы­ғында Жәнібек пен Керей хандар көшінің ізімен жүріп өтіп, Қазақ хандығының құрылуына қатысты жазба деректер мен аңыз-әңгімелерді, оған қатысты жер-су атауларын тоғыстыра зерттеп, хандықтың құрылуымен байланысты археологиялық нысандарды анықтап қайтты. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері газеттерде жарияланып, телеарналарда көрсетілді. 29-30 мамыр аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универ­ситетінде өткен «Қазақ хандығы мың­жылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда бірнеше баяндамалар оқылды. Экспедицияның жүргізген зерттеулері жайлы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Ал тамыз айында жоғарыда айтылған тарихи-археологиялық біріккен экспедиция Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жаңа деректерді жинап, белгілі археологиялық нысандарда қазба жұмыстарын жүргізу мақсатында зерттеу жұмыстарын қайта жалғастырды. Археологиялық зерттеу жұмыстарын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры М.Елеуов басқарды. Экспедиция Шу өзенінің ескі арнасының бойындағы ортағасырлық Шәрі және Қойшыман қалашықтарының бірінен бастауды ұйғарды. Мойынқұм кентінен шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан Шәрі және Қойшыман қалашықтары Қазақ ұлттық университетінің архео­логиялық экспедициясы (жетекшісі М.Елеуов) Шу бойына 1989 жылы барлау жүргізген кезде алғаш ашылған болатын. Бір-біріне жақын, қатарласа орналасқан осы екі қала жұрттарының жоғары қабатында ХV ғасырға тән материалдар кездескен еді.
Шу өзені мен Қозыбасы қырқасының аралығында орналасқан екі қалашықтың Керей мен Жәнібек хандардың көшіне қаншалықты қатысы барлығын анық­­тау экспедиция мүшелерінің қызы­ғушылығын арттырды. Осыған орай, қолда бар қаржының мүмкіндігін ескере отырып екі қалашықтың еңселісі Шәріге қазба салынды. Қазба барысында түсті металдан түйін түйген зергерлердің ұстаханасы мен тұрғын үйлері тұрған орын аршылды. Екі бөлме ішінде орналасқан бірнеше пештерден тұратын ұстахана ішінен мыс қаңылтырлардың түрлі кесіктері, сырға, сақина жасау үшін дайындалған үлгілер, әшекей бөліктерін жасайтын қола қалыптар мен мыс қаңылтырларды кесетін темір қайшы, темір қысқаштар табылды. Бұларға қосымша шеберлер қолданған қыш ыдыстар, құты, көзе, түсті металл балқытқан тигил де бүтін күйінде сақталыпты. Металл балқытқан пештің бірінің түбінен қазіргі кесе өлшеміндей қытай кесе шықты. Ол өте жоғары сападағы фарфордан жасалып, ішкі жағына бедерлі өрнек салынған. Түсі ақ. Тұрғын бөлмелерден күнделікті ас пісіріп, ас ішетін, астық сақтайтын ыдыстардың сынықтары, ұсақ және ірі малдардың сүйектері кездесті. Қалашықтың мерзімін анықтауға кө­мектесетін құнды дерек жоғары қабат­тан табылған алтын теңгенің ширек бөлігі. Бетінде арабша жазуы бар бұл теңгенің соғылған уақыты анықталуда.
Қазбадан табылған материалдарды қолда бар деректермен тоғыстыра түйіндесек, Керей мен Жәнібек хандар­дың алғаш атбасын тіреп, салған қаласы осылар шығар деген ой туады. Шәрі мен Қойшыман қалашықтарының арасы не­бәрі 2 шақырым. Бұл жағдай өмірінің соңына дейін жұптары жазылмаған екі ханның жаңа жерде де іргелес қоныс тепкендігін көрсететін белгі секілді. Дегенмен, Шәрі мен Қойшыман Қазақ хандығының алғашқы қаласы деп кесіп айтуға қолда бар деректер әлі де болса жеткіліксіз. Қазбадан табылған заттар да толық зерттелген жоқ. Мерейтойды атап өтетін уақытқа аз қалған кезде басталған бұл зерттеудің біз күткендей нәтижені тез бере алмайтыны рас. Сондықтан, мүмкіндігі болғанша, осы зерттеуді алдағы жылдарда жалғастырған дұрыс. Сонда ғана Қазақ хандығының қалыптасу тарихын толықтыратын тың мәліметтер алатынымыз сөзсіз деп ойлаймыз.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар